Атамызбен қауышқандай болдық

5

0

Айқожа бабаның ұрпағы болып келетін атамыз Тәжідін Жақыпұлының жаппай репрессияның құрбаны болғанын іштей түйсінгенімізбен ақиқатты жария етуге өзгені былай қойғанда, өз перзенттерінің жүрегі дауалаған емес. Себеп түсінікті. Кеңес үкіметі өздері «халық жауы» атандырып жауапқа тартқан тұлғаларды түп-тұқиянымен құртып жіберуге әрекет жасап бақты. Бас амандығының өзін олжа көрген жақсының ұрпақтары осы қамалды бұзып өтіп, репрессия құрбандарын жаппай ақтау жөніндегі Жарлықтан кейін шындыққа қол жеткізгенін айтуға тиіспіз.

1934 жылы туған Хайрулла алты, інісі Құрматулла екі жасқа толғанда НКВД ұйымының құпия қызметкері болып қызмет істейтін әкелері Тәжідін күдікті ретінде қамаққа алынады. Ол қамалған күні серіктері Тәжідіннің әйелі Күнсұлуды екі баласымен Тәш­кен асырып жіберуге тырысады. Өйт­кені оның бала-шағасын да тұтқындап, АЛЖИР-ге жіберу жөнінде шешім болған екен. Әжеміз Күнсұлудың айтуынша, Тәшкеннің базарына келіп, қайда барарын білмей қайғы шеккен екі балалы анаға сол жерде бір жамағайынның әйелі кездесіп қалып, үйіне апарып, амалдап тіршілік еткен екен. Күйеуімен содан кейін көріспеген. Рысқұловпен, Қожановпен байланысы болған деген айыппен тұтқындалған оның жай-күйін сұрамақ түгілі, екі баласының тегін жасырып, үреймен күн өткізген әжеміз осы қорқынышынан көз жұмғанша арыла алмай кетті. Ол кісінің кейін Жаңа­қорған топырағына оралып, ұрпағы­ның осында көктеп-көгеруі жайына келсек, нағашысы, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер Тұрсын­қожа Шалапұлы майданнан аман-есен елге оралған соң анасы оны бір күн де аялдатпай Ташкентке жіберіп, сондағы қызы Күнсұлуды екі баласымен алып келуді тапсырған екен. Сөйтіп біздің әжеміз сол нағашысының арқа­сында ауылға аман-есен жетіп, сексен жастан асып ғұмыр кешті. Әлпештеп жетіл­дірген ұлдары Хайрулла мен Құрматулла екеуі халық шаруашылығы саласында басшылық қызметтерде болды. Хайрулладан тоғыз перзент өсіп-өнді. Құрматулладан (Үрмәт­тулла) он екі ұл-қыз Түркістан облы­сында өркен жайып отыр. Біздің анамыз Бибайым Сәдуақасқызы аудан­дық баспаханада әріп теруші, одан соң тұтынушылар кооперациясында көп жыл жұмыс жасады. Өмірге ұрпақ әкеліп, берекелі ғұмыр кешкенімен баяғыда көзден ғайып болған, тым болмаса бейнесін де көз алдына елес­тете алмайтын әкеге деген сағынышы іште тұншыққан қос ұлан бір рет іздеу салып, әке атын ашық айта алмаған күйі өздері де өмірден өтіп кетті.

Белгілі дін өкілінің ұрпағы болғаны үшін жазықсыз қуғынға ұшыраған Айқожа ишанның немересі Тәжідін Жақыпұлының өмір тарихы былай өріледі. Ол 1897 жылы қазіргі Жаңа­қорған ауданы Қандөз ауылы Абызтөбе елді мекенінде дүниеге келген. 1933-1937 жылдары ауылдық кеңестің басқарушысы болған. 1940 жылдың 22 тамызына дейін сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауданы Қызыл ту совхозында басқарма болып жұмыс істейді. Басқарма болып жүргенде Жаңақорған ауданынан Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан жеріне елдегі 300-дей отбасының қоныс­танып, ашаршылықтан аман қалуы жолында көмек-жәрдемін аяма­ған екен. Біз атамыз жөнінде анық деректер табылып қалар деген үмітпен іздеу салуға дендеп кірістік.

Арызымыз бойынша Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбан­дары музейінің директоры Б.Сер­ғазиевтің сауалына Шымкент қала­лық полиция департаменті бас­пасөз қызметінен мынадай жауап келді: «Сіздің 2021 жылғы 18 мамыр­дағы №84 хатыңызға сәйкес Шымкент ҚПД АББ Арнайы мемлекеттік мұра­ғатындағы «Қуғын-сүргінге ұшы­раған, сот органдары ақтаған тұлға­ларға қатысты мұрағаттық қылмыстық істер» қорын тексеру нәтижесінде табылған 1897 жылы туған Жақыпов Тәжідінге қатысты мұрағаттық анықтама қорытындысы, қаулы, сурет, анкета және айыптау қорытындысын жолдаймын» деп барлық құжаттың көшірмесін жіберген екен.

