9 маусымдағы мәлімет бойынша елімізде вакцинаның I компонентін 2326487 адам салдырса, II компонентін 1240391 адам алған. Десе де, мамандардың айтуынша, бізде вакциналау көрсеткіші әлі де төмен. Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындардың кемі 60-70 проценті коронавирусқа қарсы екпе алғанда ғана қалыпты өмірге келетінімізді айтуда.
Біз осылай асықпай, «екпе аламын, алмаймын» деп екіұдай ойда жүргенде өзге елдер ересектерді қойып, балаларға екпе салу жайын қарастыруда.
Мәселен, Қытай «Sinovak» фирмасының COVID-19 вирусына қарсы шығарған Corona Vak вакцинасын 3-17 жас аралығындағы балаларға қолдануға рұқсат берді. Бұл туралы өндіруші фирма төрағасы Инь Вэйдун мәлімдеген.
«Global Times» басылымы аталған вакцинаны 3-17 жас аралығындағы балаларға шұғыл қолдану мақұлданғанын, бірақ вакцина қандай жағдайда салынады және қай жастан бастап қолданылатыны әлі шешілмегенін жазды.
Аталған компания жоғарыдағы жас аралығындағыларға клиникалық сынақтардың І және ІІ кезеңін аяқтаған. Оған бірнеше жүздеген ерікті қатысқан. Сынақ қорытындысы вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсеткен. Маусым айының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталған компанияның коронавирусқа қарсы шығарған вакцинасының қолданылуын мақұлдады.
Ал Франция үкіметі 15 маусымнан бастап 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар коронавирусқа қарсы вакцина ала алатынын жария етті.
Ел президенті Эммануэль Макрон жасөспірімдерді вакциналау туралы шешім қабылдағанын қорғаныс кеңесінің отырысы кезінде мәлімдеді. «15 маусымға қарай біз 30 млн адамға екпе егеміз. Сондықтан да 15 маусымнан бастап жасөспірімдерді вакциналау туралы шешім қабылдадық» деді ол.
Э. Макрон ересектердің 50 проценті вакцинаның алғашқы дозасын алғанын айтты. Бірақ елдің кейбір бөлігінде вирустың бұрынғыша таралып жатқанын айтып, француздарды сақ болуға шақырды.
Германия бұған дейін Pfizer/BioNTech вакцинасы осы жас тобы бойынша Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігінің (ЕМА) мақұлдауын алған жағдайда, 7 маусымнан бастап 12 жастан асқан балалар мен ересектерге вакцина егетінін мәлімдеген. Өткен аптада Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі 12 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға вакцинаның қауіпсіз екенін хабарлады. Осылайша Pfizer осы жас санатына мақұлданған алғашқы вакцина болып отыр.
Еуропалық комиссия да коронавирусқа қарсы бұл вакцинаны 12 және одан үлкен жастағы балаларға пайдалануға келісімін берді.
Бельгия Денсаулық сақтау жоғарғы кеңесі 16-17 жастағы жастарға 20 мамырдан бастап вирусқа қарсы вакцина салдыруға кеңес берді.
Коронавирус алғаш пайда болған кезде ДДСҰ «балалар бұл дертке шалдықпайды» деп ата-аналарды тыныштандырған болатын. Бірақ биыл мәселе біз ойлағаннан да күрделі болып шықты. Балалар ересектер сияқты бұл ауруды жұқтыруда. Бірақ көбінесе індет балаларда белгі-нышансыз, жасырын жағдайда өтеді. Мамандардың айтуынша, Covid-19 індетімен ауырған балаларда түрлі асқынулар пайда болады екен.
Біздің елімізде де балалар арасында індет жұқтыру белең алып отыр. Мәселен, Алматы облысында бір тәулікте 54 адамнан коронавирус анықталса, оның 13-і – 14 жасқа дейінгі бала. Батыс Қазақстан облысында 25 мамырдан бері жазғы мектепте оқитын 20 оқушыдан коронавирус табылған. Жалпы, бұл аймақта оқу жылы басталғаннан бері барлығы 1303 оқушыдан ауру анықталған.
Ал, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, біздің өңірде жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі балалар арасында індет жұқтырудың 575 жағдайы тіркелген.
Індетке қарсы екпе салу басталған кезде Денсаулық сақтау министрлігі: «18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдарға вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ, сондықтан бұл жастағыларға екпе салынбайды» деп хабарлаған болатын. Қазіргі кезде 65 жастан асқандар арасында ерікті түрде вакцина салдырамын деушілерге шектеу болып жатқан жоқ. Ал 18 жасқа дейінгі балаларға екпе салу қаралмаған. Оның себебін мамандар біздегі қолданыстағы вакциналардың жасөспірімдерге пайдалануға рұқсатының болмауымен түсіндіреді.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<