Қызылорда облысы Полиция департаментінің Арнайы даярлық басқармасының ұйымдастыруымен арнайы және кәсіби даярлық сабағы өткізілді. Аталған іс-шара Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Омаров Оралбек Тәубәқабылұлының төрағалығымен өтіп, оған департаменттің жеке құрамы қатысты.
Сабақтың негізгі мақсаты қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіби даярлық деңгейін жетілдіру және қызметтік тәртіпті нығайту.
Жиын аясында Қазақстан Республикасында жаңадан қабылданған конституциялық өзгерістердің мазмұны мен маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясындағы сайлау мәселелеріне қатысты нормалар мен азаматтардың сайлау құқықтары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Күн тәртібіне сәйкес қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – интернет-алаяқтықтың алдын алу тақырыбы қаралып, интернет кеңістігінде жасалатын құқық бұзушылықтардың түрлері, олардан сақтану жолдары және киберқауіпсіздік талаптары түсіндірілді.
Сондай-ақ департаменттің жеке құрамының назарына «Заң мен тәртіп» қағидаты жеткізіліп, олардың аталған қағидат талаптарын басшылыққа ала отырып, заңдылық пен тәртіпті қатаң сақтап қызмет атқаруы қажеттігі атап өтілді.
Сабақ соңында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Арман» санаториясының қызметі таныстырылды. ҚР ІІМ «Арман» санаториясының президенті Рахиев Уалихан Рысбекұлы санаторийдің емдеу-сауықтыру мүмкіндіктері, қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға арналған бағдарламалары мен көрсетілетін қызмет түрлері туралы ақпарат берді.
Мұндай сабақтар полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы орындауына ықпал етеді.






