Экономика: Қарыз туралы қаншалықты білеміз?

1808

0

Әлемде экономиканың беталысын, бағдарын айқындайтын, сол арқылы әрбір елдің мүмкіндігін сараптан өткізіп тұратын институттар бар.

Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, түрлі агенттіктер солардың қатарына жатады. Бүгінге дейін әлем елдерінің күш-қуатын, әлеуетін айқындау үшін үш критерий негізге алынып келеді. Олар – жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші, халықтың жас ұзақтығы, білім деңгейі. Бір қарағанда осылардың барлығы шынайы мүмкіндігімізді сараптан өткізуге жеткілікті сияқты болып көрінгенімен, осынау критерийлерге қазір халықаралық қауымдас­тықтың өзі күмәнмен қарай бастады. Бұл орайда әңгіме, ең алдымен, жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткішіне байланысты көп айтылады. Олардың қатарында, әлбетте, маңызды критерий ретінде мемлекеттің сыртқы қарызы да сөз болады.

Қазір халық арасында осы қарыздың алдағы ұрпақтың еншісіне бұйыратынын айтып, алаңдаушылық білдіретіндер көбейді. Сонымен сыртқы қарыз қаншалықты қауіпті? Талдап көрейік.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның сыртқы қарызы 170 млрд долларға жуық. Оның 7,9 проценті – мемлекеттік сектордың, яғни Үкіметтің берешегі. Ал 5,2 млрд доллары қаржы нарығының – банктердің үлесіне тиесілі. Бұл – жалпы қарыздың 3,3 проценті. Сыртқы қарыздың 25,5 проценті – немесе 40,7 млрд доллары басқа секторлардың берешегі.

Қалған 101,3 млрд доллар немесе жалпы қарыздың 63,4 проценті фирмааралық берешек саналады. Сарапшылардың  айтуынша, сыртқы қарыздың көп бөлігін құрап отыр­ған фирмааралық берешектер халық пен мемлекет үшін аса қауіпті емес.

Бірақ сарапшылардың есебінше, соңғы жылдары Үкіметтің сыртқы қарызы өскен. 2020 жыл басында пандемия­ға байланысты әрі жаңа бюджетті қарастыру кезінде Үкімет
3 млрд долларды сырттан іздеу керектігін ашық мәлімдеді.

Кейбір депутаттар мен сарапшылар Қазақстанның сырт­қы қарызын тұтастай қарастырып, әрбір тұрғынның мойнындағы қарыз көлемі 9 мың доллардан айналады дегенді алға тартуда. Бірақ бірқатар сарапшылар бұл цифрға түзету енгізу керектігін айтады. Себебі жалпы қарыздың ішінде Үкіметтің үлесі аз.

Тағы бір шындық бар. Шетелдерден қарыз алып отырған жалғыз Қазақстан емес, олар жеткілікті. Әлемдік үрдіс осындай. Бар болғаны халықаралық нормаларға сәйкес сыртқы қарыз бен ішкі жалпы өнімнің ара қатынасы сақталуы керек, яғни, сыртқы қарыз ішкі жалпы өнімнің белгілі бір мөлшерінен асып кетпеуі қажет.  Айталық, 80-100, кейде 130 процент төңірегінде сөз болады. Бұл – асып кетпеуі тиіс шекті мөлшер.

2020 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің жалпы сыртқы қарызының (фирмааралық қарыз да бар) көлемі осы уақыт ішіндегі ішкі жалпы өнімнің 100 процентіне жетпейді. Егер біз әлемдегі алпауыт ел АҚШ-тың жүздеген триллион доллар, Украинаның, басқа да ондаған елдердің әрқайсысының 150-200 млрд доллар қарызын алсаңыз, Қазақстан ахуа­лын шүкіршілік деуге болады.

