Төрлет, Токио Олимпиадасы!

758

0

Былтыр дүние жүзін дүрбелеңге салған қатерлі індет салдарынан бір жылға кейін шегерілген Токио Олимпиадасының алауы жағылатын сәт туды. Ертең, 23 шілдеде күллі әлем жұртшылығы күншығыс еліне көз тігеді. Айта кетерлігі, айтулы аламанда 2020 логотипі сақталады. Жарыстар 24 шілде мен 8 тамыз аралығында өткізіледі.

Әдетте, мұндай доданы ұйым­дастырушылар ашылу сал­танатын айрықша өткі­зуге тырысатыны белгілі. Жер шарына түрлі тың идея­сымен танымал жапон жұрт­шылығы алдағы Олимпиада бұрын-соңды болмаған ең инно­вациалық шара ретінде елдің есінде қалатынын айтады.

Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты барынша жеңілдетіліп, жарысқа келетін делега­циялардың құрамындағы адамдардың санын қысқарту жоспарланып отыр. Қолданыстағы шектеулер оларға қалай әсер ететіні белгісіз, өйткені қазіргі уақытта Жапония шекарасы негізінен шетелдіктер үшін жабық.

Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Олимпиада бағдарламасына бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді спорттың  бес түрі енгізілген. Алдын ала мәлімет бойынша айтулы аламанға жұмыр жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11090 спортшы қатысады деп күтілуде. Жарысқа қатысушылардың 49%-і әйелдер болмақ. Ұйымдастырушылар оны гендерлік теңдікті білдіретінін айтады.

Қазақстандық 95 спортшы күншығыс еліне спорттың 27 түрінен бақ сынайды. Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті Токио Олимпиадасының іріктеу және рейтингтік жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды.

Токио төрінде Қазақстан жалауын қызылордалық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шығады. Айта кетерлігі, жерлесіміз – біздің өңірден мұндай мәртебеге ие болған тұңғыш спортшы.

Талай дүбірлі додада жеңіс тұғырынан көрінген саңлақтарымыз жарыс бағдарламасына алғаш енгізілген спорттық құзға өрмелеу және каратэ  секілді сайыс түрлерінен ел намысын қорғайды. Олардың қатарында каратэ бойынша ерлерден Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев, қыздардан Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева, ал құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин бақ сынайды.

Танымал қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова өзінің спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды. Қазірге дейін ол беделді бәсекенің алтын, күміс және қола медаліне қол жеткізіп үлгерген. Осыған дейінгі қатысқан барлық Олимпиадада ол жүлдесіз қайтқан жоқ.

Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама болып отыр. Олар Олимпиада ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды.

Дәстүр бойынша бокстан Қамшыбек Қоңқабаев бастаған ерлер командасы толық құраммен сегіз салмақ бойынша қатысады. Ал гимнастшы Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдаманы еншілеп, іріктеу кезеңін сәтті аяқтады. Жүзуден қазақстандық спортшылар үш жолдаманы иеленді. Оның екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі. Отандасымыз Руслан Құрбанов Халықаралық семсерлесу федерация­сының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортшының қатарына енді.

2004 жылғы Афинадағы Олимпиада ойындарынан кейін алғаш рет үш қазақстандық велошабандоз топтық жарыс­та бақ сынауға мүмкіндік алды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысы Алексей Луценко зор үлес қосты. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкеліп, тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша үш лицензия жеңіп алды. Айта кетерлігі, спорттың аталған түрі бойынша жолдаманың Қазақстан үшін тарихи маңызы бар. Себебі, қазақстандық спортшылар бұған дейін аталған сайыс бойынша Олимпиада ойындарында жарыс жолына шығып көрмеген еді.

Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олимпиа­да ойындарында командалық жарысқа қатысады. Ал он бір жолдама балуандарға тиесілі болса, жеңіл атлеттер де осы мөлшерде лицензия жеңіп алды. Теннисшілер жеті, ал байдарка мен каноэде есуден алты жолдама қоржында. Рейтингтік жарыстар нәтижесі бойынша дзюдошылар алты жолдаманы иеленді. Токио төрінде белдесетін татами шеберлерінің арасында тәжірибелі Елдос Сметов бар. Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының еншісінде қос жолдама, сондай-ақ, таеквондо мен слаломды есу бойынша спортшылар екі лицензия алды.

Биыл Олимпиада өзінің тарихында 32-мәрте жалауын желбіретеді. Тұңғыш рет 1896 жылы Грекия жерінде басталған айтулы аламан содан бері барша адамзат баласының қызыға тамашалайтын бәсекесіне айналды. Әлем жұртшылығы АҚШ-ты аталған сайыс­ты ең көп өткізген ел ретінде таниды. Онда 4 рет  жазғы және 4 рет қысқы Олимпиада өткізілген. Ал Франция 2 жазғы, 3 қысқы аламанның алауын жақты.  Одан кейінгі кезекте Ұлыбритания 3 рет (3/0), Германия 3 рет (2/1), Жапония, Италия, Канада 3 рет (1/2) осындай сенімге ие болған. Ал Австралия жазғы ойындарды бір рет өткізген. Ал Авс­трия, Швейцария және Норвегия қысқы ойындарын. Швеция, Бельгия, Нидерланды, Финляндия, КСРО, Мексика, Оңтүстік Корея, Испания және Қытай бір реттен жазғы ойындарды өткізген. Югославия (Босния және Герцеговина) бір рет қысқы ойындарды қабылдаған. Жазғы ойындар 18 елде, ал қысқы 11 елде өткізілген.

Қалалар арасында Олимпиада ойын­дарын Лондон 3 рет қабылдаған. Ал ­Лос-Анжелесте, Парижде, Афинада екі-екіден жазғы ойындар өткізілген, Әлемде Олимпиада ойындарын өткізген 41 қала бар. Оның 22-і жазғы, 19-ы қысқы бәсекені қабылдады.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<