«Қарасора-2026»: Қызылорда облысының Полиция департаментінде нұсқаулық жиын өтті

7

0

ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес Қызылорда облысының Полиция департаментінде «Қарасора – 2026» жедел профилактикалық іс-шарасының ашылуы қарсаңында құқық қорғау және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп атқарылатын іс-шаралар кезінде туындайтын мәселелер бойынша нұсқаулық жиын өтті. Жиынға Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы төрағалық етіп, тәртіп сақшыларының заңсыз есірткі айналымының жолын кесу мен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы міндеттерге дайындығын пысықтады. 

Іс-шара барысында құқық қорғау органдары мен жауапты мекемелердің өзара іс-қимылы пысықталып, есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы міндеттер айқындалды.

Жалпы «Қарасора – 2026» – маусым мен қазан айлары аралығында еліміздің барлық өңірлерінде есірткі қылмысына қарсы өтетін ауқымды жедел – профилактикалық іс – шара. Бұл операцияның басты мақсаты – жабайы және қолдан өсірілген сораны анықтап, жою, есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою, олардың таралуына жол бермеу, кінәлілерді жауапкершілікке тарту, сондай-ақ нашақорлыққа қарсы күрес саласында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту.

Аталмыш іс – шара Қазақстанда қабылданған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда.

Бүгінгі нұсқаулық жиынға департаменттің басшы құрамы, Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық Ұлан 5547 әскери бөлімі, Қызылорда станциясындағы Желілік Полиция бөлімі, Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы, Жер қатынастары басқармасы, Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының өкілдері, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты бірлестігінің өкілдері мен еріктілері, Есірткі құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелері қатысты.

Кеңесте 1 маусым – 31 қазан аралығында республика көлемінде өтетін кең ауқымды «Қарасора – 2026» жедел профилактикалық іс-шарасына дайындық жұмыстары талқыланды.

«Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының басты кепілі. Осы бағытта құқық қорғау органдары заңсыз қарасора өсіру, сақтау және тасымалдау деректерін анықтау жұмыстарын күшейтуде. Мұндай шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Жалпы бұл іс-шараға қызметкерлердің, техникалардың дайындығы толық қамтамасыз етілді. Жергілікті атқарушы және басқа құқық қорғау органдарымен бірлескен жоспар бекітіліп, жұмыс топтары құрылды. Облыс әкімдігімен Ведомствоаралық штаб отырысы өткізіліп, қала, аудан әкімдеріне іс-шараны тиісті дәрежеде ұйымдастыру туралы нақты тапсырмалар берілді.

Барлық аудандық полиция бөліністерінде мобильді-іздестіру және жедел-тергеу топтары жасақталып, күш-құралдарды орналастыру жоспары әзірленді. «Қарасора – 2026» жедел профилактикалық іс-шарасының өткізілу барысы қатаң бақылауда», – деді С.Ергешов.

Қоғамды үлкен қауіпке апарар есірткі тасымалдау, есірткі өндіру қылмыстарымен күрес тоқтамақ емес. Бұл мақсатта Қызылорда облысында жүйелі жұмыстар жалғасуда. 26 маусым Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне арналған бір айлық шеңберінде полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткі құқық бұзушылықтарын анықтау алгоритмдері бойынша жадынамалар таратуда.