«Қарыз жүктемесіне бақылау жасау маңызды»

729

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жұмыс сапары қаржы секторы өкілдерімен кездесуден басталды. Мемлекет басшысының Алматыдағы резиденциясында өткен жиынға Президент Әкімшілігінің басшылық құрамы, мемлекеттік органдардың, ірі қаржы құрылымдары мен банктердің басшылары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай құрамдағы кездесудің алғаш рет өткізіліп отырғанына назар аударды. Жиынды өткізуге еліміздің қаржы секторында шешілуге тиіс қордаланып қалған мәселелер түрткі болған.

Президент ең алдымен, қаржы секторының тұрақтылығына тоқталды. Сондай-ақ бүгінде қаржы секторының дәрменсіз банктерден арылғанын, ал сауықтыру аясында 6,6 триллион теңгеге жуық нашар несиелер есептен шығарылғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өтеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың деңгейі банктердегі несие портфелінің 4,3 пайызын құрайды. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Осыдан қорытынды шығарып, жинаған тәжірибе негізінде жиі қайталанатын тәуекел-қатерлердің  алдын алу шараларын күшейту қажет екеніне тоқталды.

Президенттің айтуынша, банктер мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде экономиканы несиелеу бойынша зор әлеуетке ие болып отыр. Банк жүйесіндегі өтімділігі жоғары активтердің көлемі – 12,2 триллион теңге.

– Биыл тұрғындар сұранысының белсенді түрде қалыпқа келе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушылық несие 32,8 пайызға артқан. Несие алушылар 6,1 миллион адамға жетті. Бәлкім, бұл – қалыпты үдеріс. Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды. Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан. Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтарымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы борышкерлерге қатысты қаржы нарығындағы өкілдердің шектен шығу әрекеттеріне тоқталды.

– Несие мекемелерінің басшыларына ішкі рәсімдерді күшейту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жекелеген қызметкерлер мен сырттан тартылатын коллекторлардың қызметтерін асыра пайдалануға жол бермеу тетіктерін қарастыруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шағын және орта бизнесті несиелеу, оның ішінде ауылдардағы кәсіпкерлік бастамаларды дамыту еліміздің қаржы секторының басты басымдығы болуы керек деп есептейді. Тұрақты және арзан қор жасау көздерінің жоқтығы – микроқаржыландыру нарығындағы негізгі мәселенің бірі.

Тағы бір өзекті міндет – ұлттық қор нарығын дамыту. Отандық қор нарығы тұрғындардың қаражатын жинайтын сенімді баламалы құралға айналуы қажет. Мемлекет басшысы қаржы секторын цифрландыруды дамыту маңызды екеніне назар аударды. Цифрлық валюталарды айналымға енгізуге, сондай-ақ криптовалюта нарығын дамытуға, қаржы секторын климат жөніндегі күн тәртібінің талаптарына бейімдеуге қатысты мәселеге, Атом энергетикасын дамытудың өзектілігіне арнайы тоқталды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында жаңадан ашылған Әлеуметтік қызмет көрсету үйіне барды.

Президент қызмет көрсету залын аралап көріп, орталықтың күнделікті атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Мемлекет басшысына мекеменің республика бойынша әзірге жалғыз әлеуметтік орын екені және осы тәжірибені ел көлемінде қолданысқа енгізу қарастырылып жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл мекеме халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына, тұрмыстық мәселелерімен жүгінген азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша түрлі салада қызмет көрсетеді. Аталған орталыққа тіршілік тауқыметін тартқан, отбасылық келіспеушілік пен қиындықтар көрген азаматтар жүгінетіні ескеріліп, онда адвокат, психолог бөлмелері ашылған. Сондай-ақ мұнда балаларымен келген қонақтарға ыңғайлы болу үшін ойын алаңы да қарастырылған.

Президент Алматы қаласына жұмыс сапары аясында 1970 жылы өзі бітірген Ілияс Есенберлин атындағы №25 мектеп-гимназиясына барды.

