ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

374

0

Кеше Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясында өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің өкілдері Бірғаным Әйтімова, Серік Бектұрғанов, Мұрат Бақтиярұлы, Сергей Ершов, Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева, Нариман Төреғалиев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде  салынған білім беру мекемелерінің жұмысымен танысты.

Сенаторлар №2 «Нұр-Шұғыла» жеке мектепке дейінгі мекемесіндегі кездесу барысында білім беру процесіне қатысып, ғимаратты аралап көрді. 320 балаға арналған екіқабатты нысан ойын және спорт алаңдарымен қамтылған. Балабақша құрылтайшысы – «Нұрай» құ­рылыс компаниясының директоры, бел­гілі меценат Сейітқали Алшынбаев. Ғимарат құрылысы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік инновациялық бағдарламасы аясында «Альянс Банк» АҚ банкінен несие рәсімдеу және кәсіпкердің жеке инвестициясы арқылы жүргізіліп, жалпы құны 465 млн теңгені құраған.

– Бүгінде балабақшада 80-нен аса қызметкер жұмыс атқарса, оның тең жартысы педагогтар. Үш тілде білім беретін мекеме интерактивтік құрал-жабдықтармен жабдықталған, – дей­ді балабақша басшысы  Бибіайша Төлегенова.

Айта кету керек, білім саласына қыруар қаржы құйған меценат мұнан өзге қаладағы 360 орындық №1 «Шұғыла», 180 орындық №3 «Алтын Орда Шұғыла», Досан ауылындағы 100 балаға арналған мектептің құрылтайшысы.

Сапар барысында депутаттар Бірғаным Сарықызы мен Мұрат Бақтиярұлы «Сыр Балажаны» балабақшасының жұмыс барысымен танысты. 2014 жылы ел игілігіне берілген 100 балаға арналған екі қабатты ғимараттың ауласында ойын, спорт алаңдары бар. Құрылтайшысы – Бақыт  Әбубәкірова. «Байқоңыр» ӘКК ҰҚ АҚ бағдарламасы шеңберінде бірігіп ашылған нысанда қазіргі кезде 27 адам еңбек етеді. Үш тілде білім беретін ұйымда сабақтар негізінен орыс тілінде жүргізіліп, оқу процесіне ноутбуктер қолданалады. Аталған ноутбуктерді ата-аналар өз қаржысы есебінен алған, балабақша меңгерушісі Наталья Мишукованың айтуынша, 2019 жылдан бастап әр балаға жеке планшет алу жоспарланыпты.

Мұнан бөлек депутаттар Серік Бектұрғанов, Сергей Ершов, Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева, Нариман Төреғалиев «Жеті қазына», «Сыр еркесі», «Бегім ана» балабақшаларына арнайы барды.

Комитет мүшесі Мұрат Бақтиярұлы сапардың негізгі мақсаты өңір тәжірибесімен танысу, осы салада қабылданған заңдардың деңгейін, қандай өзгерістер қажеттігін анықтау екенін жеткізді. Ескере кетер жайт, облыстағы кәсіпкерлер республикада алғашқы болып білім беру саласындағы нысандарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салуды қолға алған. Бүгінде, аймақта аталған механизм шеңберінде бой көтерген ғимараттар саны артып келеді.

 

***

Сыр өңіріне сапары барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылған 400 орындық емхана жұмысымен танысты. Байқағанымыздай, клиника соңғы шыққан, мүмкіндігі кең медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Шамамен 46 мың тұрғынға қызмет ұсынып отыр.

Ғимаратта балалар мен ересектерге арналған бөлімдер, функционалды диагностикалық бөлім, зертхана, 10 төсектік күндізгі стационар және қосалқы бөлмелер бар. Нысан «Alexey Sultan Akhmed» ЖШС жеке инвестор және кепілдендірілген тегін медициналық көмекке тапсырыс аясында бюджет қаржысы есебінен салынған.

– Медициналық көмектің сапасына тікелей қатысты мәселелер медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайына байланысты. Облыс қазынасынан бұл салаға бөлінетін қаржы айтарлықтай өсті. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке де ерек­ше көңіл бөлінуде. Облыста Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қо­сым­шаларды қолдану, электрондық денсау­лық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауру­ханаға» көшу арқылы медициналық кө­­мектің қолжетімділігі мен тиімділігін арт­тыру бойынша бірқатар бастама қолға алын­­ды, – деді облыстық денсаулық сақ­тау бас­қармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.

Басқарма басшысы 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Бағдар­ламаның негізгі индикаторлық көрсеткіші – өмір сүру ұзақтығы. Соңғы 3 жылда өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы 71,06-ға дейін тұрақты жоғарылаған көрінеді.

Келесі кезекте халық қалаулылары Қазақ гуманитарлық-заң және техникалық колледжінде болды. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алған білім ордасының бүгінге дейін жеткен жетістігі көп. Мұнда өткізілетін түрлі шаралар студенттердің ойын ұштап, талабына жол ашады. Атаулы мерекелерді былай қойғанда, колледжде драма, өлкетану, қолөнершілер үйірмелері тұрақты жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, білім ордасында тігін өндірісі және киімдерді модельдеу ісіне де қанығуға мүмкіндік бар екен. Колледж ұжымының білім беруге қойылатын жаңа талаптар тұрғысынан көрінуге күш салып отырғаны байқалып тұр. Сондықтан оны әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге батыл бетбұрыс жасаған оқу орны деп айтуға толық негіз бар.

Депутаттар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушыларымен, студент-жастарымен де жүздесті. Сонымен қатар қала орталығындағы «Тарлан»  фитнес орталығының жұмысымен танысты. Нысандарды аралау барысында сенатор Бірғаным Әйтімова «Біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған бірқатар балабақшалардың, нысандардың жұмысымен таныстық. Әріптестермен бірге Қызылорда облысындағы бұл тәжірибені үздік үлгі ретінде республика бойынша енгізу керек деп ойлаймыз» деген пікір білдірді.

Расында, әлеуметке пайдалы әріп­тес­тік мемлекет пен бизнестің өзара ынты­мақтастығын арттырып, қажетті инфра­құрылымдарды жаңғыртуға мүмкіндік беруде. Осының негізінде шаһарда  жарқын жобаларға дем берілген. Олардың дені балабақша, емхана, спорт кешендері сынды әлеуметтік нысандар құрылысы болып отыр.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<