Епті жыға ма, білекті жыға ма?

879

0

2011 жылдың қыркүйек айы еді. Түркияның Стамбул шаһары. Еркін күрестен ересектер арасында әлем чемпионаты өтіп жатқан уақыт. Қазақстандық балуан Дәулет Ниязбеков қола жүлдеге қол созды. Бұл Қызыл­орда облысының еркін күрес спортындағы толағай табыс болды. Жергілікті жанкүйерлер елдің намысын абыроймен қорғаған қаршадай қара баланың құтты қадамына сүйсінді.

Айтулы аламаннан Дәулеттің алтын медальмен қайтуы да мүмкін еді. Беделді бәсекеде тұңғыш рет бақ сынады. Соған қарамастан, қызылордалық балуан жеңімпаздар тұғырында бой көрсетті. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбутәліп Амановтың да сол сәтте иығынан жүк түскендей күй кешкені рас. Көңілде өкініш те жоқ емес. Шәкірті алтынға қолсозым жерде қарсыласына есе жіберді. Әлемде еркін күрестен ел алдында жүретін өзге мемлекеттер баршылық. Сондықтан Дәулеттің сол жолғы қоласының өзі жоғары бағалауға тұрарлық болатын.

Белгілі бапкер Дәулетті бала кезінен біледі. Оны еркін күреске алып келген өзі еді. Ол уақытта Жаңақорғанда спорт мектебі директоры қызметін атқаратын. Дәулеттің анасы сол мектепте шаруашылық қызметінде еңбек ететін. Қыста көмір жағып, күл шығарып жататын. Сол сәтте Дәулет анасына қолғабыс жасайтынын байқады. Бір күні бапкер он жастағы қаршадай баланың зілдей екі шелекті қыңқ деместен көтеріп бара жатқанын көрді. Бұл күнделікті көрініс еді. Жас баланың шыдамдылығы, еңбекқорлығы, жауапкершілігі бапкердің көңілінен шықты. Өзінің ойын Дәулеттің анасына жеткізді. Алғашқыда бірден келісім бере қойған жоқ. Ойлана келе, анасы баласының болашағына ақжол тіледі.

Дәулет бірден-ақ еркін күрес­тің қыр-сырына қанығуға құлықты болды. Тынымсыз жаттығу оның сағын сындыра алған жоқ. На­мысшыл өрен кездескен әрбір қиындықтан кейін алға қарай өр­шелене түсті. Шәкіртінің осы қасиеттері білікті бапкерді тәнті етті.

– Спортшыға, ең алдымен, мінез қажет. Өйткені, оны алда талай жарыс күтіп тұрады. Қан­шама қарсыласпен боз кілем үс­тінде тайталасқа түседі. Сол сәтте жігерлі, қайратты, шымыр балуан қарсыласын қапы қалдырады. Мен шәкірттерімнің физикалық дайындығына мән беремін. Әрбір жас өренді спортқа енді келгеннен шаршатып алмауымыз тиіс. Оларға бірден салмақ салсаң беті қайтып қалуы да ғажап емес. Сондықтан жасөспірімдерді да­йындауда тиімді әдістеме қажет деп ойлаймын, – деді бапкер бізбен әңгімесінде.

Ол кісінің айтуынша, әлем­нің кейбір мемлекеттерінің ба­л­уандарды да­йындауда өз тә­жірибесі бар. Бізде де бапкерлер ұзақ жылдан бері жиналған сондай әдіс-тәсілдерге сүйенеді. Десе де, кейбір олқылықтар кез­деседі. Үйірмеге енді қатысып жүрген жас өрендерді түрлі жа­рыстарға алып барып, сол жерде жүлдегерлер қатарынан көрінуге ұмтылыс жасалады. Алайда, оның арғы жағында қаншама проблема көлденеңдеп жатады. Жас спортшыға көп салмақ түседі. Бұл жағдайда үлкен өмірге енді қадам басып келе жатқан баланың меселі қайтып қалуы әбден мүмкін.

– Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін біздің елімізден Әлем және Олимпиада чемпионы атанған балуан жоқ. Бәлкім, оның себебі біз айтқандай жағдайға байланысты шығар. Ресейде Якутия деген аймақ бар. Онда 800 мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындар саны біздің облыспен шамалас. Сол өңірдің өзінен қаншама мықты балуандар шықты. Біз олардың спортшы дайындау ісіне мән беріп көрдік пе? Тағы бір оқиға ойға оралады. Бір әріптесім Болгарияға барып бапкерлік жасауға келісімге келеді. Қомақты жалақысы бар. Ол біздегі тәжірибе бойынша шәкірттеріне тәлім береді. Күндердің күнінде оған жергілікті басшылар спортшыларға үлкен салмақ салмау жөнінде ескерту жасайды. Ақырында ол қызметінен кетуге мәжбүр болды. Өйткені, ол елде балуандар дайындаудың өз әдістемесі бар. Байқағанымыз, көптеген елде талантты жас­тарды ересектер арасындағы беделді бәсекелерге дейін шарша­тып алмауға тырысады. Тіпті, олар жас­өспірімдер мен жастар арасындағы сан алуан сайыстарда жүлделі орындарда көрінбеуі де мүмкін. Ал әрбір спортшының бабы мен бағы қатар сыналатын Олимпиада және Әлем чемпионатында қарсыласын алып та, шалып та жығатын шымыр жігіттер жарқ етіп көрінеді. Біз бұл жағын да ескеруіміз тиіс, – дейді бапкер өмірлік тәжірибесіне сүйеніп.

