Күрделі жобаның тиімді тәсілі

545

0

Әлем дамыған сайын технология өзгеріп жатыр. Қазіргі заманды смартфон, планшет, компьютерсіз елестету мүмкін емес. Цифрлық технология қарыштап дамығаны сондай кітап атаулыны қолға алмайтын болдық. Себебі, ғаламторда тегін де, ақылы да электронды қосымшалар толып тұр. Қалағанымызды жүктеп, ұялы телефон арқылы қолдануға мүмкіндік туды.

Елімізде қазақ тіліндегі латын әліпбиін сауатты қолдану үшін арнайы онлайн конвертер жасалды. Жобаны «Тіл-қазына» ғылыми-тәжірибелік орталығы іске асырып, оны түсінікті әрі жеңіл түрде дайындаған. Онда латын әліпбиі «QazLat.kz» порталы арқылы жеке сервис түрінде және аударма браузер ретінде қолжетімді. Қандай да бір әдеби туынды және оқулық үзіндісін конвертерге салған кезде әп-сәтте латын әліпбиіндегі нұсқасы экранға шығады. Қазақ тілінің онлайн конвертері латын әліпбиіне өтудің дайындығы іспеттес. Орталық мамандары бұл жобаны 2017 жылы қолға алған. Енді латын графикасына өткен кезде қазақ тіліндегі бай әдеби мұраның құны жоғалады деп уайымдауға негіз жоқ.

Жоба жетекшілері ана тіліміздегі күрделі шығарма М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын конвертер көмегімен бірер минутта қазақшадан латын әліпбиіне оңай аударуға болатынын айтады.

Жалпы, ғалымдар қазақ тіліндегі латын графикасының бірнеше нұсқасын әзірлеген. Оның ішінде әліпбидің емлесі мен пернетақтада әріптердің орналасуы жіті зерттелген. Кейінгі уақытта ұсынылған нұсқасында барлық дыбыс қамтылған 31 базалық символ енгізілді.

Мұнда басты назар аударатын мәселе – тілді оқытудың заманауи әдіс-тәсілі. Егер осы тұжырымдама бекітілсе, қазақ тіліндегі оқыту әдістемесі заман талабына сай жасалады. Жаһандану кезеңінде тілді меңгерудің түрлі тәсілі ойлап табылды. Мәселен, ешбір репетитордың көмегінсіз ұялы телефондағы қосымшалар арқылы шет тілін меңгеріп жүрген жастардың қатары көбейіп келеді. Орталық мамандары әлемнің озық технологияларын зерделей отырып, ұтымдысын негізге алған.

Орталық ғалымдары мен IT-мамандары бірлесіп, қазақ тілін оқытудың  инновациялық бағдарламасын ұсынды. Олардың ішінде «Тіл әлемі», «Termincom», «Сөздік қор» сынды жобалар бар. Мысалы, біз қазақ тіліндегі ақпаратты іздегенде браузерлер арқылы нақты деректі таба алмаймыз. Әсіресе, көнерген сөздер туралы деректі ақпарат берілмейді. Сол үшін ғалымдар «Сөздік қор» жобасын әзірлеп, жарыққа шығарды. Бұл жоба қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігіне сүйеніп, оның ішіндегі барлық ақпарат электронды нұсқада даярланды. Жоба негізінде қазақ тілінде кездесетін фразеологизмдер мен жекелеген сөздердің ұғымдарын жетік меңгеруге болады.

Былтыр веб-порталға «Синонимайзер» атты жаңа функция қосылды. Ерекшелігі мәтінді редакциялауда мән-мағынасын еш өзгертпестен қажет сөздерді синонимдермен алмастыруға мүмкіндік бар. Бүгінде бұл функцияда 58 мың синонимдік қатар бар, яғни, бір ғана сөздің өзінен бірнеше мағыналас сөзді тауып алуға болады. Бұл функция аталған веб-порталда сынақ режимі ретінде қосылған. Осы сынды омоним, антоним сөздердің де функциясы әзірленуде.

Аталған жоба аясында жүзеге асқан тағы бір электронды портал – «Emle.kz». Мұнда А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты әзірлеген орфографиялық сөздік бар. Енді бұрынғыдай кітап беттерін парақтаудың қажеті жоқ. Керек сөзді веб-порталға жазып, кез келген сөздің емлесін тауып алуға болады.

Таяуда ғылыми-тәжірибелік орталық «Corpus» атты IT-жобаны жүзеге асырды. Онда мәтінді дыбыстау арқылы теру функциясына мән берілген. Әзірге мамандар оның орнын публицистикалық материалдармен толықтырып автоматтандыруда.

Мінекей, осылайша аталған жобалар қазақ тілін жетік меңгеріп, еркін оқып-жазуды үйренуге жол ашады. Жаңа технологиялар бүгінде тіршілігіміздің барлық саласына енген. Қызметте де, күнделікті өмірімізде де сенімді көмекшіміз секілді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<