Цифрлық технологиялар саласындағы серпін

465

0

Сурет ашық дереккөзден

2022 жылдан бастап 10 қараша Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілді. Содан бері сала мамандары айтулы датаны атап өтуде. Өңірде цифрландыру саласында жаңа жобалар жүзеге асып, сандық жүйенің көкжиегі кеңеюде. Жаһанды дүрліктірген жасанды интеллект пен ІТ саланың өзге де цифрлық құзыреттілігі бізге де бейтаныс емес. Заман ағымы барлық саланы цифрландыруды талап етуде. Сандық форматқа ауысу – уақытты үнемдеумен қатар, жаһандық дамуға ілесу.

Осы орайда облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла атқарылып жатқан ауқымды істер жайында кеңінен айтып, алдағы жобаларға да тоқталды.

Өңірдегі цифрландыру «ақылды» қалалардың эталондық стандарты аясында жүзеге асырылады. Қауіпсіздік бойынша қалада 18630 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 5860-ы Жедел басқару орталығына қосылған. Жол-қозғалыс оқиғаларының алдын алу үшін 20 «Аркан» жылдамдық өлшеуіш құралы орнатылды. Облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы және «Көркем Телеком» ЖШС меморандумға отырып, пилоттық режимде  100 бейнебақылау камерасы мен 10 стационарлық жылдамдық өлшегіш қондырғысы іске қосылды. Адамдар көп шоғырланатын орындарда «SOS» дабыл батырмасы қойылып, қалалық полиция басқармасы заманауи техникамен толықты. Нәтижесінде жыл басынан бері бейнекамераның көмегімен 121 қылмыс ашылды. Алдағы уақытта 1400 бейнебақылау камерасын, 19 интеллектуалды қиылыс, 50 жылдамдық өлшегіш құрал орнату және Жедел басқару орталығын қайта жаңғырту жоспарлануда.

Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасы іске асырылды. Қала бойынша 44 білім беру ұйымына бейнебақылау камералары, дабыл батырмалары Жедел басқару орталығына 100 пайыз қосылды.

Әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Облыстық медицина ұйымдары тұрғындарға электронды денсаулық паспортын толтырады. Бұл жұмыс 93,6 пайызға орындалып отыр.  Дәрігерге тіркелу, дәрігердің тағайындауы электронды түрде «Даму-мед» жүйесі арқылы жүзеге асырылады. 15 медициналық ұйымда телемедицина құралдарының кешені орнатылған. Зерттеу нәтижелерін жоғалтудың алдын алу, қайталама зерттеулер жүргізуді болдырмау және медициналық құжатты ұзақ, тұрақты сақтау үшін «DICOM бейнелерін жіберу және архивтеу үшін  PACS жүйесін енгізу» жобасы бар. Қазір денсаулық сақтауды цифрландыру саласындағы негізгі міндет – Денсаулық сақтау министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының ақпараттық жүйелерін біріктіру. Осы мәселені шешу үшін «e-Healtһ» электронды денсаулық сақтаудың жаңа цифрлық архитектурасына көшу жүзеге асырылуда. Азаматтар денсаулығының ұлттық электрондық паспортын қалыптастыру, микросервистік архитектураны пайдалануға көшуді және эталондық деректер базасын құруды қамтамасыз ету жоспарланған.

«Қызылорда қаласының қоғамдық көліктеріне электронды билет жүйесін орнату» жобасы «AlemPay» ЖШС-ның жеке инвестициясы арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асуда. 340 қоғамдық көліктің 320-сы электронды билет жүйесіне қосылған. Жолаушылар Kaspi.kz, Halyk bank, Activ және Kcell, Beeline ұялы байланыс операторларының қосымшалары, сондай-ақ көлік карталары мен SMS арқылы онлайн төлем жасайды. Қазіргі уақытта «AlemPay» жүйесіне 32 бағыт қосылған. «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС автобустарына көліктің жүру бағытын бақылауға арналған  «system.buspark» – gps/глонасс мониторинг жүйесі бар.

– Цифрландыру бойынша барлық салада серпін бар. Оны атқарылып жатқан жұмыстардан да аңғаруға болады. Мәселен, «AstanaHub» халықаралық технопаркі, облыс әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар орталығы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті үшжақты меморандумға қол қойды. Нәтижесінде  «KyzylordaHub» бизнес-инкубаторы «AstanaHub» халықаралық технопаркінің тәжірибесін облысқа тарату мақсатында өңірлік хаб есебінде ашылды.

Облыс әкімінің қолдауымен инновациялық IT жобаларды дамыту мақсатында жыл сайын PechaKuchaNightKyzylorda, SmartcityKyzylorda «Hackathon», InnofestQyzylorda инновациялық жобалар фестивалі өтеді. 10 ай қорытындысы бойынша «KyzylordaHub» бизнес-инкубаторының ұйымдастыруымен 97 іс-шара өткізілді. Жалпы қатысушылар саны 3899 адам. Сонымен қатар «KyzylordaHubIdeaBattle» және «EdTechHackathonKyzylorda» байқауы өткізілді. «Techgirls» және «She-commercе» бағдарламасы бойынша 21 қыз білім алуда. Мүгедектігі бар азаматтар арасында цифрлы сауаттылықты арттыру мақсатында «DigitalSkillsboost» бағдарламасы жүргізіліп келеді. Бұл бағдарламада 20 азамат цифрлы сауаттылық дағдыларын арттыруда,–деді Сәбит Ибадуллаұлы.

Бұдан бөлек, 2020 жылдан облыста  «Өңірлік геоақпараттық жүйе» жобасын енгізу жұмыстары басталды. Талаптарға сәйкес геопортал ашық және жабық контурларға ие. Барлық жеке және заңды тұлғалар үшін ашық контур, жүйеде мемлекеттік қызметтің 9 түрі қолжетімді. «Ақылды» қалалардың эталондық стандарты аясында Өңірлік геоақпараттық жүйе базасында автожолдардың сапасын бақылау жұмыстары жүргізілуде.

Облыста кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыс бар, 230 ауылдық елді мекеннің 213-і интернетпен қамтамасыз етілген. Қалғаны – 17 шалғай ауылдық елді мекен.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік-жекешеменшік әріптестік аясында өңірдегі 73 ауылдық елді мекенінің мемлекеттік органдары үшін ТОБЖ құрылысы толығымен аяқталып, 64 ауыл әкімдігі, 72 білім беру мекемесі және 69 медициналық мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылды. 2023-2027 жылдар аралығында министрліктің «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетке қолжетімді ету жұмыстары жүргізілетін болады. Жоба аясында  68 елді мекеннің 194 мемлекеттік органына кең жолақты талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу жоспарлануда. Жоба аясында Жол картасы бекітілді. Барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларды 5G жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қолға алынды. Қалада 5G стандартында Kcell операторының 16 базалық стансасы, Tele2 байланыс операторының 7 нүктесі жұмыс жасауда. Жыл соңына дейін 33 базалық станса орнатылмақ.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<