МӘМС: КТ мен МРТ-ны күте-күте…

1099

0

2020 жылдан бастап еліміз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкені белгілі. МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесінің міндетті шарты – «МӘМС туралы» Заңның 26, 27 және 28-баптарына сәйкес жарналар мен аударымдардың болуы.

Осы орайда  тұрғындар ай сайын  жарна төлеп отыруға міндеттелді. Әрине, арнайы бекітілген 15 санатқа кіретін  адамдар жарнадан босатылады.  Олар – зейнеткерлер, студенттер, жұмыссыздар, көпбалалы аналар, мүгедектер, 18 жасқа дейінгі балалар және басқалар.

Биылдан бастап жұмыс берушілердің жұмыскерлер үшін аударымдары 3%-ті құрайды, аударымдардың ең жоғары сомасы 18 000 теңгеден аспауы тиіс. Бұл 10 айлық есептік көрсеткіштің 3%-і болып саналады.

Биыл 1 АЕК 60000 теңгені құрайды. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС) бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер мен жеке тұлғалардың жарналары табыстарының 2%-ін құрады. Бұл ретте, егер жалақы мөлшері 10 айлық есептік көрсеткіштен (600000 теңге) жоғары болса, онда тек осы сома ғана төленеді және жарнаның ең жоғары сомасы 12000 теңгені құрайды. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың жарнасы 4200 теңгені  құрады.

Биыл бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) сомасы 1 айлық есептік көрсеткішке тең болды, бұл республикалық, облыстық маңызы бар қалалар тұрғындары және астана үшін 1 АЕК (3063 теңге), ал басқа елді мекендер тұрғындары үшін  0,5 АЕК-ті (1 531,5 теңге) құрады. Дербес төлеушілер үшін де жарна сомасы  өзгерді. Олар енді 3000 теңге немесе ең төменгі жалақының 5%-ін төлейді.

Облыста биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 134646 тұрғын медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылып отыр. Ал 650322 адам немесе халықтың 80,6 проценті сақтандырылған. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, биыл халықты МӘМС жүйесімен қамту бойынша Жол картасы бекітілді. Алайда қала мен аудан әкімдіктерінің тұрғындарды медициналық сақтандыру мәртебесіне өткізу бойынша атқарып жатқан жұмыстары көңіл көншітпейді.

– Сақтандырылмаған азаматтар үлесінің 93,1%-ін кейінгі бір жылда төлем жасамағандар және жалдамалы жұмысшылар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша еңбек ететін қызметкерлер, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер құрап отыр. Мәселен, 1 наурыздағы мәлімет бойынша 562 мекеме мен 3601 жеке кәсіпкерден 33,8 млн теңге көлемінде аударымдар мен жарналар аударылмағандығы белгілі болды. Бұл – осы мекемелерде жұмыс істейтін 12967 жалдамалы жұмыскер, құқықтық келісім-шарт негізінде жеке тәжірибемен айналысушы 19266 адам және аталған жеке кәсіпкерлер сақтандырылмай отыр деген сөз. Осыған байланысты, әкімдіктер, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, өңірдегі мемлекеттік кірістер департаменті МӘМС үшін жарналарды уақытылы әрі тұрақты төлеудің маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет, – деп атап өтті Б.Исмаханбетов.

Жиында МӘМС аударымдар мен жарналарын уақытылы төлемей отырған мекемелер туралы да айтылды. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер, медициналық ұйымдар, мектептер мен балабақшалар да бар.

МӘМС жүйесін енгізудегі басты мақсат  медициналық қызмет сапасын жақсарту, қолжетімділігін арттыру болатын. Әйтсе де, саладағы  өзекті мәселенің бірі – медициналық қызмет сапасының төмендігі  болып отыр. Тұрғындардың  медициналық көмектің сапасыздығына, медициналық көмекті ұсынбау және көрсетуден бас тартуға, көмекті ұзақ күтуге, емханаға тіркеуден бас тартуға, тағы басқа мәселелерге байланысты шағымданғаны белгілі болды. Мәселен, биылғы алғашқы тоқсанда қордың түрлі байланыс арналары арқылы 77 арыз-шағым түскен. Оның 45-і 1406 сaII-орталығына түссе, 24-і Qoldau-24/7 мобильді қосымшасына, 4-і ҚР ДСМ сайтына және тағы 4 шағым қорға түскен. 

