Қағаз ақша қолданыстан шығып барады

2740

0

Пандемия жағдайы елімізде ғана емес, бүкіл әлемде қоғам өмірінің көптеген саласын қайта қарауға мәжбүр етті. Мысалы, онлайн қызметтердің үлесі артып, сонымен бірге қолма-қол төлемдерден мүлде бас тарту тенденциясы байқалды. Бұл тұрғыда соңғы он жылда барлық дамыған елдерде жалақы мен зейнетақы төлеуден бастап қағаз ақшамен ірі сатып алулардың заңнамалық шектеулеріне дейінгі нақты қадамдар жасалған. Мұндай шаралар, ең алдымен, азаматтардың өздеріне, олардың қауіпсіздігіне деген қамқорлықпен түсіндіріледі.

Бірақ онлайн есеп айырысуға толықтай көшуде қарапайым адамдар мүддесінен басқа да мақсаттар бар. Банк картасы, төлемдер мен транзакциялар өте ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда, бұл барлық жағынан тиімді және қауіпсіз бола бермейді. Тіпті онлайн төлем жүйелерінің еркіндік принциптеріне қайшы келетін тұстары да бар. Осыған қарамастан, жаһандық трендті ешкім өзгерте алмайды. Көп ұзамай әлемде тек банкноталар мен монеталар нумизматтарда ғана қалады деген болжам айтылуда.

Бұл кімге тиімді?

Қолма-қол ақшасыз қоғам құруды екі ықпалды күш: мемле­кеттік органдар мен қаржы институттары белсенді түрде қолдайды. Бұл жерде банктердің мүддесі айқын. Соның арқасында әрбір банк клиенттерінің қаржысын бақылауда ұстауға, ақша табудың жаңа жолдарын ашуға мүмкіндік алады. Транзакциялардың көбі белгілі бір комиссиямен жүзеге асырылады. Сәйкесінше жүйеде ақша мен транзакциялар неғұрлым көп болса, соғұрлым пайда көп болады.

Шоттар мен карталарға қыз­мет көрсету де ақылы. Клиенттерге карта берген кезде банктер көп жағдайда оларға несие желісін де ашады. Мұндай несиені адамдардың көбі өз қалауымен пайдаланады. Жай сөзбен айтқанда, адам әмиянынан көп ақша жұмсай алмайды. Өйткені өз мүмкіндігін қолындағы ақшаға қарай есептейді. Ал несие арқылы зат сатып алу сол сәтінде әмияндағы ақшаның басы бұзылмаған соң, артық шығынсыз болып көрінеді. Сондықтан көпте­ген адамдар алдағы бірнеше жыл­дық табысын алдын ала жұмсап үлгерген. Банк жүйесі үшін онлайн төлем клиенттердің кең базасын құруға мүмкіндік береді. Қаржы институттары бұл деректерді жеке мүдделері үшін қолдана алады. Мысалы, жаңа өнім жасауға пайдаланады немесе оларды үшінші тарап компания­ларына береді.

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Қағаз ақшаның айналымнан шығуы­ның жағымды да, жа­ғым­сыз жақтары бар. Әзірге олар­­дың қайсысы басым болатынын біржақты айту қиын. Сарап­шылардың пікірінше, онлайн төлем­нің ең басты артықшылығы – қауіп­сіздік. Қағаз ақша – ұрылар үшін оңай олжа. Осыдан кейін қылмыскерді тез арада табу да мүмкін емес. Ал банк картасын ПИН-кодсыз пайдалана алмайды. Сонымен қатар, банктің қауіпсіздік жүйесі үлкен сатып алуларды немесе аударымдарды растауды талап етеді.

