Теория мен тәжірибе ұштастығы

1186

0

Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің тарихы 1940 жылы 2 қазанда жарияланған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «КСРО Мемлекеттік еңбек резервтері туралы» Жарлығынан бастау алады. Сонан бергі 80 жылда бұл жүйе сан алуан қайта құрулар мен өзгерістерден өтті. Осы кезеңде кәсіптік білім беру ұйымдары экономиканың барлық дерлік салаларына сан мыңдаған білікті техникалық және қызмет көрсету мамандарын даярлады. Бүгінгі күні техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының алдында жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға қажетті сапалы, білікті мамандар даярлау, мазмұны жаңартылған білім беру қызметін қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық  құжаттар базасын жетілдіру қажеттілігі туындауда.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру мәселелері бойынша техникалық және кәсіптік білім беру деңгейінің заңнамалық қам­тылуын айта келе, Facebook парақ­шасында Білім заңына енгізілген өз­герістер туралы хабарлама жасады. Министрдің «Енді студенттердің дуаль­ді оқыту жүйесі арқылы білім ал­ған мерзімі еңбек өтілі ретінде есеп­те­леді. Бұл колледж түлектерінің жұ­мысқа ай­тарлықтай тәжірибемен орна­ла­су мүм­кіндігін арттырады» деген тү­сін­дір­месінің негізінде теория мен тә­жірибені ұштастыруға мүмкіндік беретін білім берудің дуальді оқыту жүйесін дамыту міндеті жатыр.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында 2-3 жылда дуальді оқытуға негізделген техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру бүгінгі уақыт талабы екендігі айтылған бо­латын. АҚШ, Германия, Австрия, Швей­цария, Оңтүстік Корея және тағы басқа дамыған мемлекеттерде кеңінен қол­даныста жүрген бұл бағдарлама бо­йынша техникалық мамандықта білім алатын студенттердің дәрістерінің ба­сым бөлігі мамандықтарына сәйкес кә­сіп­орындар қабырғасында өтетіні белгілі.

Елімізде білім беру жүйесінің өзек­ті мәселелерінің бірі – заман тала­бы­на сай білімді, білікті және ақпа­рат­тық технологияны еркін түрде мең­герген мамандарды дайындау. Қа­зір­гі кезеңде кәсіптік білім беру сала­сын­дағы әлеуметтік серіктестік білім беру мекемелерінің жұмыс беру­шілер, жер­гілікті атқарушы билік, еңбек­пен қамту қызметтері, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ, жастарды кәсіби қалып­тастыру, аймақтық еңбек нарығын игеру үдерісіне қатысушы барлық тараптардың мүдделерін ескеріп, жүзе­ге асыруға бағытталған. Әлеуметтік серіктестік қарым-қатынасқа мемлекет, өндіріс, кәсіптік және техникалық оқу орны қатысады.

Дуальді оқыту жүйесін оқу про­цесінде қолдану тәжірибесі бірқатар артықшылықтарын көрсетуде. Ол дәс­түрлі оқу түрлерінде кездесетін негізгі кемшілікті, теория мен тәжірибенің ара­сындағы алшақтықты жояды. Бұл жүйенің механизмінде маманның жеке тұлғасына әсер ету, болашақ маманның психологиясын өзгерту орын алған. Оқушыларда білім алу мен дағдыға ие болуға деген үлкен мотивация, қажеттілік туындайды. Себебі, олар білім сапасының кәсіпорындағы қызметтік міндеттерін орындауына тікелей бай­ланысты екенін сезінеді. Соған сәй­кес оқу орны жұмыс берушімен тығыз байланыста болып, болашақ маман­дарға қойылатын талаптарды ескеріп отырады. Жұмыс берушілер де өз ке­зегінде кәсіпорынды мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешеді.

Дуальді оқыту жүйесі бойынша оқы­ту білім алушылардың кәсіби білік­тер мен дағдыларды, іскерліктерді ті­ке­лей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік береді. Түрлі жүйелердің, білім, ғылым және өндірістің өзара байланысын нығай­тады. Бұл тәжірибені оқу үдерісіне енгізу кәсіптік білім беру жүйесіндегі ма­мандар даярлау сапасын арттырады.

Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, Гер­манияда ірі кәсіпорындардың 90%-і әрбір бесінші шағын өндіріс орны сту­денттерді оқуға қабылдайды. Онда оқудың негізгі шығындарын бизнес (шамамен 23 млрд еуро), мемлекет тек 3 млрд еуро шығынды өтейді. Жұмыс күші нарығының 54%-і дуальді оқыту бағдарламалары түлектері есебінен қа­лыптасады. Білім алушылардың 68%-і  оқу бітіргеннен кейін өз ком­паниясында жұмысқа қалады.

Италияда кәсіпкерлерге өздері оқытқан студенттердің кем дегенде 50%-ін қызметке алып қалуды міндет­тейтін заң қолданыста. Бразилия кә­сіп­орындарына арналған мұн­дай міндеттеме 5-15% аралығындағы сту­денттерді қамтиды. Ұлыбританияда 2020 жылға қарай кәсіпорындарда 3 млн оқушыға орын құру мақсаты қо­йылған. Мемлекет жұмыс берушілерге бір оқушы үшін 1500 фунт стерлинг мөл­шерінде гранттар бөледі, бұған қыз­­меткерлер саны 50-ге дейінгі кәсіп­орындар ғана қатысты.

