Құрылтай

Өңірде кәсіпкерлік саласы дамып, сауда көлемі артып келеді

3

0

Қызылорда облысында кәсіпкерлікті дамыту мен сауда инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жылдың алғашқы алты айында бұл салалардағы негізгі көрсеткіштер оң динамика көрсетіп, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі айқын байқалды.

Бұл туралы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаеваның қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.

Қазіргі таңда облыста 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда экономикалық белсенді халықтың 29,3 пайызы немесе 102 мыңнан астам тұрғын еңбек етеді. Кәсіпкерлік өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр.

«Жыл басынан бері жеке кәсіпкерліктің 750 жобасына мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы 14 жоба, ал өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған «Өрлеу» бағдарламасы аясында 70 жоба қаржыландырылды. Сонымен бірге, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 16 кәсіпкерге шағын несие берілді. Бұдан бөлек, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды қаржыландыру жалғасуда. Алдағы кезеңде кәсіпкерлікке бағытталған қаржылық қолдау банктер мен даму институттарының несие ресурстары есебінен ұлғайтылмақ», – деді басқарма басшысы.

Сауда саласында да тұрақты өсім қалыптасты. Биылғы алты айда жалпы сауда көлемінің нақты көлем индексі 102,6 пайызға жетті. Бұл халықтың сатып алу белсенділігінің сақталғанын және ішкі нарықтың тұрақты дамып отырғанын көрсетеді.

«Саланы одан әрі дамыту үшін биыл 25 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды.

Қазіргі уақытта «Сыбаға», «Талғат» және «Асбол» әмбебап базарларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар сауда орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартып, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Жүзеге асырылатын жаңа жобалар өңірдегі сауда инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, ішкі сауда айналымының артуына, кәсіпкерлік белсенділіктің күшеюіне және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді», – деді Мөлдір Сұлтанбекқызы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі