Еңбегі еленген ер

1161

0

Қазақта «Дүние – қолдың кірі» деген сөз бар. Бұл тұжырымның байыбына тереңірек бармасаңыз, жұрттың бәрін дүниені тәрк етуге шақырып тұрған ұран секілді. Ал, шын мәнісінде, тіпті олай емес. Мақал бірыңғай дүниеқоңыздыққа кеткендерге арналғанымен, жалпы дүниенің керектігін жоққа шығармайды.  Себебі адамның өмір сүруі үшін әртүрлі материалдық игіліктер қажет-ақ. Солардың жиынтық дәрежесіне қарай, адамдарды шартты түрде бай, кедей деп жатамыз. Соңғы өлшеммен алғанда, мен сол кедейлікке жақындау болып өстім, қалыптастым. Содан болар пединститутқа конкурстан өтіп ауысқанымда кедейлік шырмауынан арыла алмай біраз қиындықтарға кезіктім.

Запыранға толы зарымды кафедра меңгерушісі Авербух Михайл Соломонұлы түсініп, КазМУ-дың аспирантурасына орын алып береді. Алматыға келсем аспирантура бөлімінің меңгерушісі Зинаида Уәлиханова менің орнымды пединститут басшылары біреуге бергенін айтып, маған КазПИ-ге баруға кеңес берді. Сөйтіп КазПИ-дің аспирантурасына қабылданып, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, профессор С.Толыбековтің жетекшілігімен ғылым әлеміне қадам бастым. «Иә, қазір мені жұмыстан шығармаса, аспирантураға кетер ме едім, КазМУ-ден қумаса, кім болса соның қолы жете бермейтін ғұлама ғалым Серғали Еспенбетұлына кездесер ме едім?» деп, пәлсапа заңына құлшылық ете отырып, маңдайымнан сипамаған ағаларыма рахмет айтамын.

Аспирантураны бітіріп келсем, орныма басқа біреуді қабылдап, мені философия кафедрасына ауыстырды. Тағы да дел-сал күй кешіп жүргенде, пединститут проректоры, профессор Н.Күнхожаев ДГМСИ-дің директоры Уәлихан Қозыкеұлына баруға кеңес берді. Уәлиханның кабинетінен бір-ақ шықтым. Раушан деген қарындасым келгенімді айтып шықты да:

– Кіріңіз, – деді күлімсіреп.

Екінші этаждағы кең кабинеттің төргі жағында шолақжең көйлек киген, моңғол тектес, бұйра қара шашты, отыздар шамасындағы тығыршықтай қараторы жігіт:

– Отырыңыз, – деген ишарат білдірді. Құжаттарымды көріп, көп сөзге келмей:

– Қыркүйекте сабаққа келіңіз. Саяси экономиядан 3-курс  студенттеріне орыс тілінде дәріс оқисыз, – деп қысқа қайырды.

Аға оқытушылыққа бұйрық беремін дегенде, жұмысқа қабылдай ма, қабылдамай ма деген дүдәмал оймен келгенде бейтаныс басшы төбемнен бақыттың шатырын жайып жібергендей сезіндім. Аға оқытушылықты алдыма өңгере салғанына таңғалып, ішімнен сеніміңді ақтармын деп серт те беріп үлгердім. Міне, сол күннен Уәлихан Қозыкеұлымен бірлескен қызметіміз басталды.

ДГМСИ-дің Қызылорда филиалының ашылуы сол кездегі кейбір скептиктердің «тек қазақтар тұратын облыста жастарға техникалық білім беретін оқу орнының табысты жұмыс істеуі мүмкін емес» деген ойының тас-талқанын шығарды. Тек облыс үшін емес республика сұранысын қанағаттандыратын сапалы, жоғары білімді мамандар даярлана бастады. Сыр еліне танымал құрылысшы Сұлтан Махамбетов Мәскеу мен Алматыдағы министрліктердің есігін тоздырып, қаржы көзін тауып, қарқынды құрылыстар жүргізді. Филиалдың оқу-материалдық базасы күннен-күнге нығайды, жоқтан бар жасалды. Осының бәрі Уәлиханның басқару шеберлігі, лауазымды басшылармен тең тіл табысуымен жүзеге асып жатты. Сөйтіп, филиал институтқа, кейін университетке – іргелі оқу орнына айналды. Қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті республикамыздың алдыңғы жоғары оқу орындарының қатарында.

