Әл-Фараби NIS-ке келді

1020

0

Фото: НЗМ

«Замандастар жырлары» жобасы аясында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Сыр өңірінің ақыны, әнші-сазгер Әл-Фараби Бекарысұлымен кездесті.

Өнерлі ортада шығармашылығымен танылған жас ақын Әл-Фараби Бекарысұлы Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылында дүниеге келген. Бүгінде туған жерінде №244 Ы.Жақаев атындағы мектепте «музыка» пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Өнегелі басқосуда жас ақын оқушыларға өмірлік жолы мен жарық көрген еңбектері мен өнердегі жетістіктерін баяндады.

Бекзат өнер иесі дарынды өрендерге отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-аналарды құрметтеу, кітаптың адам өміріндегі алатын маңыздылығы бойынша өз пікірін білдірді.

«Қазіргі заманда телефонға үңілудің қажеті жоқ. Көп кітап оқу керек. Кітаптан алған тәлім-тәрбие сені өнегелі тұлғаға айналуыңа септігін тигізеді. Кітап көп оқыған адамның айтары көп. Өзімнің балаларымның кітап оқығанын қадағалап отырамын», – дейді ақын.

Әл-Фараби Бекарысұлының әндерін бүгінде қазақ эстрадасында жүрген Заттыбек Көпбосынов, Серік Ибрагимов, Рүстем Баекеев, Әбдіжаппар Әлқожа, Роза Әлқожа, Үкітай Ерниязов секілді біраз әншілер орындап жүр. Әсіресе, ел оны «Найзағай көңіл» әнімен жақсы таниды. Бұл туындыда ақын бала күнгі арманын жырлаған. Кездесуде оқушылар көкейінде жүрген сауалдарына жауап алды. Олардың ерекше қызығушылығын оятқан кейіпкердің есімі болды.

«Мен дүниеге келгенде, әулетіміздің үлкені хат жіберіп, «қыз болса ашпаңдар», «ұл болса ашыңдар» деп хабарлама қалдырған екен. Ішінде әлемге әйгілі ойшыл, 70-ке жуық тілді білетін ғұлама ғалым сияқты болсын деп Әл-Фараби деп қойыңдар, салмағы ауыр ат болса да, ол бала алып жүре алады депті», – деп еске алды ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<