АҚШ-та 16 жасқа толған жастарды техникалық мамандықтарға оқыту бо­йынша Apprenticeship-2000 бағдарла­масы 1995 жылдан бері Солтүстік Ка­ролинада жұмыс істейді. Тегін бағ­дарлама түлекке жылына 36 мың дол­лардан кем болмайтын жалақы алу­ға кепілдік береді. Дуальді оқыту Австрияда, Швейцарияда кең таралған. Нидерландыда ТжКБ-дегі дуальді оқы­ту кезінде алынған кредиттерді қайта есептеу ЖОО деңгейіне оңай өтуге мүмкіндік береді. Канадада оқушының білім алуына арналған салықтық несие жұмыс берушіге әр оқушыдан жылына 5000 канадалық долларды қайтаруға мүмкіндік береді. Францияда жұмыс берушілер әлеуметтік қамтамасыз ету шеңберінде 1600-ден 2200 еуроға дейінгі мөлшерде әр оқушының салық­тық несиесінен өтемақы алуға құқығы бар. Ресейде жұмыс берушінің оқушыға және оны оқытуға жауапты қызметкерге жұмсалатын қаражаттың жарты бөлігі өтеледі. Мемлекет жұмыс берушілердің қатысуын ынталандырып, кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасап, әрбір түлектің оқу орнын бітіріп шыққан соң жұмысқа орналаса алуына кепілдік берген жағдайда елде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік туады.

Бұрын колледждердегі оқу бағдар­ламаларының мазмұны, оларды игеру­дің нормативтік мерзімдері білім беру­дің жалпыға міндетті стандарттармен анықталып, кәсіптік білім ұйымы жа­саған жұмыс оқу жоспарлары мен бағ­дарламаларына сәйкес жүзеге асы­рылып келсе, биыл бекітілген заңнамаға сәйкес колледждерге академиялық дер­бестік беріледі.

Академиялық дербестік білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгер­туге, оқу мерзімін өзгертуге мүмкіндік береді, яғни, жалпы орта білімі барларға 2 жылдан кем емес, техникалық және кәсіптік білімі барларға 1 жылдан кем емес деген әр біліктілік бойынша қа­таң бекітілген білім алу мерзімінің оқу ұзақтығы нақты білім беру бағ­дарламасына және қажетті оқу нәти­жесіне байланысты болады. Жаңа өз­ге­рістерге сәйкес колледждер жұ­мыс берушілермен келісе отырып, кәсіп­тік стандарттар немесе нарық талаптары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеп, оны ҚР БҒМ бағдар­лама­ларының тізіміне қосып, соған бай­ла­нысты кадрлар дайындайды.

Техникалық және кәсіптік білім бе­ру ұйымдары оқу-өндірістік шебер­ханаларда, оқу полигондарында, оқу шаруашылықтарында, жұмыс беру­ші­лер жүргізетін өндірістік оқыту про­цес­терінде, сонымен қатар оқудан тыс уақыттарда өндірістік және ауыл­шаруашылық, халық тұтынатын тауар­лар өндіргенмен оларды өзіндік құнына сәйкес бағамен сата алмайтын. Сондай-ақ, қызмет көрсету мамандықтары бо­йынша ақылы қызмет жасау мүм­кіндіктері де шектеулі болды. Ендігі жерде колледждер ақылы негізде қызмет көрсетіп, дайындаған бұйым­дарын мамандықтардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге бағыт­талған қаржы көзіне айналдыра алады.

Жоғары оқу орындарына қарасты кол­ледждер коммерциялық емес ны­сандағы заңды тұлға мәртебесінің болмауы салда­рынан бюджет есебінен кадрларды даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс ала алмайтын. Сондықтан, мемлекеттік тапсырысты да жалпы та­лаптар негізінде белгілеу қажет. Жаңа түзетулерге сәйкес бұл мәселе оң шешімін тапқанмен мемлекеттік тап­сы­рысты ұйымның маман дайындау мүм­кіндіктеріне, ерекшеліктеріне қарай бөлген дұрыс.

Сонымен қатар, колледждер инсти­ту­цио­налдық аккредиттеуден өткен­де мемлекеттік тапсырысты алуға ұм­тыл­ған әрбір маман­дық бойынша да маман­дандырылған аккре­диттеуден өту­ге міндетті болатын. Бұл бір жағы­нан аккредиттеу стандарттарының та­лаптарына сәйкес қосымша жұмыс­тардың көбеюіне алып келсе, екінші жағынан білім беру ұйымдарынан  қыр­уар қаражат талап етеді. Бұл шығын мемлекеттік тапсырыспен оқитын білім алушыларға берілетін қара­жаттың ішін­де қарастырылмағандықтан, сал­мақ ұйымның қаржысына түседі. Осы жағдайдың себебінен көптеген кол­ледждер үшін мемлекеттік тапсырыс қолжетімсіз болып қала беретін. Мем­лекеттік тапсырысқа қатысты аккре­диттеу талаптарының алынып тасталуы техникалық және кәсіптік білім беру  жүйесіндегі оңтайлы өзгерістің басы ғана.

Еңбек нарығының сұранысына сай білімді де білікті және жұмыс орын­дарында талап етілетін құзыреттерді меңгерген болашақ мамандарды даяр­лауда білім берудің икемді, бейімделгіш жүйесі ғана заман талабына сай қызметін жалғастыратын болады. Сондықтан мұндай заңнамалық реттеулер мен оң өзгерістердің білім саласында жиі орын алғаны абзал.

Бахытхан ӘБДІКӘРІМОВ,

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<