Қармақшы: Инфрақұрылым – дамудың басты айғағы

5

0

Тағы да тынымсыз тілшілік сапар. Бұл жолғы бағыт – Қармақшы. Әсіресе, елге ең қажетті әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жайын көзбен көруді мақсат еттік. Таң біліне қаладан шыққан көлік Жалағаш асып, ауданға қарасты Ақжар ауылдық округіне кіре берген…

Ажары келіскен Ақжар көшелері

Құрылғалы тура 70 жыл бол­ған осы ауылдың бар тіршілігі – егін. Сыр салы­сын баптайды. Төрт тү­лік­ті тү­леткендер де бар. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» мем­лекет­тік бағдар­лама­сы­мен кәсібін дөң­ге­лент­кендер де аз емес. Олардың бірі – май сығу це­хын ашса, енді бірі көлік жуу орта­лығын іске қос­қан. Сондай-ақ асыл тұқымды төл басын көбейтуге кіріс­кен кәсіпкерлер де бар.

2 мыңға жуық халқы бар Ақжарда кейінгі жылдары абаттандыру және өзге де инфрақұрылым дамыған. Жол жөн­де­ліп, кейбір әлеуметтік ғимарат­тары қай­та жаңғыртудан өтті.

– Біздің Ақжарда жалпы ұзындығы 16,5 шақырымды құрайтын 20 көше бар. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нә­ти­­жесінде қазір жолдың 95 пайызы то­лықтай асфальтталған десек болады. Бұл – тұрғындар сұранысымен істеліп жат­­қан жұмыс. Биыл қосымша екі көше жөн­делуде. Оған 286 млн теңге­ден астам қаржы қаралған, – дейді ауыл­дық округ әкімі Нұржамал Тұр­сын­баева.

Әкімнің сөзінше, елге керекті әлеу­меттік ғимараттар да толық жа­ңартудан өткен. Мектепке 2022 жы­лы күрделі жөн­деу жасалса, 2024 жылы жаңа дәрі­герлік амбулатория салын­ған. Ал был­тыр балабақша демеушілер есебінен қай­та жөнделіпті. Ендігі мақ­сат – ауыл кө­шелеріне толық ас­фальт төсеп, сондай-ақ елді мекенге газ тарту жұмыстарын қолға алу.

– Ақжардағы Ораз ахун және Жал­ғасбай Тұяқбаев көшесін асфальт­тау жұ­мысын бастадық. Екі көшенің жалпы ұзын­дығы – 2,7 шақырым. Тап­сырыс бе­руші – ауылдық округ әкімдігі. Қазір жеті техника, 12 адам осы құрылыстың ба­сында. Қосымша екі ауыл тұрғынын жұмысқа алдық.  Алдағы шілде айының басында жол құрылысын аяқтаймыз, – дейді «Жа­ңақорған Жібек жолы» ЖШС ди­рек­торы Әділжан Дәумен.

Былтыр ғана облыстық «Үздік ел­ді мекен» байқауында жүлде алған Ақжар ауылында аяқсу мәселесі ше­шілген. Жүл­деге берілген «МТЗ-80» тракторы бү­гінде ауылдағы ағайынның бақшалық жұмыстарында пайдаға асып тұр. Қазір ақжарлықтар ауыл маңындағы 40 гектар жерге картоп, асқабақ, қауын мен қар­быз тұқымын тастаған. Мұнан бөлек, ауыл­дағы екі ірі шаруашылық, сондай-ақ қосымша серіктестіктер 2 мың гектарға жуық жерге күріш бастырып үлгеріпті.

Ғимараты келіскен ауылдар

Қармақшыда 11 ұлт мекендейтін ІІІ Интернационал деп аталатын ауыл бар. Бұл елдің де кәсібі жермен бай­ланысты. Ұлт пен ұлысқа бөлінбей, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғарған» жұрт. Кү­­ріш егеді, мал азығын дайындайды. Былтыр ғана осы ауылда денешынықтыру кешені пайдалануға берілген болатын. Қазір мұнда 100-ге жуық бала күреспен шұғылданады.

