1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев өңірдің жас өрендерін мерекемен құттықтады.
Аймақ басшысы құттықтауында балалардың амандығы мен жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру, олардың қабілетін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау – барша қоғамның ортақ міндеті.
Құттықтауда соңғы жылдары өңірде балаларға арналған әлеуметтік және білім беру инфрақұрылымының қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Атап айтқанда, «Келешек мектептері», физика-математика мектеп-интернаты, «Сыр жұлдыздары» академиясы, Оқушылар сарайлары мен спорт кешендері жас буынның сапалы білім алып, шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ойын және спорт алаңдары, мәдени-демалыс орындары, саябақтар пайдалануға берілген. Жақында ашылған жыл бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталығы да балалардың жан-жақты дамуына бағытталған маңызды жобалардың бірі ретінде аталды.
Аймақ басшысы барлық қолға алынған бастамалар мен жобалардың болашақ ұрпақтың игілігі үшін жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, балаларға зор денсаулық, жарқын болашақ және биік белестер тіледі.






