Қайтарымсыз грант кімдерге беріледі?

1745

0

Биыл облыста кәсіпкерлік саласын қолдау бағытында мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант беру жүргізілуде. Осыған орай, Ұлттық жоба шеңберінде жеңілдікпен несие беру үшін – 5,2 млрд теңге, ал кәсіпкерлік бастамалар үшін мемлекеттік грантқа – 4,8 млрд теңге қаржы қарастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Сұлтангереев хабарлады.

– Жалпы мемлекеттік грант екі бағытта беріледі. Оның бірінші – облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы 400 айлық есептік көрсеткішке дейін берілетін болса, екіншісі – 5 млн теңгеге дейін шағын кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларына берілетін грант. Биыл жаңа кәсіп бастағысы келетін азаматтарға – 120 млн теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі азаматтардың жаңашыл бизнес-идеяларына 70 млн теңге бөлінетін болады. Ал жалпы бөлінген қаржының 20 пайызы халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтарға беріледі, – деді басқарма басшысының м.а Ринат Сұлтангереев.

Брифинг барысында аталған гранттың беру шарттары мен негізгі басымдық берілетін салалар тізбесі айтылды.

– Қайтарымсыз грант берудің тізбесіне сәйкес бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, материалдық емес активтерді, технологияларды сатып алуға байланысты шығыстарға пайдалынылады. Сондай-ақ, грант қаражатын пайдалануға болмайтын жағдайлары да бар. Мәселен, жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алуға, жалдау ақысын төлеуге, жеңіл автокөлікті сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға тыйым салынған, – деді Ринат Қалдыбекұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<