Еңбегі адал, есімі аңыз

4

0

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің запастағы подполковнигі Ғани Сихымовтың «Наш тренер» атты деректі-ғұмырнамалық кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

Жаңа туындыда Қазақстанның еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Вилорий Викторович Пак­тың өнегелі өмірі мен қажырлы еңбегі баяндалған. Деректі хикаятта спорт саңлағының ғұмырбаяны ғана емес, үлкен спорттағы ірі жеңістер мен сәтті оқиғалар туралы айтылып, жаттықтырушының жанкешті еңбегі  шынайы патриотизм үлгісі деп бағаланады. Сондықтан бұл кітіп тек спорт саласына қызығушылар емес, жалпы оқырман үшін де тартымды екені сөзсіз.

Атап айтқанда, жаңа туындыға Олим­пиа­да ойындарының, Әлем және Азия чем­пио­наттарының жеңімпаздарын баптап шығарып, отандық спорттың дамуына өл­шеу­сіз үлес қосқан Вилорий Пактың тұлғалық болмысы бірегей архивтік деректер мен шәкірттерінің шынайы жазбалары және жеңісті  сәттердің сипаттамалары арқау болған.

– Бұл кітап – өз ісіне адал, Отан намысын бәрінен биік қойған ұлы ұстазға деген құрмет. Вилорий Пактың өмір жолы – бүгінгі жас буын мен болашақ чемпиондар үшін ерекше үлгі әрі сарқылмас жігер, – дейді кітап авторы Ғани Сихымов. Сондай-ақ ол кітаптың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен Қазақстандағы ко­рейлер ассоциациясына және спорт саласының ардагері Ю.Цхайға алғысын білдірді.

Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вилорий Пак – ауыр атлетикадан төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин, Азия чемпионы Олег Шин, Азия чем­­пионатының екі мәрте жеңімпазы Роман Русиновский, Әлем чемпионатының қола жүл­дегері Қуаныш Рахатов сияқты ел намысын қорғаған спорт саңлақтарының ұстазы. Жалпы 60 спорт ше­бері, 12 халықаралық спорт ше­бері және 1 Еңбек сіңірген спорт шеберін дайындаған.

Мәдени-танымдық мәні зор іс-шараға спорт саласының дамуына өлшеусіз үлес қос­қан құрметті ардагерлер, Юрий Ким, Абылай Жалдыбаев, Николай Некрасов, Садық Мұс­тафаев және халықаралық ареналарда жеңіс тұғырынан көрініп, мемлекеттік туды көтерген Олимпиада чемпиондары қатысты.

Кітап кейіпкері, Қазақстанның еңбек сі­ңірген жаттықтырушысы Вилорий Пак сөз алып, автор мен келген қонақтарға алғыс біл­діріп, жүрекжарды жылы лебізін жолдады.

«Жаңа туынды отандық спорт тарихы мен өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосылған құнды қазына» деп баға берді жиынға қатысушылар. 

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»