Қазақстанда спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы берілетін төлем бірнеше есеге өсуі мүмкін

1065

0

Қазақстанда Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының, әлем чемпиондары жеңімпаздары мен олардың жаттықтырушыларының өмір бойы ай сайынғы төлем көлемі өспек. Бұл туралы Ашық НҚА сайтында жарияланған ҚР Үкіметі қаулысының жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларға, оларды дайындаған жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы төлем – 100 айлық есептік көрсеткіш (2021 жығы есеппен 291 700 теңге – автор) мөлшерде төленеді», деп жазылған Қаулы жобасында.

Қазіргі кезде әлемдік додалардың жеңімпаздары мен олардың жаттықтырушыларына 24,0 айлық есептік көрсеткіш (2021 жығы есеппен 70008 теңге- автор) көлемінде ақы төленуде.

Ал Мәдениет және спорт министрлігі аталған қаулы жобасына қатысты пікір білдірді.

«Қоғамдық талқылауға ұсынып отырған жобаның мақсаты – ай сайынғы материалдық қамсыздандыру төлемдерін арттыру арқылы спортшылар мен жаттықтырушыларды жоғары спорттық нәтижелерге ынталандыру, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету. Аталған өзгерістерді ұсыну кезінде көптеген мемлекеттің тәжірибесі зерттелді.

Жоғарыда айтылған Ресейден бөлек, АҚШ, Канада, Австрия, Швейцария, Ұлыбритания сынды бірқатар елдердің қаржылай қолдау көрсету механизмі негізге алынды.

Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы және ай сайынғы материалдық қамсыздандыру «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға сәйкес, республикалық бюджеттен төленді», – деді министрліктің баспасөз қызметі ҚазАқпаратқа.

Айта кетсек, аталған өзгеріс 14 қазанда қоғамдық талқылаудан өткен соң республикалық бюджеттік комиссия отырысында талқыланады. Өзгеріс қолдау тапса, материалдық қамсыздандыру 2022 жылы Заң жүзінде іске асады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<