Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп салынады

1730

0

Облыс әкімінің Арал ауданындағы жұмыс сапарының екінші күнінде апатты жағдайдағы «Толқын» балабақшасының жағдайымен танысты. Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкіміне мәселені шешу жолдарын ұсынуды тапсырды.


Мұнан кейін жазушы Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде болды. Оқушылар үйінің құрылысымен, 2018 жылы пайдалануға берілген ауданаралық орталық ауруханасы жұмысымен танысты.
Сапар барысында облыс әкімінің төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Онда Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар көрсеткіштің төмендегенін айтты.


«Ауданда өнеркәсіп өндірісі – 5,5, өңдеуші өнеркәсіп – 7,5, кәсіпкерлік саласы бойынша көрсеткіш 2 процентке төмендеген. Тек ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісі – 2, тұрғын үйлерді пайдалануға беру деңгейі 48,9 процентке өскен. Бірақ бұл көңілге қонбайды, себебі экономиканың негізгі көрсеткіштері төмен», – деді аймақ басшысы.


Арал ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаржы есебінен 16 жоба іске асуда. Оның ішінде Арал қаласының жолдарын орташа жөндеуден өткізу, аудандық маңызы бар автомобиль жолын, Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп салу, орталық көшелерді абаттандыру, ауылішілік көшелерге газ құбыры жүйелерін жеткізу секілді жобалар бар. Өңір басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыны тиімді жұмсауды тапсырды.


Мұнан соң Жақсықылыш кентіндегі «Аралтұз» зауытының жұмысымен, зауыттың кальцийлендірілген сода шығару инвестициялық жобасының жүзеге асырылу барысымен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойындағы «С» және «Д» санатты жол бойы сервис кешені, Қамбаш ауылындағы олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының жұмысымен танысты.


Аманөткел ауылы тұрғындарының өзекті мәселелерінің бірі – Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірдің қызметі. Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі М.Оразбаев пен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Тілеуімбетовке өткелдің жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Аймақ басшысының жұмыс сапары Жаңақұрылыс ауылындағы №74 орта мектептен аяқталды.


Одан кейін Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласына баруы жоспарланған.

Сб-ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<