Шебер басшы, ұйымдастырушы ретінде Уәлиханның іскерлігінен қандай ерекшеліктерді көруге болады? Ең алдымен, қарамағындағы қызметкерлерге деген сенімі. Ол әркімнің қабілетін, ой-өрісін, білімін, мінез-құлқын, керек болса, отбасылық жай-күйін есептеп, өлшеп-пішіп шешеді. Әркімнің ынта-жігерін жандандырып, қайратын жаниды, еңбек нәтижесін көруге жетелейді.

Уәлиханның басқару әдісінен тағы бір ерекше айтатын нәрсе – әрбір қызметкерге оның лауазымдық міндеттері шеңберінде еркіндік беруі. Бұл сөз жоқ, бірінші басшысының сенімінен туындайды. Содан да болар, кафедра меңгерушілері, факультет декандары оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіруде ынтамен, шығармашылықпен жұмыс істеп, басшы тарапынан бастау алатын ұсыныстар қолдау тауып тұрды. Екіжақты түсіністікке негізделген жұмыс тиімді нәтиже беріп, аз уақыт ішінде Уәлихан басқарған филиал ұжымы ғылым, білім, өнер, тәрбие бойынша облыстағы оқу орындарының алдыңғы сапында тұрды. Оқу-материалдық базасының жоғары қарқынмен дамуы нәтижесінде филиал Ы.Жақаев атындағы агро-өндірістік инженерлер дайындайтын институтқа, кейін политехникалық институтқа айналды. Қазіргі қаланың ортасындағы 5-оқу корпусы, жатақхана, «Жігер» кафесі, т.б. ғимараттар, 40-тан аса баспаналы болған оқытушылар мен қызметкерлер отбасы Уәлихан есімін паш етіп тұрғандай.

Уәлихан Қозыкеұлының тағы бір айтпауға болмайтын қасиеті – адам танитындығы. Осыдан бір нәрсе шығады-ау деген азаматты жеңіс пен жеңілістен тұратын өмір додасына қосып, табысқа ынталандыру үшін оған кейде оп-оңай жеңіс көкпарын алдына өзі өңгертсе, кейде көкпарға ұмтылған ессіз тобырдың артына шаңға батырады. Сөйтіп соны ширатады, шынықтырады, қиналғанда шығатын ащы тердің кермек дәмін таттырады, тек іздену және еңбекпен келетін абырой-атаққа жетелейді. Соған жігерлендіреді. Бәйгеге қосатын құнанның терін алғандай әбден аясына келгенде, үлкен сеніммен жарысқа қосып, қайта озып келуін жан-тәнімен тілеп, межеден өзі күтіп алады, оның жеңісіне қуанады.