Айыптау қорытындысымен таныс­қанымызда онда орыс тілінде былай деп жазылған: «Мен, Оңтүстік Қазақ­стан облысы НКВД екінші бөлімі жедел қызметкері – Мемлекеттік қауіп­­сіздік қызметінің сержанты Ай­даров келіп түскен қылмыстық істі қарай отырып, 1897 жылы туған, ұлты қазақ, ешқандай партия құрамында жоқ, СССР азаматы, саяси сауатты, от­басылы, үлкен ишанның ұлы, Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауданы Қызыл ту колхозының басқармасы Жақыпов Тәжідіннің қылмыстық ісін қарай отырып, таптым: Жақыпов Тәжідінге РСФСР Қыл­мыстық Кодексі бойынша тағылған айып контрреволю­циялық ұйымға қа­тысқан, колхозда дұш­пандық әрекеттерге барған, НКВД органы құпия қызметінде бола тұра советке қарсы панисламдық әрекет­терге қолдау көрсеткен, кеңеске қарсы топ­тарды ұйымдастырып, елді мекен­дерде қарулы көтеріліске кадр жасақ­таумен айналысқан. 1933 жылы анти­кеңестік қозғалысқа қатысушы ретінде айып­талып, өзге қатысушылармен бір­ге 1933 жылы 28 декабрьде тұтқынға алынды. Мерзімін өтеп болмай 1934 жылы 1 тамызда Карлаг лагерінен қашқан. Бостандықта жүргенде тергеу амалдарына кедергі келтіріп, өзінің антисоветтік пиғылын іске асыруы мүмкін, сондықтан РСФСР заңна­масының 145, 158-баптарына сүйене оты­рып шешім етемін: Тергеу амал­дары­нан және сот істерінен жалтарға­ны үшін Жақыпов Тәжідінді қамауға алу туралы айыпталушыға үкім шыға­рыл­сын. Үкімнің көшірмесі прокурорға және түрме бастығына жолданып, айыпкердің жеке іс парағына қоса тігілсін» делінген. Осы құжаттармен қоса өздері айыпталушы деп тапқан Жақыпов Тәжідіннің тура және бір қырынан түсірілген фотосын қоса жолдапты. Өзіміз көрмеген атамыздың шын бейнесі – фотосуретіне қарап отырып біз үшін аяулы тұлға қайта тіріліп келгендей қатты толқыдық. Әттең, осы күнді әкелеріміз көре алмай кетті-ау. Дерегін біліп, тым болмаса жан­сыз бейнесіне көңіл қо­йып, көз қанықтырып, іштегі шері­нен мысқал­дай болса да жеңілдеп қалған болар ма еді деп өкініште қалдық.

Осы құжаттарға қосымша атамызға қатысты №02686 архив-қылмыстық ісі бойынша анықтама жолданыпты. Онда Тәжідін Жақыпов туралы деректер мен айыптау қорытындысы түгел келтіріліп, НКВД-ның 1941 жылғы 21 майдағы үкімімен Жақыпов Тәжідіннің 8 жылға 1940 жылғы 28 тамыздан бастап есептегенде еңбекпен түзеу лагеріне айыбын өтеуге соттал­ғаны жазылған. Архив анықтамасында «1989 жыл 31 мамырдағы Шымкент облыстық прокуратурасының қоры­тын­дысымен Жақыпов Тәжідін 1989 жыл 16 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Әділдікті қалпына келтіру және 30-40 жылдар және 50-і жылдар басында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау» Жарлығына орай толық ақталды» деген құжат қоса қолымызға тиді. Төбеміз көкке жеткендей болды. Ерте ме, кеш пе, әділдіктің туатын күні болады екен.

1941 жылы маусымда екінші дүние­жүзілік соғыс басталғаны белгілі. 1942 жылы Күнсұлу апамызға жазған хатында «Мен соғысқа аттанып бара­мын. Балаларды сақта. Лажы болса, төркінге жет» деген ерінің аманаты орындалыпты. Ал асыл жанның өзі содан хабар-ошарсыз кеткен. Мына қолымыздағы құжаттар негізінде өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Елім деп өткен, келешек теңдігі, ұлт тағдыры жолында жанкешті талабынан танбаған азамат аты бүгінде ардақты. Атамыз Жақып­ұлы Тәжідінге кент орталығында қойылған құрмет билбор­ды осыны айғақтап тұр.

Бақдәулет ТӘЖІДІНОВ