Спорт – денсаулық дәнекері, салауаттылық сабағы

782

0

 Халқымыздың «бірінші байлық – денсаулық» деп адам саулығын бар байлықтың басына шығаруының мәнінде салауатты өмір мен рухани айшықтың қатар жатқанын аңдауға болады. Өйткені даму мен құндылық жасаудың тетігі адам денсаулығымен сабақтас. Сондықтан да мемлекет тарапынан денсаулықтың басты тірегі саналатын спорт пен дене шынықтыруға қай кезде де жете көңіл бөлінген.

Тәуелсіз еліміздің жыл­нама­сына қарап отырсақ та, бұл мәселеге әрдайым сер­гектікпен қарап, көптеген заңдар мен жар­лық­тар қабылданыпты. Солар­дың бірі – 2016 жылғы 11 қаңтардағы Президент жар­лығымен қабылданған Қазақ­стан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамы­тудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы. Осы құжатта: «Қазақстан Респуб­ликасы – жүзден астам этнос тұратын әлемдегі ірі көп­ұлтты мемлекеттердің бірі, олар­дың әрқайсысының бірегей айрықша материалдық және рухани мәдениеті бар, оның ажырамас құрамдасы тамыры тереңде жатқан дәстүрлері бар бұқаралық халықтық спорт түрлері болып табылады. Осылайша мемлекеттік ұлттық саясатқа көпұлтты қоғамның заманауи қажеттіліктері мен мүдделеріне сай келетін жаңа тұжырымдамалық тәсілдер қажет болып отырған, өріс алған жаһандану жағдайында спортты ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтатын ерекше мәні бар маңызды факторлардың бірі ретінде қарауға болады.

Түптеп келгенде, спорт жалпы­ұлттық бірліктің, ынты­мақтың нышанына айналып, жаңа қазақстандық патрио­тизм­нің, мақтаныш сезімнің және өз елімен ынты­мақ­тас­тық­тың негіздерін қалып­тас­тырудың маңызды аспек­тіле­рінің бірі болып отыр» – делінген.

Сондай-ақ, тұжырымдама еліміздегі спорт пен дене шы­нықтыруды дамытудың кешенді негіздерін жасаған болатын. Осыған орай арнайы талдау нәтижесіндегі проблемалар да атап көрсетілген еді.

Солардың қатарында – жетекші шет елдермен салыс­тырғанда халықтың спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылдану мен қамтылуының төмендігі, спорт саласы патриоттық пен бірлік идеологиясы арқылы ұлтты біріктіретін әлеуетті толық ашпайтыны айтылды. Мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік әлеуетінің нашар пайдаланылуы, интернет-ресурс­тар арқылы саламатты өмір салтын насихаттауды қоса алғанда, жеткіліксіз ақпараттық сүйемелдеу де кедергі болды. Ауылдық жерлердегі нашар да­мыған спорт инфрақұрылымы,  білікті кадрлардың, оның ішінде спорт менеджменті және бизнес саласындағы, сондай-ақ бейімделген дене шынықтыру жөніндегі кадрлардың тапшы­лығы деген секілді бірнеше өзекті мәселелер аталған.

Зер салып отырсақ, бүгіннің өзінде осы аталған мәселелер едәуір еңсеріліпті. Соның дәлелі ретінде біз О.Акимов басшылық жасап отырған облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының соңғы жылдардағы атқарған жұ­мыстарын сараптап көрдік.

Биыл аймағымызда дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары өткен жылдармен салыстырғанда 29 процентке көтеріліп, 232 мың адамға жуықтапты.

  Бұқаралық спортты дамыту үшін бүгінгі таңда мем­лекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 120,5 млн теңге бөлініп, 282 спорт нұсқаушысы 138 елді мекенді қамтып, 41 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді.

Облыста 2210 спорт ғи­мараты жұмыс жасайды, олардың 1483-і ауылдық жерде орналасқан. Спорт саласының дамуы бірінші кезекте спорт нысандарының жеткілікті дәрежеде болуымен тығыз байланысты екені түсінікті.

Соңғы екі жылда аймақта 16 спорт ғимараты іске қосылса, оның 9-ы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқарылған, ал, 7-уі облыстық бюджет есебінен салынған. Атап айтсақ, жалпы көптің игілігіне берілген мұндай спорт ғимараттары Қызылорда қаласында, Жаңақорған, Шиелі, Қазалы аудандарының бірнеше ауылдарында бой көтерген.

Биылғы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 20 жобаны жүзеге асыру жыл соңына дейін жоспарланған. Ал, атқарылған жобалар қаншама.

Қызылордадағы «Мұз айды­ны» спорт кешенінің жанынан ашық жүзу бассейні ашыл­ған. Ғ.Мұратбаев атын­дағы орталық стадионға қайта жаң­­ғырту жұмыстары жаса­лынып, пайдалануға беріл­ген.