– Ауылда 2400-ге жуық тұрғын бар. Көбісі шаруашылықта жұмыс іс­тейді. Кешегі көктемде 5276 гектар жерге түрлі дақыл егілді. Халыққа, әсі­ресе өскелең ұрпаққа қажетті ны­сандар құрылысын жүргізу – басты назарымызда. Айталық, былтыр шілде айында 49 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынды. Сондай-ақ Үкімет қол­дауымен 409 млн теңге қар­жыға спорт кешені салынғанын біле­сіздер. Қазір онда күрестің екі түрінен дайындайтын үйірме жұмыс істеп тұр, – дейді ауыл әкімі Жеткерген Қалымбетов.

ІІІ Интернационал ауылында 11 көше болса, соның 9 көшесіне асфальт төселген. Биыл қосымша тағы бір кө­ше жөнделмек. Екінші жаңалық, «Бо­­лашақ» шаруа қожалығының демеуші­лігімен 6 млн теңгеге «көгілдір отын» тартуға жо­ба-сметалық құжаты дайын­далып жатқан көрінеді.

Айтпақшы, дәл осындай спорт ке­шені былтыр Дүр Оңғар ауылында да жұмысын бастады. Құны 381 млн тең­геден асатын ғимаратта ауыл ба­лалары түрлі спорт үйірмелеріне қаты­сып жүр. Түрлі деңгейдегі жарысқа қа­тысып, жүл­де алып жүргендер де жоқ емес.

Сондай-ақ осы елді мекенде екі жыл бұрын жаңа дәрігерлік амбулатория да салынған. Жаңа ғимаратта тіркеу бөл­месі, қабылдау бөлмесі, дәріхана, изо­ля­тор, физиотерапия кабинеті, егу бөл­­месі, зертхана, мұрағат, күндізгі ста­цио­нар және жалпы практика дәрі­герінің ка­би­неті қарастырылыпты. Мүм­кіндігі шек­теулі жандар үшін қо­лайлы жағдай жа­салған.

Дәрігер Динара Елеусінованың ай­туынша, емдеу мекемесі тәулігіне орта есеппен 35 азаматты қабылдайды. Мұн­да емдеу шараларымен қатар про­фи­лак­­ти­калық екпе егу жұмыстары да жү­йелі жүргізіледі. Тұрғындар мем­ле­кет та­ра­пы­нан тегін дәрі-дәрмекпен толық қам­тылған.

– Дәрігерлік амбулаторияда 7 ме­ди­­­циналық маман халыққа қызмет көр­сетеді. Емдеу қызметі ғана емес, про­фи­лактикалық шаралар да тұрақты жүр­­гізіледі. Жоспарлы екпе егу, скринг­тік тексерулер, созылмалы ауру­ларды ерте бастан анықтау жұмыстары да жол­ға қойылған. Жедел жәрдем көлігі де бар. Аяғы ауыр немесе дерті аса қатты нау­қастарды аудан не облыс орталығына апаруда бұл көліктің ма­ңызы көп. Сон­дай-ақ күндізгі ем­деу бөлімінде 5 адамға дейін жата ала­ды. Емханамызда қажетті анализ тап­сы­руға да мүмкіндік бар, ол үшін арнайы зертханалық бөлме жұмыс істеп тұр, – дейді ауыл дәрігері.

Ал ауыл әкімі Әбимүсілім Қо­қан­ов­тың сөзінше, өткен жылы ауыл­дағы электр бағаналары түгелдей жаңартыл­ған. Ең басты қуаныш – Дүр Оңғарға газ­дың келуі. Бұған 7,1 млрд теңге кө­ле­мінде қаржы бөлінген еді. Егінмен ай­налысатын 400 шаңырақ қазір көмір тасып, от жағу бейнетінен құтылған.