Онлайн төлем қаржы қылмыс­тарының санын да азайтады. Заңсыз табыс табатын шенеуніктер мен қылмыскерлер қолма-қол ақшаны пайдаланғанды жөн көреді. Егер оған тыйым салынса, оларға өз айласын жүзеге асыру әлдеқайда қиындық тудырады. Өйткені әрбір операция уәкілетті органдар бақылауында болады. Тағы бір артықшылығы – онлайнға көшу қолма-қол ақшаны басқару бо­йынша шығынды қысқартады. Банкноталар мен монеталарды шығару, айналымға енгізу, сақтау, тасымалдау, қауіпсіздік – мұның бәрі салық төлеушілерге, банк клиенттері мен кәсіпкерлерге үлкен шығын. Сондай-ақ, онлайн төлемнен экономиканың ашықтығы артады. Көлеңкелі табыс азайып, салық түсімі көбейеді. Бұдан мемлекет те, азаматтар да ұтады.

Дегенмен, онлайн төлемнің азаматтар үшін ең жағымсыз тұсы – құпиялылықтың жойылуы. Тіпті өз капиталын адал жолмен тапқан және жасыратын ештеңесі жоқ азаматтар да ақшасын қайда жұмсағаны туралы ақпараттың құпия болғанын қалайды. Қолма-қол ақшасыз төлеммен бұл мүмкін емес. Тағы бір мәселе, кәдімгі ұрлық жағдайлары азайғанымен, хакерлік шабуыл қаупі еселенеді. Онлайнға көшу ақшаның сақталуына кепілдік бермейді. Бүгінде банк тонаушылар күшпен немесе қару-жарақпен емес, ақылмен жұмыс жасайды. Оған қоса, қарапайым электр қуатының істен шығуының өзі төлемді уақытында жасауға, затты сатып алуға кедергі келтіруі мүмкін. Адам толықтай техникаға тәуелді болып қалады.

Қолма-қол  ақшасыз   төлем  тұр­мысы төмен адамдардың жағдайы­ның одан әрі нашарлауына алып келеді. Өйткені жағдайына байланысты банк қызметтеріне қол жеткізе алмайтын, баспанасы жоқ, қорғалмаған санаттағы азаматтар қоғам өмірінен шеттейді. Сонымен бірге, банктер қаржы нарығында іс жүзінде монополистерге айналып, барлық іс-әрекет олардың онлайн қызметінсіз мүмкін емесін түсінгеннен кейін, клиенттерге қызмет көрсетуден түскен пайданы көбейтуді қалайтыны анық. Сондықтан уақыт өте келе онлайн қызметтердің комиссиясы өседі деуге толық негіз бар.

Әлем қолма-қол ақшасыз қоғамға қалай бет бұруда?

Әлемде қолма-қол ақшасыз төлем­ге толығымен көшкен бірде-бір ел жоқ. Бірақ көптеген елдер осы бағытта белсенді жұмыс жасауда. Мысалы, Италия, Испания және Франция заңнамалық деңгейде сатып алудың қолма-қол ақшамен төленетін ең жоғары мөлшерін шектеп, ең жоғары қағаз ақшалай төлемді 1-3 мың еуро көлемінде белгіледі. Үндістанда барлық қолма-қол ақшаның 86%-і айналымнан алынған. Осылайша бұл ел халықты қолма-онлайн төлемге ынталандыру, көлеңкелі экономика көлемін азайту, салық жинауды арттыру және сыбайлас жемқорлықты азайтуды көздеп отыр.

Ал Қытайда қолма-қол ақшасыз төлемге көшудің бастамашысы мемлекет емес, бизнес болды. Елдегі ең ірі ритейлер Alibaba өзінің үлкен аудиториясы үшін QR-код арқылы жасалатын AliPay төлем жүйесін құрды. Бұл жүйенің танымал болғаны соншалық, кейіннен өмірдің барлық салаларына, әртүрлі тауарларды сатып алудан бастап, коммуналдық төлемдерді төлеуге дейін енгізілді. Қазірдің өзінде ел азаматтарының шамамен үштен бір бөлігі осы төлем жүйесін белсенді қолданады.