Мемлекет басшысы заманауи интерактивті оқу құралдарымен жабдықталған кабинеттерді, акт залы мен мектеп кітапханасын аралап көрді. Кезінде өзі оқыған сыныпқа кірді. Қазіргі уақытта бұл кабинетте француз тілі оқытылады.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы мектеп тарихына арналған музейдің экспозициясымен танысты. Онда оқу ордасының өткені туралы түрлі архив құжаттары, белгілі түлектердің өмірбаяндары мен фотосуреттері жинақталған. Содан кейін Президент мектеп кітапханасындағы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 1970 жылы 10 «В» сыныбының атынан өзі жазған хат көрсетілді. Бұл хат уақыт капсуласына салынып, мектеп қабырғасына қаланған екен. «Біздің атқарған ісіміз аз емес, дегенмен әлі де жұмыс көп. Біз 10-сыныпты жақсы бітіруге уәде береміз. Институтқа түсу емтихандарын жақсы тапсыруға уәде береміз. Ал оны бітірген соң жұмыс істейміз. 2017 жылы 64-65 жасқа толған кезімізде сіздердің көздеріңізге тік қарауға ұялмайтындай болып келуге уәде береміз», – деп жазылған хатта.

Дәстүрді жалғастырған 11-сынып оқушылары Мемлекет басшысымен бірге 2050 жылға арналған хатты уақыт капсуласына салып, мектеп қабырғасына қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Айтқали Жақұтов атындағы екінші жылу электр станциясында болды. Станция аумағында жаңадан салынатын қуаты 600 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысына дайындық жұмыстарымен танысты.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Президентке қалалық энергетика кешенін жаңғырту нәтижесінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтар 2026 жылға қарай жылына 50,4 мың тоннадан 6,7 мың тоннаға дейін азаятыны туралы мәлімет берді.

Содан кейін энергия кешеніне ауқымды жаңғырту жұмыстарының басталғанын білдіретін естелік капсуласын қоюдың салтанатты рәсімі өтті. Президент шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде жаңа қондырғының құрылысы бүкіл қалалық энергетика кешенін жаңғырту жұмыстарының басталғанын білдіретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы мен қала басшылығына, сондай-ақ ЖЭО қызметкерлеріне барлық жұмысты мерзімінде және сапалы орындауға шақырды. Сонымен қатар аталған өңір еліміздің негізгі экономикалық орталықтарының бірі болғандықтан, бұл жұмыстардың аса маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы жобаның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жүзеге асырыла бастауының символдық мәні бар екенін айтты.

– Бұл бастама Алматының жасыл әрі таза қала деген бұрынғы мәртебесін қайтарып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратынына сенімдімін, – деді Президент. Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ЖЭО-2 жұмысшыларымен әңгімелесіп, оларды бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы жаңадан ашылған Қарағайлы саябағын аралап көрді. Президентке Алматы қаласын көркейтуге бағытталған алдағы жұмыс жоспары мен көгалдандыру ісінің ауқымы туралы есеп берілді. Мемлекет басшысына «Жасыл Алматы» бағдарламасы аясында қала бойынша 3 жылда 1 миллион түп көшет отырғызу жоспарланғаны жөнінде баяндалды. Биыл 350 мың көшет егу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта саябақтың аумағын  63 гектарға дейін кеңейту көзделіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Іле Алатауы табиғи паркі мен Алматы қорығы аумағында саяхатшылар мен альпинистердің қауіпсіздігі мен жайлы демалысы үшін салынған шағын үйлер көрсетілді. Олар жылыту пештерімен және төтенше жағдайда қажетті құтқару құралдарымен жабдықталған.  Мемлекет басшысы қала тұрғындары мен қонақтардың жайлы демалуына, қауіпсіздігіне және қоршаған ортаның тазалығына баса мән берілген жұмыстардың жалғаса беретініне сенім білдірді.

– Мен Қазақстан бойынша 2 миллиард түп көшет отырғызу бастамасын ұсындым. Өйткені біз, шын мәнінде, көгалдандыруға зәруміз. Алматы бұрын жасыл қала еді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде бұл мәртебесін жоғалтып алды. Айырылып қалған мәртебемізді қайтаруымыз керек. Ағаш егу – биік мәдениеттіліктің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<