«Мәңгілік қозғалтқыш» құрылғысы көпшілікті қызықтыруда

1146

0

Қызылордалық өнертапқыш Марат Палмахов ойлап тапқан «Мәңгілік қозғалтқыш» құрылғысы көпшілікті қызықтырып отыр. Бұл жоба аса көп шығынды қажет етпейді. Оған қоса экологиялық тиімділігі зор. Жақында аталған жобаға тиісті орындардан арнайы патент алды. Қарапайым заттар мен құралдардан баламалы энергия көзін құрастырған ол алдағы уақытта құрылғының зор сұранысқа ие болатынына үміт артады.

Өнертапқыштың бала кезінен тың идеяларды жүзеге асыруға ынтасы болған екен. Жергілікті арнаулы оқу орындарының бірінде білім алып жүрген уақытында да осындай қасиетімен ерекшеленді. Қазір талайды қызықтырған  құрылғы да сол уақытта ойында жүрген еді.

– Былтыр мен өздігінен электр және сумен қамтамасыз ете алатын автономды генератор жасаған едім. Оны қолдану өте оңай. Көп шығын да қажет емес. Аталған жобаны өнеркәсіптік өндірісте пайдалануға мүмкіндік бар. Генератор экологиялық материалдардан жиналған. Қоршаған ортаға ешқандай зиянды қалдық шығармайды. Оған қоса аталған генератор толығымен автономды, яғни оның жұмысы сыртқы факторларға тікелей байланысты емес. Қуат көзі ретінде желді де, суды да, электр энергиясы немесе отынды қажет етпейді. Тиімділігі де сол, бұл құрылғыны алыс елді мекендерде, фазендаларда, омарталарда, фермерлік шаруашылықтарда қолдануға өте ыңғайлы, – деді ол.

Оның айтуынша, аталған жобаға елдегі беделді жоғары оқу орны Nazarbaev университеті қызығушылық танытуда. Тың идея өндіріске енгізіліп, құрылғының тиімділігі дәлелденетін жағдай жасалмақ.

Құрылғы жұмысы адамның араласуынсыз жүзеге асырылады,  өндірісте өнімділікті арттырады. Тағы бір ерекшелігі, ірі қалаларда экологиялық ахуалдың жақсаруына оң септігін тигізеді. Қолданысқа ыңғайлы әрі шығын аз кетеді. Құрылғы арқылы өндіріс ошақтарын электр қуатымен қамтамасыз етуге әбден болады.

Ол қуатты қондырғыны құрастыруды бес жылдан астам уақыт бойы жоспарлап жүргенін жеткізді. Алдымен идеяның сұлбасы әзірленді. Одан кейін жоба қағаз бетіне түсіріліп, оның формуласы шығарылды. Су арқылы қуат өндірілетін құрылғыны жасауға қажырлы еңбек жасалды. Ептіліктің арқасында бір кезде арман болған жоба шындыққа айналды. Құрылғы қаншама мәрте құрастырылып шығарылды. Қателіктер түзетілді. Оң тәжірибенің арқасында қажетті агрегат құрастырылды. Құрылғы электр қуатымен бірге сумен де қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасайды.

Осылайша бір уақытта екі қызметті қатар атқара алатын құрылғы алыста жатқан елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз етуге жол ашады. Сондай-ақ, ол арқылы биіктеу орналасқан егін алқаптарын суаруға болады. Тағы бір ерекшелігі, қондырғы климаттық ахуалға тәуелді емес. Күннің көзі мен желдің күшінің қажеті жоқ. Оған судың құятын сағасы мен су көзі болса жеткілікті. Құрылғы қалыпты қысыммен айналып тұрады. Сондықтан артық шығын жоқ.

– Жалпы, кейбір өркениетті елдерде әрбір өнертапқыштың өз жобасын жүзеге асыруына мүмкіндігі бар. Қазір әлемнің қай еліне барсаңыз, алдыңыздан Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерде жасалған техникалар шығады. Өкініштісі, әзірге бізде осы жағы кемшін түсіп тұр. Келешекте ол дұрыс жолға түседі деген ойдамын. Әйтпесе, бізде де өзге мемлекеттер қызығушылық білдірген өнертабыстар бар. Рас, олардың кейбірі өндіріске де енгізілуде. Алдағы уақытта осындай мәселелерге де баса назар аударған дұрыс деп санаймын, – деді ол.

Сондай-ақ, ол бұдан басқа Алматы мен Астананы түтіннен тазартуға арналған жобаны жасап шықты. Оған 3 жылдан артық уақытын жұмсады. Аталған құрылғыны көпқабатты үйлердің төбесіне орналастырып, қуатты желдеткіштер арқылы ауаны сүзгіден өткізуге болады.

Оның есебі бойынша тау бөктеріндегі Алматыны 2-3-ақ жылда түтіннен тазартуға мүмкіндік бар. Құрылғылар кез келген мезгілде үздіксіз әрі дыбыссыз жұмыс істейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<