Осындай жөндеу жұ­­мыс­­та­ры жоғары спорт ше­бер­­­лігі мек­­­тебіне, облыстық олимпи­­а­­­­далық резервтің ма­ман­­­дан­­­­ды­рылған балалар-жасөс­пірім­­дер мектептері­не, «Еур­­­­­азия» спорт кешені­нің бас­­­сей­­ніне жүргізілген. Жалаң­төс баһадүр атындағы олимпиа­­далық резервтің облыс­тық мамандандырылған мек­­­­­­­­­теп-интернат колледжі күр­делі жөндеуден өткен. Сондай-ақ, Жо­салы және Әйтеке би кент­­­­­­теріндегі орталық ста­дион­да ағымдағы жөндеу жұ­мыс­­­тары атқарылған. Ал, Қы­зыл­ор­дадағы «Нұрсәт» тен­нис ор­талығының 4 жабық тен­нис кор­тының құрылыс жұ­мыс­тары жыл соңына дейін аяқ­талмақ.

Өткен жылы спорт мектеп­тердің материалдық-техни­калық базасын нығайту мақса­тында қала, аудан мектептері 8, биыл 2 автокөлікпен қамта­масыз етілген.

Сондай-ақ, былтыр Қызыл­орда қаласында «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы», биыл «Мүгедектерге арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемелері құрылған. Мүге­дектерге арналған спорт клубында 15 спорт түрінен 331 мүмкіндігі шектеулі жан шұғылданады. Біз білген деректер бойынша республикамызда дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын 23 мың мүгедек жандар бар. Облысымыздағы бір ғана спорт клубында 300-ден аса мүмкіндігі шектеулі жан болса, елімізге шаққандағы еншіміз аз емес, әрине. Демек, бұл мәселеге дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан орнықты мән беріліп отыр деген сөз.

Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат колледжі аталымын иеленгенінен де хабардармыз. Мұның өзі спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасының арта түскендігін танытады.

  Жоғары білікті спортшы­лар және спорт резервін әзір­леу бағытында облысымыз­да олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарын­ды балаларға арналған мектеп-интернат колледжі, облыс­тық жоғары спорт ше­бер­лігі мектебі және 21 балалар мен жас­өспірімдер спорт мек­тебі жұмыс жүргізеді. Осы мектеп­тердегі 20597 оқу­шы­ның 41 спорт түрімен жат­ты­ғатыны қуантады. Бала­лар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, спорт клубтарында дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер саны 23058-ге жеткен.

Сонымен қатар, бүгінгі күні 7 аудан орталығы мен Қызылорда қаласындағы 8 дене шынықтыру-сауықтыру клубында 11789 адам спортпен тұрақты шұғылданып келеді.

Бұқаралық спортты да­мытудың негізгі жолы – жарыс­тарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту.

Осы мақсатта облыс аумағында жыл басынан бері 1145 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 250800 адам қатысқан. Соның ішінде мектеп оқушыларының арасында «Нашақорлыққа жол жоқ!», «Бәрің де жарысқа!» атты көңілді эстафетаға және ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамыту мақсатында қазақ күресінен өткен «Алтын белбеу» турниріне 16 мыңдай спортшының қатысқаны ақ­парат көздерінде бұған дейін де айтылды.

Облыс әкімінің жүлдесіне арналған мемлекеттік қызмет­керлер арасындағы спартакиада, облыс тарихында алғашқы рет бокстан ерлер арасында өткен ҚР спартакиадасы, пара­дзюдодан халықаралық турнир, жекпе-жек сайысынан ҚР кубогы және т.б. кешенді жарыс­тар, облыстық, республикалық турнирлердің ұйымдастырылуы мен халықты салауатты өмір сүруге және спортқа тарту бағытындағы жұмыстар облыстық спорт саласының тынымсыз еңбегімен келіп жатқан жетістіктер.

 Сондай-ақ, жоғары білікті спортшылар және спорт резер­він әзірлеу бағытында – бокс, гандбол, отырып ойнау волейболы, белбеу күресі, көкпар, тоғызқұмалақ, спорттық би, т.б. секілді спорт түрлерінен 19 ҚР чемпионаты, халықаралық және  республикалық  турнирлер ұйымдастырылып өткізілгенін көпшілік жақсы біледі.

Қала мен аудандарда әр жылы мамыр-қыркүйек ара­лығында бес ай бойы футболдан облыстық чемпионат өткізіліп келеді, ал, шағын футбол лигасы мамыр-қазан айларында жүргізіледі. Сонымен бірге, аптаның сенбі күндері дәстүрлі бұқаралық веломарафон және жүгіру маусымы жалғасып келе жатыр.

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президент күніне орай «Бір Отан. Бір тағдыр. Бір Елбасы» атты спорттық шара екі жыл қатарынан ұйымдастырылды.

Көк туымызды әлемнің әр қиырында желбіретіп, абыройымызды  асқақтатып, беделімізді биіктетіп жүрген спорт саңлақтарын көргенде Елбасының: «Өзге елдердің төрінде екі жағдайда көк туымыз желбірейді. Бірі мемлекет басшысының ресми сапарында, екіншісі спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтерілгенде» – деген сөзі еске түседі.

