«Аңсаған сәби»  мақсатына жетті ме?

1334

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуал  зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе екенін айтып, нақты міндеттер жүктеген еді.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет» деп нақты тапсырма берді. 

Осылайша 2021 жылдан елімізде қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы аймаққа 281 квота бөлініп, толық игерілді. Сол жылы ЭКҰ арқылы 119 бала туып, 3 отбасында егіздер дүниеге келді. Ал 2022 жылы бағдарлама бойынша 277 квота бөлінсе, былтыр  274 квота берілген. Биыл бөлінген квота саны – 270.

Ал бағдарлама әзірленгенге дейін аймаққа бөлінетін квота саны тым төмен болған. Мәселен,  2015 жылы  34, 2016 жылы  35, 2017 жылы 38, 2018 жылы 38, 2019 жылы  36, 2020 жылы 44-ті құраған. Нақтырақ айтқанда, 2015 жылдан бері берілген квота саны  8 есе өсіп отыр.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, былтыр 274 квота бөлініп,  игерілген. Оның ішінде жүктілік 49,6%, яғни, 136 жағдайда тіркеліп, 11,6%-да  түсікпен аяқталған. Өкінішке қарай 31 %-да  жүктілік нәтиже бермеген.  Есепті кезеңде ЭКҰ арқылы 86 бала туып, 1 отбасында егіз сәби дүниеге келген. Ал  51 әйел қазіргі кезде жүкті. Биыл бөлінген 270 квота бойынша бүгінде  76 әйел жолданып, орындалу үлесі  28,1% құрады.

Жалпы облыста ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер саны –   174 931. Қазіргі кезде  6320 бедеу отбасы бар. Оларды бедеулігіне сәйкес саралағанда 60,4%-ын  әйел (3819), 39,6%-ын ерлер (2501) құрап отыр. Бүгінгі күні  750 отбасы квота кезегін күтуде.

– Кезекте тұрған отбасылардың барлығы өңірлік комиссия арқылы қаралып, қолданыстағы бұйрықтарға сәйкес жолданады. «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы шеңберінде жүргізілген ЭКҰ циклдеріне мониторингті, пациенттердің құжаттарын қабылдау және құрылған комиссияға ұсыну жұмыстарын басқарма жүргізеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының  бұйрығына сәйкес пациенттерді емдеу үшін квоталарды бөлуді талдау және ұрықтандыруға жолдама беруді шешу бойынша комиссия құрылған. Комиссия құрамында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, қоғамдық қорлардың үйлестірушілері, білікті акушер-гинеколог, уролог мамандар бекітілген, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала жөніндегі орынбасары Айгүл Асылбекқызы.

Айта кету керек,  бағдарлама МӘМС аясында қаржыландырылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ЭКҰ бағдарламасын қаржыландырады. ЭКҰ-ға жолдама алу үшін тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Мамандар пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде емхананың бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйел «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеліп, рәсімге дайындала бастайды. Пациент экстракорпоралдық ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.

ЭКҰ процедурасы терапевтік жолмен емдеуге келмейтін бедеулік диагнозы қойылғандарға арналған.  Оған отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша  келісімі болуы керек. Сонымен қатар, Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет. Бұл – репродуктивті жас, яғни, 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұра алады.

Қандай жағдайда квота берілмеуі мүмкін дегенге келсек, науқасты ұрықтандырудан бас тартудың бірнеше жағдайы болуы мүмкін. Мәселен, жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализацияның онкологиясы.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<