Жоғарыда айтқанымдай, әркімнің жеке мүмкіндіктерін жете білген Уәлихан Ленинградтан институт бітіріп, осы қаланың жоғары мәдениетін, парасаттылығын қабылдаған, жоғары оқу орнының ережесін жатқа соғатын, қос тілді Серік Тойымұлын бірінші орынбасары етті. Берілген тапсырманың жігін жатқызып, ұқыпты дәл уақытында орындайтын, аз сөйлеп, көп іс тындыратын Өмірбек Үмбетовке қабылдау комиссиясының хатшылығын тапсырды. Жүзінен жылылық лебі есіп тұратын, қос тілді жетік меңгерген Аян Ибрагимқызына кеңестің ғылыми хатшылығын жүктеді. Қаладағы темір мен тақтайдың, трубалардың қай мекемеде, қай жерде жатқанын ұйқысынан оятып сұрасаң, жатқа айта беретін Әлібек Есенқараевты шаруашылық жөніндегі орынбасары етті. Талай ғимаратты сәнді әрі сапалы етіп салған танымал құрылысшы Сұлтан Махамбетовті құрылыс жөніндегі орынбасарлығына, студенттердің жоғын жоқтап, солар үшін бәріне де дайын тұратын, ұйымдастыру қабілеті жоғары, оқу-тәрбие жұмыстарында жедел әрі дұрыс шешім қабылдайтын Тұрлан Өтешұлы Искаковты факультет декандығына лайық көрді. Республикаға еңбегі сіңген архитектор Мәлік Сапарғалиевті, сұраған затын алмай қоймайтын Әли Ибрагимұлын кафедра меңгеруші, қызметте де, үйінде де партияның уставын басына жастап жататын Райхан Құтжанқызын партия ұйымының хатшысы, кеңестік идеологиямен бақайшығына дейін қаруланған Ә.Жұмаділдаевті хатшының орынбасары қызметтеріне қойды. Олардың табысты, нәтижелі, тиімді еңбек ететініне сенді.

Шаңырағын шырқау биікке көтеріп отырған Альмира Нұрлыбекованы қалай айтпасқа?!  Ғылыми лауазымының орта жеріне дейін келіп, оның шексіз мәресіне жету эстафетасын Уәлиханға тапсырып, «инемен құдық қазудағы» қиындықтарды бірге бөліскен Альмира барлығын ақылымен жеңіп, адал жайылған кең дастарханынан талай адамға дәм татқызды.

Қызылордадан кейін Уәлихан Қозыкеұлының өмір жолындағы табыстары айтарлықтай. Тараз мемлекеттік университетін басқарған жылдары университетке ортағасырлық ғалым-философ Мұхаммед Хайдар Дулатидің есімі берілді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Қазақстан жоғары оқу орындарының үштігіне кірсе, 2005 жылы табиғи қалдықтардан жаңа құрылыс материалдарын өндіргені үшін У.Бишімбаев бастаған университет ғалымдарына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Парламент Мәжілісінің депутаты болған жылдары индустриалды-инновациялық саясатты енгізуге күш-жігерін жұмсады.

Оның ғылыми жетекшілігімен 21 докторлық, 31 кандидаттық диссертация қорғалыпты. Өзі – 17 монографияның, 37 оқулық пен оқу құралының, 700-ден аса ғылыми мақаланың, 123-тен астам авторлық, патенттердің, инновациялық патенттердің иегері. Осы сандық көрсеткіштер академиктің ғылыми мүмкіндіктерін қалай пайдаланғанын дәлелдесе керек. Ғылыми еңбектерінің көпшілігі Арал өңірінің табиғи ресурстар мен экономикасына байланысты. «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», ҚР Білім, ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының иегері. Шетелдік ғылым академияларының, ғылыми қоғамдардың дипломдарымен, медальдарымен марапатталған. Қазір ғылымды дамыту бағытындағы қоғамдық қордың жетекшісі.

Уәлихан Қозыкеұлы Сырдың нәрлі суын сіңірген, Сыр халқының нағыз қазаққа тән асыл қасиеттерін сол қалпында қабылдаған, еліне бергенінен берері көп үлкен тұлға! Осындай тұлғалардың ойлы іс-әрекеттерінің кейде уақыттан да ерте жүретінін есептесек, шын мәнінде, Уәлихан үшін 75 жас түк те емес. Алда әлі талай асулар тұр. Қызылорда университетінің өзі салдырған 5-оқу ғимаратынан арнайы дәрісхананың берілуі университет ұжымының оған деген құрметінің көрінісі болса керек.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

Қорқыт ата университетінің профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<