Ішкі жалпы өнім – бір жыл ішінде өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің жалпы жиынтығы, яғни ақшалай мөлшері. Ол қазір бізде шамамен 70 млрд АҚШ долларын құрайды. Бірақ Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің құрылымы шикізатқа тәуелді. Әрбір басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жөнінде ұдайы алаңдаушылық білдіретіні сондықтан. Шикізат қоры шектеулі. Ал сыртқы қарыз ұзақ мерзімге алынады, яғни, мұндай жағдайда шетелден қарыз алу қауіпті. Өйткені шикізат қоры таусылғанда, қарызды қалай өтейміз деген мәселе алдан шығады. Ол үшін бұған дейін талай мәрте айтылғандай, экономиканы әртараптандыру керек. Мәселен, біз мұнайды шикі күйінде сатамыз. Ал Германия одан 400-ден астам өнім өндіреді. Сол себепті технология, техникасы дамыған Германия үшін сырттан қарыз алу аса қауіпті емес. Себебі олар арзан шикізаттан қосымша құны жоғары өнім шығарады.

Сарапшылардың пайымдауынша, 2021 жылдан бастап Қазақстан сыртқы қарыздарға қызмет көрсетуге, яғни проценттік мөлшерлемесін төлеуге, қарызды қайтаруға көп қаржы жұмсайтын болады. Себебі осыдан 15-20 жыл бұрын алынған берешектерді қайтаратын уақыт таяды. Ал бұл жағдай мемлекеттік бюджетке, Ұлттық қорға міндетті түрде салмақ салады.

Кейінгі төрт-бес жылда Ұлттық қордағы қаржының шамамен 30 процентке жуығы жұмсалып кетті. Бұрын Ұлттық қордан бюджеттің шығындарын жабуға жұмсалатын қаржының мөлшері шектеулі еді. Қабылданған 2021-2023 жылғы бюджетке Ұлттық қордан 5 трлн теңгеден астам трансферт бөлу көзделуде. Қазір әлеуметтік төлемдердің көлемі өсуде. Жалақы артты, бұл орайда ақша сұрап жатқандар легі әлі толастайтын емес. Біздіңше, қазір бізге тәбетімізді біршама тыя тұрғанның артықтығы жоқ деп ойлаймын. Сарапшылардың пікірінше, жердің асты-үстіндегі байлықтың бәрі таусылғанда, сыртқы қарыз дәл осы Ұлттық қордың есебінен қайтарылады. Қазірдің өзінде елдің сыртқы қарызындағы мемлекеттік сектордың берешегін қайтару үшін қордағы ақшаның жартысынан көбін жұмсау керек болады. Ол аздай Үкіметтің кепілдігімен корпоративтік қарыздар алынады. Кепілдік берген соң, мұндағы жауапкершілік те мемлекетке жүктеледі. Бұл енді алаңдатады.

Мәселенің соншалықты қауіпті еместігін айтып, өзімізді жұбатқанымызбен, америкалық немесе қытайлық кәсіп­орындар Қазақстан нарығына енерде саналы түрде көп көлемде қарыз алып келетінін ескергеніміз абзал. Бұл сырт­қы қарыз құрылымындағы фирмааралық берешекке жатады. Қарызды басқа емес, бас компанияларымен байланысы бар ұйымдардан алады. Сөйтіп, біздің елде өнім өндіріп, одан түскен қаржының негізгі бөлігін Қазақстанға келерде алған қарыздарын өтеуге жұмсайды. Бұл – Қазақстан бюджетіне көп мөлшерде салық төлеуден жалтарудың бір жолы. Экономика үшін мұның да қаупі зор. Өйткені ел қазынасы қаншама қаржыдан қағылып отырғанын айтады бірқатар сарапшылар.

Қазақстан бүгінгі әлем бастан кешіп отырған күрделі кезеңге қадам басты. Бірінің сөзіне бірі құлақ аспайтын әлемдегі хаос Қазақстан сияқты дамушы елдерге көп салқынын тигізеді. Әзірге мұнай бағасы қолайлы, сыртқы қарызды өтеуге тиімді жағдай қалыптастырып отыр. Әрдайым осылай бола берсе, кәнекей?!

Дұрысы, сол қарыздан аулақ жүргенге не жетсін, шіркін!

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<