Апта басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар министрлермен кездесті. Басқосу барысында аймақтың перспективалық жобаларын қарауға ұсынып, даму жолдарын саралады. Атап айтқанда, өңірдің инфрақұрылымын дамыту, Арал аймағының экологиялық жағдайын жақсарту және білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ҚР Премьер-Министрі, Премьер-Министрдің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, ҚР Мемлекеттік кеңесшісімен кездесіп, Үкіметте Қызылорда өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, алдағы уақытта Қызылорда облысының дамуы мен негізгі міндеттері арнайы Үкімет отырысында қаралмақ. Аймақ басшысы өңірдің өзекті мәселелері мен іске асырылатын жобаларды баяндап, алға қойылған міндеттерді пысықтады. Басқосуларда Нұрлыбек Нәлібаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысын баяндап, облыс үшін маңызды жобаларды ұсынып, қолдау көрсетуді сұрады.
Әрі қарай облыс әкімі Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында актив отырыстарын өткізіп, бірқатар кадрлық өзгерістермен таныстырды. Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасы мен өңірлік Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшылары және Қармақшы ауданының әкімі тағайындалды.
©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<