– Президент пен Үкіметтің арқасы ғой. Әйтпесе, көз ашқалы ошаққа от жа­ғып, күл шығарып келген біздің бей­нет ұмытылмас. Қазір ауылдаста­рым­ның қуа­нышында шек жоқ. Заманға ілесе, көш­тен қалмай қаладағы тұр­мыс­пен ауыл­дың тіршілігін бірдей қылып қойды. Суың мен жарығың, енді міне, газың үйіңе кіріп тұр. Қа­зіргі балаларда арман жоқ қой, –деп ағы­нан жарылды ауыл анасы Мафура Нұрма­ғамбетова.

Инфрақұрылым игілігін әр ауыл көруі тиіс

Жалпы бұған дейін Қармақшы ау­данына қарасты Төретам кенті мен Ақай ауылына газ барып, көпшілікті қуантқан еді. Тұрғын саны мол елді мекендерді газдандыру жұмыстарына 1,2 млрд теңге бөлінгенін білеміз. Одан бөлек, Сырдария өзенінің екінші бетіндегі ауылдарға газ тарту жобасы қолға алынды. Өткен жы­лы Дүр Оңғар ауылын газдандыруға 7,1 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылысы толық аяқ­талды.

Ал осы жылы Иіркөл мен Төребай би ауылына газ желілерін тартуға жоба-сметалық құжат әзірленіп, құры­лысы басталып кетті. Екіншіден, Дүр Оңғар ауылына газ тартылған соң әрі қарай Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Ақжар және басқа да ауылдарға газ құбырын жүргізу көзделіп отыр. Тек бұл жұмыстар өз кезегімен, жоспарлы түрде атқарылады.

– Иіркөлде 151 үй мен 6 әлеуметтік нысан бар. Жоба аясында құрылыс-мон­­таж жұмыстары уақытылы жүру­де. Қазір 30 үйге газ нүктесі жетті. Құ­быр­лардың 80 пайызын өз бағы­ты­мен ор­наластырдық. 6 шақырымға жуық құбыр тартылды. Біздің тарапы­мыздан қажетті техникалар мен жұ­мысшылар толық жұ­мылдырылған. Бір ай көлемінде газ тарту жұмысын аяқ­таймыз, – дейді «Арал Құры­лыс» мердігер мекемесінің жауапты өкілі Батырхан Ақмамбетов.

Ал Төребай би ауылындағы жоба аясында 21 шақырымнан астам газ құ­быры тартылуда. Қазір 17,5 шақырым құ­быр төселіп, жоспарланған 93 үйдің 60-ына газ нүктелері орнатылған. Құ­ры­лысты алдағы 10 күнде аяқтау жос­парланыпты.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жә­не автомобиль жолдары бөлімінің мә­лі­метінше, бүгінде Қармақшы аудан­да «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету көрсеткіші 79,2 пайызды құрап отыр. Жоғарыда айтқандай, Иіркөл мен Төребай би ауылдары табиғи газ­ға қо­сылса, бұл көрсеткіш 81,3 па­йызға дейін ұлғаяды. Бұған қоса, ІІІ Интер­нацио­нал ауылындағы газдан­дандыру жұ­мыс­тарының құрылысы үшін тиісті құ­жаттары рәсімделіп, де­меуші жеке кә­сіпкер Г.Рагибова ар­қылы жоба-сме­талық құжаты әзір­лен­ген. Қазір атал­ған жоба мемле­кеттік са­раптаманың қара­уына жолдан­ған.

Екіншіден, 2024-2025 жылдары Т.Кө­мекбаев, Ақтөбе, Иіркөл және Дүр Оң­ғар ауылдарының электр желілерін қай­та жаңғыртуға 1 млрд 385,9 млн теңге қаралып, құрылыс жүрді. Қазір бұл ел­ді мекендер тұрақты, сапалы электр энер­гиясын тұтынып отыр. Жөн­деу, қай­та жаңғыртудың нәтижесі жаман емес. Бү­гінде аудандағы электр желіле­рінің тозу деңгейі 80-нен 66 пайызға төмен­деген.

Мұндай жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Аудандық бюджеттен Қуаң­дария, Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдаш­бай ахун, Қармақшы ауылының электр желілерін қайта жаңғыртуға жоба-сме­талық құжаттары әзірленген. Енді жұмыс жоспарға сай атқарылмақ.

