Атам Жүсіпбек Дәулетбайұлы Ұлы Отан соғысы басталғанша жүргізуші болып, Жосалы механикалық заводына Жезқазған, Қарсақбайдан мыс тасыған. 1941 жылы механикалық завод соғысқа қажет қару-жарақ шығарып, қиын және қауіпті жұмысты атқару үшін жауапты жүргізушілер қатарында броньмен қалдырылған екен.
Соғыстың екінші жылында, яғни 1942 жылы майданға аттанды. Брянск бағытында шайқасқан 32-атқыштар дивизиясының 236-атқыштар полкінде автоматшы болған. Великий Лук қаласындағы қанды қақтығыс майдандағы ең ауыр кезең болған. Ол 1943 жылдың шілде-тамыз айларында Курск шайқасы барысында өткізілген Орлов стратегиялық шабуыл операциясына қатысты.
Сондай шайқастардың бірінде, 1943 жылдың шілде айында мина жарықшағынан ауыр жарақат алды. Денсаулығына байланысты әскер қатарынан босатылып, елге оралды. Ауылға келгенде халықтың жағдайы қиын екенін көзбен көрді.
Соғыс кезінде тылдағылардың өмірі де қасіретке толы болды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен әжелеріміз жұмыс таңдамай, демалмай, жер жыртып, мал бағып, маңдай терін төгіп, барлық ауыртпалыққа шыдап, еңбек еткен. Атамның оң қолы жарақаттан бүгіліп қалған. Соған қарамастан түрлі саладағы еңбекке араласып, ел жағдайын қалпына келтіруге бар күш-жігерін жұмсайды. Зейнетке шыққанға дейін еңбек етті. Әжем екеуі 4 бала тәрбиелеген, олардан тараған немерелерінің қызығын көріп, 1980 жылдың ақпан айында өмірден озды.
Майдангер атамыз мәңгі жадымызда, жыл сайын 9 мамырда шаңырақтағы Асқар Дәулетбаев көкеміздің үйінде жиналып, Құран бағышталып тұрады. Ол кісі «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен 2 рет (1943, 1947 жж.) марапатталған.
Атамыздың батыр болғанын, ерлік жасағанын мақтан етеміз. Есімі көзкөргендердің, білетіндердің жадында.
Атамның және Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің «Еліміз тыныш, ұрпағымыз аман болсын» деген арманы орындалды. Бейбіт өмірді қадірлейік!
Жанар ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