ӘЛЕМ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ СЫРҚАТЫ Н.Кондратьевтің 80 жыл бұрын айтқан болжамдары бүгін шындыққа айналды

597

0

Әлемдік экономикалық дағдарыстардың сипатын нарық экономикасының өз табиғаты мен болмысынан іздеу қажеттігін айтқан, шектен тыс пайданың тойымсыздық психологиясын тудырып, халықтың белгілі бір бөлігінің қайыршылыққа ұшырауына әкеп соқтыратынын күллі әлемге паш еткен Карл Маркс ілімін бүгінде Батыс шонжарларының өзі мойындай бастады. Біз күні кеше келмеске кетті деп санаған социализммен бірге есімін жадымыздан шығара бастаған К.Маркстың портреті әлемдегі санаулы экономистердің қатарында Кембридж және Оксворд университеттерінің көрнекті жерінде ілініп тұрғанын білеміз бе? Білмесеңіз бұл айтқандарымыздың тұп-тура ақиқат екенін қалың оқырманның есіне сала кеткіміз келеді. Бұл тұрғыда айтарымыз, социализм идеясының авторы мойындалып жатса, ол қоғамның өзін жерлеу әзірге ертелеу болар дейміз.

Тосын құбылыс, әдетте, өткен тарихымыздың сүреңсіз, қайғылы оқиғаларына да қайта үңіліп, сана сүзгісінен өткізуге итермелейді. Бүгінде Ресейдің зиялы қауымы экономикалық ой болжамдары жағынан К.Маркстен кем түспейтін, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары әлем экономикасындағы өрлеу мен дағдарыс кезеңдеріне талдау жасап, әр дәуірдегі тоқырау мерзімін дөп басып айтқан орыс экономисі Николай Кондратьев есімін құрметпен атар еді. Зерттеушілердің, ғалымдардың пайымдауынша Кондратьев Маркстің «Капиталда» қорытындылаған тұжырымдарын сол «сақалды» кемеңгердің тоқтаған жерінен әрі қарай жалғастырып кеткен керемет озық ойлы ғалым еді. Кондратьев Ресейде Керенский басқарған уақытша үкіметтің мүшесі – азық-түлік министрінің орынбасары, кеңес өкіметі орнағанда В.Лениннің НЭП (жаңа экономикалық саясат) саясатын табысты жүргізген ғалым-экономист болды.

Өз талдаулары арқылы ғалымның есімі 20-шы жылдары бүкіл әлемге танылды. Бірақ капитализмді қайта жаңғырту идеясымен «айыпталған» Кондратьев сол жылдары қайта-қайта тұтқынға алынып, ақыр соңында 1930 жылы 8 жылға сотталды. Түрмеде жатып әлем экономикасының құлдырау, өсу динамикасына талдау жасаған ғалым өзіне дейінгі екі жүз жылдық ахуалды сараптан өткізді. Дағдарыстардың шарықтау шегі мен құлдырау нүктесінің динамикасын жасады. Оның себеп-салдарларын ашты, тіпті ол өткен ғасырдың 30-шы жылдары АҚШ-та басталған депрессияның мерзімін алдын ала дөп басып айтты. Түрмеден босану уақыты таяғанына қарамастан ауыр науқастан қажыған ғалым 1938 жылы атылып кетті. Ол кешегі 80-ші жылдары ақталды.

Кондратьев әлем экономикасының табиғатына қатысты қандай болжамдар айтты? Осыдан 80 жыл бұрын орыс ғалымы әлем экономикасындағы дағдарыстардың кейде 45-60 жыл уақытты қамтитын созылмалы сырқаттарын айқындап берді. Оның пайымдауынша осындай экономикалық циклдардың нәтижесінде әлемдік қауымдастықтың өндіргіш күштері өз мүмкіндіктерін сарқып бітіп, дамудың жаңа деңгейіне өту қажеттілігі туындайтын болады. Бұл ғылыми тұжырым ретінде Кондратьев циклдары деген атауға ие болып отыр. Атап айтқанда, ол созылмалы дағдарыс циклдары 2020 жылға дейін, одан кейін тым ұзақтау кезеңдерді – 2040-2060 жылдарды қамтуы ықтимал екендігін болжады. Ұзақ толқындар концепциясы деген атауға ие болған осы кезеңдерді бүгінгі ғалымдар Кондратьев есімімен байланыстырады.

Кондратьевтің циклдары бойынша әлем экономикасының төмендеу толқындары созылмалы түрде 2015-2025 жылдарды, өсу толқындары 2025-2045 жылдарды қамтуы ықтимал. Кереметтігі сол, алдын ала ұзақ жылдар бұрын айтылған болжамдардың бүгінгі таңда біршама шындыққа айналып отырғанын атап өтпеске болмайды.

Не істеу керек? Ғалымдар қандай идея ұсынады? Шындығында, егер дағдарыстың табиғатын капиталистік нарық экономикасының өз болмысынан іздейтін болсақ, онда бұл қатынастардың келешегі бұлыңғыр болғаны ма? Капитализм дүниесінің жанашырлары мұндай пікірге үзілді-кесілді қарсы, олардың пайымдауынша әрбір дағдарыс жаңа серпінді дамуға жол ашатын қақпа іспетті, яғни тоқыраудан өтіп, серпінді сілкініс жасау жаңа сапалы деңгейге көтерілудің кепілі болып табылады.

Бүгінгі таңда дағдарыс құбылысымен жаһандық нарықтағы барлық мемлекеттер бетпе-бет келіп отыр. Неліктен бұлай болды? Мұның басты себебі – соңғы уақытта 2008-2009 жылдары болған негізгі қаржы дағдарысының проблемалары толық шешілмеді. Қордаланып қалған мемлекеттік және корпоративтік қарыздар, қаржы саласы мен экономиканың нақты секторы арасындағы алшақтық осындай жағдайға әкеліп соқтырды.