Теміржол көпірінің тетігі

Газдандырудан бөлек, жалпы ин­фра­­құрылымды дамыту, жол сапа­сын жақ­сарту, ауызсу, электр желілері мен түнгі жарықтандыру, қажетті әлеу­мет­тік нысандар – тұрғындар жиі көте­ре­тін мәселе екені белгілі. Біз қоры­тын­­­дысында аудан әкімі Жандос Ер­кін­бек­ұлымен тілдестік. Әкім атал­ған мәселелерден бө­лек, аудан эко­номи­касының негізі – ауыл ша­руа­шы­лығын дамыту, кә­сіп­керлікті қолдау, жаңа жұмыс орын­дарын ашу басты назарда тұрға­нын баса айтты.

– Қазір халық өміріне тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық берілуде. Жалпы инфрақұрылымды дамыту, жол сапасын жақсарту, ауызсу, «кө­гіл­дір отын», электр желілері мен түнгі жа­рық­тан­дыру, қажетті әлеу­меттік ны­сан­­­дар – тұрғындардың жиі көтере­тін сұрақ­тары. Осы бағыт­тарда өз ке­зе­ңімен жүйелі жұмыс жүргізі­луде. Соны­мен қатар, ау­дан экономика­сының не­гізі са­налатын ауыл шаруа­шылығын да­мыту, кә­сіпкер­лікті қол­дау, жаңа жұ­мыс орында­рын ашу да на­­зардан тыс қал­­ған жоқ. Бұл ба­ғытта Пре­зидент пен Үкі­мет­тің және об­лыс әкімі тарапынан қол­даулар біз үшін ма­ңызды, – деді аудан басшысы.

Әкімнің айтуынша, мұндай үлкен қолдау арқасында аудандық маңызы бар жолдар 100 пайыз жақсы және қа­на­­ғаттанарлық жағдайға жеткен. Екін­шіден, аудан тұрғындары 100 пайыз ауыз­сумен қамтылған. Жоғарыда ай­тып өткен­дей, электр жүйелері де жыл сайын жаңаруда.

– Ауданға қарасты екі кент, 12 ауыл бар. Қазір осы елді мекендерге ба­ра­тын жолдарға ағымдық немесе күр­делі жөндеу уақытылы жүргізіліп келеді. Бар­лық ауылдық округтерге қаты­най­тын автомобиль жолының мә­селесі то­лық шешілді. Жоспарға сәй­кес, біз әр ауылға газ құбырын жеткізу жұ­мыс­­тарын да жолға қойдық. Ендігі мәселе – Жосалы кентіндегі аспалы темір­­жол көпіріне байланысты. Қуа­ныш­­ты­сы, ұзақ жыл бойы көлік қоз­ғалы­сына ке­дергі болған мәселенің тетігі ше­шіл­ді. Бұған дейін қаржысы 5,5 млрд теңге бола­тын көпірдің жоба-сме­талық құжаты дайын­далып, тиісті басқармаға ұсыныс әзірленген болатын. Қазір салалық ми­нистрліктен көпір құрылысы оң қоры­тын­дысын алды. Енді алдағы шілде айын­да кө­пір құрылысын бастауды жос­пар­лап отырмыз. Әрине, мұндай ау­қым­ды жо­баның сапалы бітуін ел ақса­қал­дары, белсенді азаматтармен бірге қадаға­лайтын боламыз, – деп түйіндеді сөзін Жандос Еркінбекұлы.

52 мыңнан астам халқы бар Қорқыт елі – Қармақшыда жүріп жатқан жұ­мыстың бір парасы осындай. Бас­ты кәсібі – егін мен төрт түлікке бай­ланған ауданның да­муы қуантады. Халық сұранысын өтеп, қажеттілікті бар мүмкіндікпен шешкен жергілікті биліктің мұндай ауқымды жо­балары әлі де толастамайды деп сенеміз.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Фото Н.НҰРЖАУБАЙ.

Қызылорда-Қармақшы-Қызылорда