«Аңсаған сәби» үміттерді жалғайды

1616

0

Халқымыз»Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп бекер айтпаған ғой. Кез келген отбасының қызығы мен шыжығы – бала. Оның әр қылығы шаршағаныңды басып, көңіліңе жылылық ұялатады. Әрбір отбасында баланың былдыры мен шат күлкісі естіліп жатқанға не жетсін!

Дегенмен, мұндай қуаныштың барлық отбасына бұйыра бермейтіні өкінішті.
Бір перзентке зар болып, пұшайман күй кешіп жүрген отбасы аз емес екен. Мұны түрлі дерек көздерінен білуге болады. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 проценті бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды. Ал елімізде әрбір алтыншы отбасының балалы болуға мүмкіндігі жоқ. Нақтырақ айтқанда, ресми тіркелген бедеу жұптардың ұзын саны 15 мыңға жуықтаса, соның 10 мыңдайы экстракорпоральды ұрықтандыруға мұқтаж. Әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей, қазақстандықтардың шамамен 20 проценті мұны ажырасуға себеп етеді. Осыны назарға алған мемлекет 2010 жылдан бері ЭКҰ-ға арнайы квота бөліп келеді. Алғашқыда 100-ден басталған квотаның саны биыл мыңға жеткен. Бірақ, бұл да сәби сүюге талпынған жандар үшін жеткіліксіз.


Квотаға иек артып, балалы болуды армандап жүрген жандарға Мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауы үлкен үміт сыйлағаны белгілі. Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасына бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни, 7 есе көбейту қажеттігін айтты.

Квота кезегіне 18-43 жасқа дейінгі әйелдер тұрады. Сонымен бірге екі көрсеткіште ғана, яғни, әйелдің аналық түтікшелерінің толығымен бітеліп қалуы және ер адамның бедеулігі дәлелденген жағдайда  квота беріледі. 

– Облыста 2017 жылдан бері кезекте тұрғандар бар. Жылына 10 процентін ғана қамтығаннан кейін осылай жылдап күтуге тура келеді. Арасында 18 жастағы келіншектер де кездеседі. Олар күйеулерінің денсаулығында кінәрат  болғандықтан квотаға мұқтаж. Квота 18-43 жас аралығын­дағы әйелдерге ғана тиесілі. Бірақ 43 жастан асып кеткендер де келіп жатады. Оларға барынша түсіндіріп жібереміз. Елімізде квотамен жұмыс істейтін 11 клиника бар. Біздің облыс оңтүстік аймаққа жататындықтан, Алматы қаласындағы ғылыми орталыққа және Шымкент, Тараз қаласындағы клиникаларға жіберіледі, –  дейді ол.

Кезекте тұрған 450-ден астам әйелдің 154-і жас отбасы екен. Бибізада Әшімқызынан маман ретінде әйелдер бедеулігінің, жас отбастарының  арасында бала сүйе алмаудың көбею себебін сұрадық.

– Тиісті мамандар оның негізінен бірнеше ғылыми дәлел­денген себебін  айтуда. Оның біріншісі,  тоқыру кезеңінде, яғни, 1986 жылдан 1993 жылға дейінгі аралықта екпесіз, медициналық көмексіз қалған буын бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол қараусыз қалған ұрпақ қазіргі кезде отбасын құрып жатыр. Босанып жатқан әйелдер – сол буынның өкілдері.  Бүгінде соның зардабын тартып отырмыз. Сонымен бірге инфекциялық аурулардың көбеюі мен ер адамдар арасында белсіздіктің артуы да басты себеп болуда.  Инфекциялық аурулар ерте жастан және сақтанбай жыныстық қатынасқа түсуден болатыны белгілі, – деді ол.

Бөлім басшысының бұл сөзін  облыстық жастар денсаулығы орталығы мамандары да құптады. Олар соңғы кездері жасөспірімдер мен жастар арасындағы ең өзекті мәселе –  олардың ерте жыныстық қатынасқа түсуі болып отырғанын айтады. Оның өзіндік зардабы да жетерлік. Бір ғана мысал – жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен жұғатын аурулардың көбеюі мен қыздар арасындағы ерте жүктіліктің артуы.

– 2018 жылы облыс бойынша мерез ауруымен 15-29 жас аралығындағы тіркелген науқас саны 82 -ге жетсе, былтыр оның саны 68 болды. Биыл  15-17 жас аралығындағы 71 қыз жүктілікпен есепте тұр. Ал былтыр 8 айда 78, 2018 жылы 93 ерте жүктілік тіркелді, – дейді орталық директоры Жанар Қалмақова.

Орталық директоры соңғы уақытта орталық дәрігер мамандарына қаралушы жастар санының артып келетінін айтады. Мәселен, биылғы 8 айда 18156 адам қаралған. Ол аймақ жасөспірімдері мен жастарының 17,8 процентін құрайды екен. Соның ішінде гинеколог және уролог дәрігерлерінің қабылдауына келіп, маман кеңесіне жүгінушілер санының  артқанын айтты.

Техника дамып, заманауи әдіс-тәсілдер жетіліп, мүмкін­дік молайғанымен, денсаулықты күту әркімнің өз қолында, өз жауапкершілігінде екені белгілі. Ал саулыққа салғырт қараудың салдары тым ауыр болатынын өмірдің өзі көрсетіп жүр.  Денсаулықтың қадірін біліп, шаңырақ шаттығына бөленгенге не жетсін!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<