Бірақ қолма-қол ақшасыз қоғам құруға ең жақын ел – Швеция. Мұнда тауарлар мен қызметтердің көп бөлігін қағаз ақшамен төлеу мүмкін емес. Қағаз ақшамен жасалған транзакциялар көлемі елдегі ақша айналымының шамамен 1%-ін құрайды. Бұл биліктің күш-жігері мен халықтың банк құрылымдарына деген бұрын-соңды болмаған жоғары сенімінің арқасында мүмкін болған. Сондай-ақ, халықтың жартысынан астамы қолданатын ұлттық мобильді төлем жүйесі – Swish зор ықпал еткен. Швеция 2023 жылға дейін қолма-қол ақшадан толықтай бас тартады деп болжануда.

Еліміздегі жағдай

Қолма-қол ақшасыз төлемге белсенді көшу Қазақстанда кейінгі бес жылда белсенді жүргізіліп келеді. Бұған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы да өз ықпалын тигізген. Мысалы, азаматтар барлық салық түрлерін бір ғана салық төлеушінің онлайн әмияны арқылы төлей алады. Сол секілді коммуналдық төлемдер, қызметтер мен сатып алулардың көбі автоматтандырылған.

2017 жылдан бастап елімізде есептік төлем бірлігін енгізу мәселесі көтеріле бастады. Бұл ретте экономика ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситеті Экономика және құқық инсти­тутының директоры Нұрлан Құлмырзаев валютаның қарапайым, пайдаланушыға бағынышты болуы тиіс екенін айтады. Маман «Блокчейн» сынды технологиялардың дамуын, цифр­ландырылуды ескере отырып, криптовалюта түріндегі есептік бірлікті құруға болатынын атап өтті.

– Қазіргі заманда адамдардың қолына артық зат ұстамау тенденция­сы байқалуда. Мысалы, болашақта ұялы телефондар мидағы нейроимпульстер арқылы хабар алмасуға, төлқұжат биометрия арқылы жеке басын растауға, ал ақшаның барлығы блокчейн технология­сына негізделген криптовалюталарға алмасуы мүмкін. Пандемияға байланысты елімізде барлығы электронды төлемге көшуінің өзі бұл бағытта үлкен қадамның басы болып отыр. Адамдар қолма-қол ақшасыз да жүруге болатынын көрді. Бұл пандемия біз үшін үлкен сынақ болды. Алдағы 5-6 жылда мұндай сынақтар әлі де көп болуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап елімізде орталықтандырылған, блокчейнге не­гіз­делген криптовалюта жасауымыз керек. Қағаз ақша уақыт өте мүлде жойылады, – дейді Н.Құлмырзаев.

Қазіргі уақытта мемлекет халықты қағаз ақшадан бас тартуға ынталандыру үшін белсенді іс-қимылдар жүр­гізіп жатқан жоқ. Бірақ қазіргі заманғы банктік өнімдердің (мобильді банкингтің) пайда болуы мен ыңғайлы төлем әдістерін дамытудың арқасында процесс эволюциялық жолмен жүруде. Әрине, онлайн операциялар көлемінің өсуі негізінен халықтың жас және белсенді бөлігіне байланысты. Ал егде жастағылар әлі күнге дейін банк карталарын жалақы немесе зейнетақыны банкоматтан алу үшін ғана пайдаланады.

Болашақта қазақстандықтар қол­данатын қолма-қол ақша көлемі азаятыны сөзсіз. Бірақ мемлекеттік реттеу болмаса, бұл процесс баяу жүреді. Бұл – халықтың қағаз ақшаға деген тәуелділігінің жоғары деңгейімен, банк құрылымдарына сенімсіздікпен, қолма-қол ақшасыз төлемдер инфра­құры­лымының жеткіліксіз дамуымен, сондай-ақ ішкі көлеңкелі экономикамен байланысты.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<