Өмірге үміт сыйлаған

861

0

Қала тұрғыны Нұрбол Әлкебайұлы  17 жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет атқарады.  Донор болуды  2000 жылдың басында Алматы қаласында студент болып жүргенде бастайды.  Ол ең алғаш қан тапсырған сәтін ұмытқан емес.

Жатақханаға бейтаныс кісі келіп, аққан ауруымен ауыратын баласына қан тапсырып, көмек көрсетуді сұрайды. Сол кезде 30-40 шақты студент  қан тапсырады. Олардың арасында Нұрбол да бар еді. Одан кейін оқуын аяқтап, туған жерге қызмет істеуге келді. Еңбек жолын бастаған ұжымында жылына бір рет қан тапсыратын дәстүр  бар екен. Осылайша Нұрбол да әріптестерімен бірге  тұрақты түрде қан тапсырып тұрады. 2012 жылы анасы қатты ауырып, қан керек болады. Донор болудың қаншалықты маңызды екенін сол кезде анық түсінген еді ол.

– Донор боламын деген ой, мақсат  болған жоқ. 2012 жылы анам қатты ауырып, қан керек болды. Сол кезде жолдастарыммен барып, қан тапсырдым. Содан кейін тұрақты түрде жылына үш-төрт рет қан орталығына барып, тапсырып тұрамын, – дейді Нұрбол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, донорлық – әр адамның қалауы мен ниетіне қарай атқарылатын шаруа. Қан берудің пайдасы да көп екен.

–       Алдымен адамның денсаулығы мықты болуы керек. Онан соң жүрек қалауы болуы тиіс. «Бір тамшы қан өмірді құтқарады» деп жатады ғой. Ол рас. Осы уақытқа дейін қанша қан бергенімді де білмеймін. Ең бастысы – мұқтаж жанға септігіміз тисе, өлімге араша түссек  болғаны. Қан тапсырудың пайдасы да бар. Біз  майлы тағамдарды тұтынбай тұра алмаймыз. Ал қан тапсыру оның айналымына оң әсерін тигізеді. Қан қысымының қалыпты болуына көмектеседі, – дейді ол.

Кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында байқағанымыз, донор болып, ажал аузындағы адамға екінші өмір сыйлау үшін ниеттен, жүрек қалауынан бөлек, адам бойында мейірімділік, адамгершілік деген асыл қасиеттер болуы қажет-ау. Құқық қорғау саласында қызмет атқаратын Нұрболдың бойында осы қасиеттер болмаса, мұндай сауапты істі екінші міндеті, екінші қызметі қылып он жылдан бері тұрақты түрде ұстанар ма еді? Әй қайдам?!

Аймақта медицина ұйымдарын сапалы және қауіпсіз қан өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында облыстық қан орталығы қызмет атқарады. Қан орталығы қаладағы және 7 аудандағы, барлығы 16 медицина ұйымын қан өнімдерімен  қамтамасыз етеді.

Былтыр 11317 тұрғын қан тапсыруға ниеттенген.  Оның ішінен әртүрлі себептермен 2425 адамның қан тапсыруға қарсы көрсетілімдері болған. Дегенмен, былтыр донор саны 445-ке   немесе 7,8%-ке артып,   1000 тұрғынға шаққанда 7,4-ті  құрады. Республика бойынша бұл көрсеткіш – 10.

Жалпы донорлардың арасында есепті мерзімде  өмірінде алғаш рет қан тапсырғандар 2406 немесе 39,1%-ті құраған. Қан тапсырушылардың ішінде тұрақты донорлардың үлесі 5,8%-ті құрап, (2020 жылы –18,2%), 2020 жылмен салыстырғанда 3,1 есеге төмендеген. Мамандардың айтуынша, қан өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне тұрақты донорлардың көп болуының қатысы бар.  Мәселен, Ақтөбе облысында тұрақты донорлардың үлесі 67,1%, Атырау облысында 65,3%,  Маңғыстау облысында 54,3%-ті құрайды. Осыған байланысты мамандар алдында тұрақты донорлардың санын көбейту міндеті тұр.

2020 жылы 6585,5 литр қан дайындалса, былтыр 7264,4 литр дайындалған. Дайындалған, консервіленген қанның мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда 10,3%-ке өсіп, 1000 тұрғынға шаққанда 8,8 литрді құрады. Республикада бұл көрсеткіш  – 9,2 литр. 2020 жылдың  екінші тоқсанынан бастап коронавируспен ауырған науқастарға COVID-19 реконвалесценттерден иммундық  AntiCOVID-19 вирусинактивтелген жаңа мұздатылған плазма дайындалған. Былтыр   медицина ұйымдарына 4,6 литр (23 доза) иммунды плазма жіберілген. Қазіргі кезде қорда 9,65 литр  (52 доза) иммунды плазма  бар.  

Бүгін – Дүниежүзілік донор күні. Бір тамшы қан арқылы талай адамды ажалдан арашалап,  екінші өмір сыйлайтын донорлар қандай құрметке де лайық.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<