Екінші толқынға әзірлік қандай?

1213

0

Қазір елімізде коронавирус індеті бәсеңдеді. Десе де, мамандар аурудың күзде қайта бас көтеретіні туралы болжам айтуда. Осы орайда дайындық жұмыстарына жіті көңіл бөліп,  қауіпті кеселмен күреске сақадай сай болу – басты міндет. Медицина нысандарының күзге дайындығын пысықтау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният пен ҚР Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова екі күндік жұмыс сапарымен Сыр өңірінде болды.

Алғашқы күні олар Жалағаш, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласына барды. Алдымен жаңадан бой көтеріп жатқан Жалағаш аудандық ауруханасының құрылысын көрді. 100 төсектік емдеу мекемесі жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс. Алайда мердігер мекеме өкілі құрылыс жұмысының уақыты аяқталуы үшін қосымша қаржы керектігін жеткізді. Жуырда ғана ҚР Парламент Сенатының депутаты болып сайланған Ақмарал Әлназарова  құрылысты келер жылға қалдырмай, мәселені шешуге қолдан келгенше көмектесетінін айтты.

Аудан бойынша 111 адам қауіпті кесел жұқтырып, барлығы емделіп шыққан. Індетпен күреске 182 қызметкер, оның ішінде 24 дәрігер, 138 орта буын қызметкер, 20 кіші аяжан жұмылдырылған. Қазір ауданда 4 өкпені жасанды желдету аппараты, 28 оттегі концентраторы бар. Айта кетерлігі, ауданға қарасты барлық емханада шақырту саны 90 процентке азайған.

Қармақшы ауданына қарасты Төретам кентінде №80, №272 орта мектептердің жөндеу жұмыстарымен  және ауылдық аурухана қызметімен танысты. Елде  COVID-19  індеті белең алған тұста Байқоңыр қалалық көпбейінді ауруханасында 30 төсектік провизорлық стационар 60 орынға, кейіннен 120 төсекке кеңейтілген. 1 қыркүйекке дейін мұнда барлығы 465 науқас емделіп шыққан. Байқоңыр қаласына аялдаған Денсаулық сақтау вице-министрі мен сенатор мұнда да аурухана қызметімен танысып, күзге дайындықты пысықтады және мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жалпы, емдеу мекемесінің техникалық базасы өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артқан. Ауруханада 10 өкпені жасанды желдету құрылғысы, 51 дана оттегі концентраторы, 51 дана пульсоксиметр, 30 дана термометр бар. Сонымен бірге екі жарым айға жететін дәрі-дәрмек қорымен жасақталған. Одан бөлек, барлық қызметкерлер қорғаныш құралдарымен қамтылған.

Келесі күні А. Ғиният пен А. Әлназарова қаладағы бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралады. Алдымен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болып,  ахуалмен танысты.

Емдеу мекемесі 185 орынға арналған. Қауіпті дерт белең алған уақытта қосымша 170 төсектік инфекциялық, 90 орындық провизорлық және  таза аумаққа 130 төсек-орын қосымша жасақталған. Қазір провизорлық бөлімшеде 25 науқас, балалар ішек аурулары бөлімшесінде 96 науқас ем алуда. Жалпы індет жұқтырған 2597 науқас емделіп шыққан. Ауруханада 7 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 50 дана оттегі концентраторы, 23 пульсоксиметр бар және қажетті қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.

Онан соң қонақтар Ұлттық сараптама орталығының филиалында болды. Аймақта ахуал күрделенген шақта орталық мамандары сала қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетті. Ол жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Ал облыстық көпбейінді облыстық ауруханада былтыр 8 айда 113 адам пневмониямен емделіп шықса, биыл 3 есеге өскен. Коронавируспен ауырғандардың көбеюіне байланысты 30 төсектік инфекциялық бөлімше ашылып, бір жарым айда 86 адам айығып, 10 науқас қайтыс болған. 20 дана өкпені жасанды желдету аппараты бар.

Вице-министр  қауіпті дерттің екінші толқынына дайындық барысында  жағдайы  ауыр науқастарды емдеуге арналған арнайы орталықты осы жерден  жасақтап, үздік мамандарды осы ауруханаға шоғырландыру туралы ұсынысын айтты

-Аурухана заманауи ғимаратта орналасқандықтан, бұл жерде өте ауыр жағдайдағы науқастарды емдеуге болады. Оған аурухананың мүмкіндігі мол деп ойлаймын. Мамандар да, заманауи құрылғылар да жеткілікті. Алдағы уақытта өлім-жітімге жол бермеуіміз керек, – деді Ажар Ғиниятқызы.

№3 қалалық емхана 64 800 тұрғынға қызмет көрсетеді. Ауысымына 500 адам қабылдауға арналған медицина мекемесі заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жұмыс режимі қалыпқа түскенмен, маусым-шілде айларындағы шақыртулар бірнеше есеге өскені белгілі. Осы ретте аймақтық дәрігерлердің жүктемесі артты.  Олардың қызмет барысымен танысқан вице-министр бірінші кезекте атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтады.  Әсіресе, жедел респираторлы вирусты инфекция мен тұмау белең алатын күзгі маусымда ауруға қарсы екпе салуды қолға алу,  тұрғындар арасында қауіпті дерттің алдын алу бағытында түсіндірме, ақпараттық-насихат жұмыстарын жан-жақты жүргізу керектігін айтты.

Жалпы емхана бойынша сәуір айынан бастап қазіргі кезге дейін пневмония диагнозымен 556 науқас тіркеліп, 52-сі қайтыс болса, коронавирус инфекциясымен 321 науқас анықталып, 10-ы көз жұмған. Қауіпті кеселдің белгілерін растайтын клиникалық көріністері бар науқастарды провизорлық стационарларға тасымалдау үшін 4 мобильді топ құрылған.

Екі күндік жұмыс сапары ахуалдық орталықта облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың төрағалығымен өткен жиында қорытындыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов аймақта осыған дейін атқарылған жұмыстарды баяндады. Атап айтқанда, 22 маусымда бір тәулікте 2120 адамнан шақырту түссе, қазір бұл көрсеткіш 52 процентке азайған. Эпидмаусым басталғанда барлығы  976 төсек орын жасақталса, оның саны 2500-ге дейін жеткен. Жыл басынан бері пневмониядан 290, оның ішінде шілде айында 215, тамызда 5 науқас қайтыс болды. Күшейтілген карантиндік шараларды іске асыру барысында аймақта жағдай біршама тұрақталған. Медициналық құралдармен жабдықталу жыл басында 85 процент болса, сегіз айда 88,5 процентті құрады. Инфекциялық стационарлардың реанимация бөлімдерінің  жабдықталу көрсеткіші  75- тен 85 процентке жеткен.

Жиын соңында денсаулық сақтау вице-минстрі Ажар Ғиният пен ҚР Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова емдеу мекемелерінің дайындығын күшейтіп, мамандар біліктілігін арттыру туралы ойларымен бөлісті.

Айнұр БАТТАЛОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<