Америкалық сарапшылардың пікірінше, 2016 жылы жаһандық қарыздың жалпы көлемі 300 трлн долларға жетті. Оның алдағы уақытта болжап болмайтын зардаптарға әкелетін көлемді құрап отырғанын атап өткіміз келеді. Бұл мәселенің дамыған және дамушы елдерге де қатысы бар. Қордаланған қарыз инвестициялық белсенділікті әлсіретіп, экономиканы дамытудың перспективаларына көлеңкесін түсірді. Бұл мәселеге Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жан-жақты талдау жасаған болатын.

2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысынан кейін АҚШ пен Еуроодақ капиталдары даму қарқыны жоғары мемлекеттерге бет бұрды. 2009 жылдың шілдесі мен 2014 жылдың маусымы аралығында әлемдегі 19 дамыған мемлекетке 2 трлн доллар инвестиция құйылды. Ол әлемдік дамудың жаңа локомотивіне айналды. Көптеген сарапшылар Қытай, Индия, Бразилия, Индонезия мен басқа да елдер жақын арада АҚШ, Еуроодақ және Жапонияны жетекшілік позициядан ығыстырып шығарады деген болжам жасаған болатын.

Өкінішке орай, ауқымды капиталдар құйылған дамушы мемлекеттер де бұрын дамыған елдер де проблеманы бастан кешті. Қаржы мен жылжымайтын мүлік нарығында «көпіршік» құбылысы яғни материалдық игілікке негізделмеген ақша тасқыны пайда болды. Өндіріс пен экспортты дамыту, арзан жұмыс күшін қалыптастыру секілді экономикалық өсім моделі өз-өзін ақтамады. Себебі, экономиканың заңдылығына қайшы әрекетке барған алпауыт мемлекеттердің инвесторлары жұмыс қолы арзан жерлерге ұмтылыс жасай отырып, сатып алу қабілеті төмен халық тобының өсуін тездетті. Сөйтіп рынокта капиталистік дүниенің өндірген өнімін сатып алуға жағдайлары келмейтін кедейлер шоғыры қалыптасты. Әлемнің бар байлығы социализм көсемдері айта беретін ат төбеліндей дейтіндердің шексіз, шетсіз байлық көзіне айналды. Кедей барынша жарлыға айналып, ауқаттылар мен жоқ-жұқалардың тұрмыс деңгейіндегі айырмашылығы шарықтап кетті.

Жалпы әлемде сауда жүргізудің қалыптасқан ережелері бар. Оларды негізінен бүкіл әлемдік сауда ұйымы реттейді. Бірақ соңғы кездері әлемдегі ірі державалардың, оның ішінде АҚШ әкімшілігінің өзі осы ұйымның іс-әрекетіне күмәнмен қарай бастады. 2017 жылдың соңғы айларында АҚШ президенті Вьетнамның Дананг қаласында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы аясында мемлекет басшыларының қатысуымен өткен саммитте америкалықтардың ендігі жерде өзінің коммерциялық мүдделерін қорғау үшін көпжақты кездесулерден бас тыртып, екіжақты өзара тиімді келісімдерге баратынын мәлімдеді. Бұл орайда Д.Трамп саммитке қатысушы 21 ел басшыларына ендігі жерде АҚШ-тың субсидиялау, демпинг мәселеріне төзбейтінін мәлімдеді. Оның мәнісі мынада, соңғы кездері кейбір мемлекеттер сыртқы рынокқа (АҚШ-қа әрине) өз тауарларын әдейі арзан бағамен шығара бастаған. Осының салдарынан АҚШ тауар өндірушілері бәсекеге қабілеттіліктен айырылған. Бұл орайда президент АҚШ-тың сауда балансында 2017 жылдың үш тоқсанының көрсеткішімен 400 млрд доллар көлемінде теріс сальдо қалыптасқанын мәлімдеді. Бұл қазақша ұғымға салғанда сыртқа 10 теңгенің өнімін шығарсаң, сырттан 15 теңгенің өнімін сатып алғанды білдіреді. Дүниежүзінде қазіргі таңда осындай әлемдік сауда соғысы жүріп жатыр. Мұны әдетте үшінші дүниежүзілік соғыспен байланыстыратындар бар. Ия, бүгінге дейін әлемде өз үстемдігін жүргізіп келген АҚШ-тың өзі қазір өз мүддесін қорғау үшін амалсыз әрекеттерге баруда. Бұл жалпы дағдарысты тудырып отырған бүгінгі қарама-қайшылығы болып табылады. Таңданыс тудыратыны сол, осының барлығын 80 жыл бұрын Н.Кондратьев қалай болжаған?

Әлемдегі қайшылықтар әлбетте, Қазақстанды да айналып өтпейді. 2015 жылы Бүкіләлемдік  сауда ұйымының толық мүшесі болған Қазақстан енді оның талаптарын орындай бастайды. Ауылшаруашылығын субсидиялау ережелері сол ұйымның талабына бағындырылады. Бәсекелестік ортаны қалыптастыру үшін Қазақстан қаржы рыногына шетелдік банкілер келе бастайды. Бұл қадамды мемлекеттен ұдайы қаржы алуға дағдыланған отандық банк басшылары әлбетте қаламайды. Бірақ бүгінгі тіршіліктің талабы осындай. Әлем экономикасының дамуы қаншама қарама-қайшылыққа толы болсын, оның талап-тәртібі әрдайым сақталады.

 

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<