Рас, көптеген жанкүйер көке­йінде «Бізде еркін күрестен неге Олимпиада және Әлем чемпионы шыққан жоқ?» деген сауалдың жүргені анық. Шынында, тәуелсіз ел атанғаннан бері қазақстандық спортшылар қаншама беделді бәсекелерде бақ сынап қайтты. Де­генмен, әлі күнге дейін қоржынға алтын медальдің түспеуі бәрімізді алаңдатады.

– Әбеке, білікті маман ретінде бұған қандай пікір айтасыз?

Ағамыз бұл сауалға бірден жауап қайыра қойған жоқ. Асықпай ойланып алды. Содан кейін әңгіме желісін одан әрі өрбіте түсті.

– Оған бір сөзбен жауап беру оңай тимес. Оның бірнеше себебі бар. Әрбір дүбірлі додаға осал спортшы келмесі анық. Бәрі де жеңімпаз тұғырынан көрінуді қалайды. Оған қайсысы дайын? Бұл жерде мен тек балуанның физикалық дайындығын сөз етіп отырған жоқпын. Спортшы психология­лық тұрғыдан да осал түспеуі керек. Жеңіске жету жолында әрбір балуан түрлі тәсілдерге барады. Сол айлаға түсіп қалмауы қажет. Кейде төрешілер тарапынан бұра тарту жағдайы да кездеседі. Сондықтан боз кілем үстіндегі белдесуде балуан барлығына дайын болуы тиіс. Осыдан кейін ғана олар жоғары нәтижеге қол соза алады, – деді ағамыз.

Білікті бапкер кейбір ба­луандарда психологиялық тұрғы­дан әлсіздік танытып алатын жағдайын жасырған жоқ. Оған байланысты мысал да келтіріп өтті. Шәкірттерінің бірі еңбек­қорлығымен көзге түсетін. Оның түрлі додада чемпион ата­нуына барлық мүмкіндігі бар еді. Сондай сын сәттерде ол қар­сыласына есе жіберіп қойып жүрді. Сол әдетінен арыла алған жоқ. Ақырында өз шешімімен үлкен спорттан қол үзуіне тура келді. Қысқасы, әрбір үміткердің өзіне деген сенімі жоғары болуы тиіс.

Қайбір жылдары елімізде сырт­тан спортшылар шақыру белең алып кетті. Өкініштісі, күрес­те олардың арасынан Олимпиада мен Әлем чемпионатында чем­пион тұғырынан көрінген ешкім болған жоқ. Оның себебі де белгілі. Ешкім өзінің мықтысын шетке жібере қоймайды. Өзінің елінде жарқырап көріне алмаған балуан қайда болса да сол деңгейден жоғары шыға алмайды. Айта кетерлігі, қазір күрес өнерінде жергілікті балуандар жақсы көрініп келеді. Олардың арасынан олқылықтың орнын толтыратын шымыр жігіттер шығады деген үміт бар.

– Кезінде Қызылорда облысы еркін күрестен соңғы орындарды місе тұтып келді. Еліміздің өзге өңірлеріндегі балуандар біздің жігіттерді қарсылас көрмейтін. Менің бұл салада еңбек етіп келе жатқаныма қырық жылға жуықтады. Қазірге дейін облыста спортты дамытуға қаншама күш жұмсалды. Нәтижесін көріп жүрміз. Еркін күрестен талай шеберді дайындап шығаруға мүмкіндік туды. Біздің облыстан ересектер арасында жоғары нәтижеге қол созып жүрген Ғалымжан Өсербаев сынды көптеген жастар бар. Жер-жерде ашылып жатқан спорт кешендерінде еркін күрес үйірмелері бар. Оларда шеберлігі шыңдалған жастар шоғыры өсіп келеді. Келешек кемерінде сол өрендер арасынан өрелі биікті бағындыра алатын талай мықтының шығатынына үміт артамын. Бұл бағытта жергілікті мамандар ерекше еңбек сіңіріп жүр, – деді ол.

Дүние жүзін дүрбелеңге сал­ған қатерлі індет спортқа да елеулі салқынын тигізді. Жастар күнделікті жаттығу жиындарынан шет қалып қойды. Бұл оларға біршама қиындық алып келетіні сөзсіз. Өйт­кені, олар күнделікті жаттығу жасап, сан алуан са­йыстарда шеберлігін шыңдай түседі. Биыл халықаралық, рес­публикалық және облыстық тур­нирлер өткізуге рұқсат етілмейді. Төрт жылда бір мәрте жалауын желбірететін Олимпиаданың өзі кейінге шегерілді.

– Дәулеттің Олимпиадаға жол­дама алғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Қазір сол айтулы аламанға дайындығын пысықтауда. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасында жүлдеге қолсозым жерде қалып қойды. Өзім де сырқаттанып ол жаққа бара алмай қалдым. Оны бала кезінен күреске баулып келемін ғой. Дәулеттің қыр-сырына қанықпын. Бәлкім, оның тәжірибесі аздық еткен шығар. Ол уақытта жиырмадан енді асқан шағы. Қателік жіберуі ғажап емес. Содан бері он жылға жуық уақыт өтті. Тәжірибесі молайды. Шеберлігін шыңдады. Ендігі кезекте жанкүйер көңілінен шығатын көрсеткішке қол созады деген ойдамын, – деді ол.

Әрбір бапкер шәкіртінің толайым табысқа қол созғанын қалайды. Қазір еркін күрестен облыстың аға бапкері қызметін атқаратын Әбутәліп Аманов сол жолда ұзақ жылдан бері ты­нымсыз еңбек етті. Сыр өңірінде талай талантты тауып, олардың биік белестерді бағындыруына дұрыс жол сілтеді. Бүгінде Қы­зылорда облысының еркін кү­рестен елімізде алдыңғы қатардан көрініп жүргені соның жемісі екені айдан анық.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<