  Сыр спортшылары биылғы жыл басынан бері облыстық, республикалық, халықаралық және өз еліміздің чемпионаттарында, Азия, әлем чемпионаттарында, Азия ойындарында 5591 медаль олжалапты. Бұл – споршыларымыз осынша мәрте үздіктердің үштік тұғырына табан тіреді деген сөз. Егер салыстыру үшін айтсақ, қызылордалық спортшылар қоржынымызға 2017 жылы 3817, 2018 жылы 5418 медаль салыпты. Жылдан-жылға өсудің көрсеткіші – осы.

Облысымыздың  578 спортшысы ҚР Ұлттық құрама сапына еніпті. Бұл да үлкен жетіс­тік емес пе? Енді сол жетістіктерімізге жеке-жеке тоқталып өтейік.  

2019 жылдың наурыз айында АҚШ-тың Лас-Вегас қала­сында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Есенгелді Сәпи мен Рахат Бекболат жеңімпаз болды. Токиода каратэдодан ерлер арасында Нұржан Ақпанбет және Жапонияның Сайтама қаласында мәнер­леп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева әлем чемпио­наты­ның күміс жүлдесін иеленді.

Сәуір айында Түркияның Анталия қаласында шахматтан оқушылар арасында өткен әлем чемпионатында Назерке Нұрғали чемпион атанып, мамыр айында Токио қаласында пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында Фархад Каналбеков жеңіске жетті.

Маусым айында Таиландтың Бангкок қаласында отырып ойнау волейболынан өткен Азия чемпионатында Эрик  Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, қола жүлдеге қол жеткізді.

Шілде айында Индонезия­ның Соло қаласында шахматтан жастар арасында өткен Азия чемпионатында қос қызымыз Әсел Серікбай мен Назерке Нұрғали алтыннан алқа тақты.

Тамыз айында Ташкент қала­сында таеквондодан өткен әлем чемпионатында Айша Әділбекқызы күміс, Бол­гария­ның София қаласында өткен әлем чемпионатында еркін күрестен Бекзат Тәжі қола жүлде  иеленді.

Қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында еркін күрестен өткен әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков күміс жүлде иеленіп, 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына жолдама алды.

Сондай-ақ, Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында Қамшыбек Қоңқабаев күміс, Тұрсынбай Құлахмет қола жүлделерге ие болды. Бұл екі боксшының да болашағы жарқын. Қамшыбек бұған дейін Гамбургте өткен әлем чемпионатының ақтық сынында 2 дүркін әлем чемпионы М.Меджидовпен күш сынасып, күміс жүлдегер атанған. Ал, Тұрсынбай биыл ғана Азияның алтынын тағып, алғаш қатысқан әлемдік додадан қолына қола алып қайтты. Біз олардың чемпионат барысындағы жекпе-жектерін баспасөзде жариялап отырдық.

Сыр палуандарының жеңісті жолын жалғаған Тілеген Тынарбай болса жақында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдесін еншіледі.  

Биыл «Қайсар» футбол командасы 20 жылдан кейін ҚР кубогының финалына шықты. Жерлес аяқдопшыларымыз ал­дымыздағы 6 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында «Атырау» командасымен кездеседі, мүмкін «Қайсардың» қоржынына ел чемпионы деген атақ та түсіп қалар.

Міне, спорт саласында осындай жарқын жетістіктеріміз бар. Әрине, бұл жұмыстардың жан-жақты үйлесімділік тауып, тап-тұйнақтай атқарылуына облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының, оның басшысы ҚР Құрметті спорт қызметкері, кикбоксингтен елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші Олжас Азатұлы Акимовтің еңбегі ерен.

Мақаламызды тұжырым­дамамен бастаған едік, тұ­жырымдауда да сол мемлекет құжатына жүгінейік.

«Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай саланы дамытуда мынадай нәтижелерге қол жеткізіледі», – делінген құжатта. Сол тізбекте кәсіби жаттықтырушы кадрлар даярлау жүйесінің нығайтылатыны, мамандарды отандық оқу орындарында даярлау есебінен кадр тапшылығының жойылатыны және отандық спорттың танымал брендтерінің қалып­тастырылатыны айтылған.

Маған осыдан соң шетелдік жаттықтырушылар мен бапкерлерге қарап ауыз ашып, солардың ақылын қажетсінуден құтылсақ екен деген ой келді. Оған қоса қымызымыз секілді қымқырып кетпей, көк бөріні кие тұтқан халқымыздың көкпары мен тоғызқұмалағы әлемнің төріне шықса деймін. Кеңге қанат сермеген қазақ күресі секілді.

Спорт – денсаулық дәнекері, салауаттылық сабағы. Оны жанына серік еткен әрбір адамға бақытты өмірдің кепілдігі бар. Себебі табиғаттағы барлық жаратылыстың біртұтастығын қозғалыс реттеп отырады. Ал, әлем ішінде қозғалыс ырғағы бұзылған денелер өмір сүруін тоқтатады. Қына шықпаған тас – тамшының құрбаны, ақпаған су – топырақтың азығы, адам – тоқыраудың тұтқыны.

Қозғалыста болайық!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<