– Аймақта  дәрігерлер тапшы. Әсіресе,  проктолог, маммолог, балалар невропатологы, аллерголог мамандар жетіспейді. Сондай-ақ жоғары технологиялық құрылғылар, яғни, КТ, МРТ жетіспейді. Бұл халықтың медициналық көмекке қол жеткізуіне кедергі келтіреді, – деп атап өтті  филиал директоры.

Мәселен, кеңес беру-диагностикалық қызметті ұзақ күтпеу және КМАЖ ақпараттық жүйесінде медициналық қызмет көрсету терезелерінің уақытылы ашылуы маңызды. Оның ішінде КТ, МРТ аппараттары арқылы былтыр небәрі 32087 қызмет көрсетілсе, соның ішінде әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 3880 нақты медқызмет алынған. Осылайша республикада төменгі көрсеткішке ие болуда. Ал кезектің ұзақтығы бойынша, күту деңгейі былтыр 32086 қызметті құраған, соның ішінде 10 күннен артық күту 7108. Жоғарыда айтқан КМАЖ бағдарламасы бойынша қабылдау терезесін уақытылы ашпау салдарынан кезек күту былтыр 1460131 қызметті құраса, 37700 қызметті 10 күннен аса күткен. Осы орайда, тұрғындардың тиісті мамандар қабылдауына жазылу мәселесінің де өзекті болып отырғаны, дәрігерлер тарапынан дөрекі қарым-қатынассынға алынды.

Бұл мәселенің бәрі сейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың төрағалығымен өткен МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне байланысты өткізілген өңірлік штаб отырысында баяндалды. Жиында көтерілген мәселелерге байланысты облыс әкімінің орынбасары медицина қызметкерлерін оқытуды тұрақты жүргізуді, тұрғындарға консультациялық-диагностикалық, стационарлық қызметтердің уақытылы көрсетілуін қатаң бақылауға алуды, халық арасында, БАҚ және әлеуметтік желілерде  ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ, қала мен аудан әкімдіктеріне «МӘМС жүйесіне тарту» ақпараттық-насихаттық тобын құру, белсенді емес халыққа бірыңғай жиынтық төлемнің пайдалы жақтарын түсіндіруді тапсырды. Осыған қосымша, мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне уақытылы МӘМС аударымдары мен жарналарын төлетуде тиісті басқармаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Біз тұрғындарға МӘМС жүйесінің маңыздылығын, жарна төлеудің қажеттілігін қарапайым, ұғынықты тілде түсіндіруіміз қажет. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Ауырған адам емдеу ұйымына барады. Қажетті көмегін ала алмаса үлкен шу шығатынын жақсы білесіздер. Оның үстіне аудандарға, ауылдарға медициналық ғимараттар салып жатырмыз. Егер науқас мемлекеттің қыруар қаржысына салынған ғимараттан қажетті медициналық көмекті ала алмаса не үшін салып жатырмыз?

Оған қоса КТ, МРТ сияқты аппараттардың қызметі де қалтаға оңай салмақ емес. Әр түскенде кемі 15 мың теңге төлейді. Осыны тұрғындарға түсіндіру керек. Әсіресе, аудан әкімдері бұл бағытта қарқынды жұмыс істеуі қажет.

Сондай-ақ, медициналық қызметтің сапасына, мамандардың дөрекілігіне, тиісті көмекті ала алмауға байланысты 77 арыз-шағым түскені айтылды. Бұл – тек сall-орталықтарына түскендері ғана. Ал сіздер, әлеуметтік желілерді қарайсыздар ма? Медициналық қызметке айтылған арыз-шағымнан, сыннан көз сүрінеді. Сондықтан бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуі қажет деп білемін. Жарнасын төлеп, аударымын уақытылы жасап отырған халық қажетті қызметті кедергісіз алуы тиіс. Ақылы қызметке жүгінбеуі керек. Осыны назарға ұстаңыздар.

Дәрігерлер дөрекілігі дегенді де жиі естіп-біліп жүрміз. Мұндай бассыздыққа жол берілмеуі керек. Сонымен қатар, жарна аудармаған мекемелер арасында медицина, білім саласының ұйымдары бары анықталды. Мұны енді ақтауға келмейді, – деп сын айтқан Балжан Мөрәліқызы сақтандыруға салғырт қарамауға шақырды. Жалпы, МӘМС – пациенттердің құқықтарын қорғауға және тұрғындардың денсаулығын сақтауға бағытталған әлеуметтік жүйе. Сондықтан әр адамның еңбекақысынан алынған әр тиынның артында адами да, әлеуметтік те жауапкершілік тұрғанын естен шығармаған абзал.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<