4 жолақты жол батысқа қарай бұйыра ма?

333

0

Ел экономикасына тың серпін берген ірі жобаның бірі – «Батыс ЕуропаБатыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі. Бұл жол Қытайдан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еуропаға тауар тасымалдаудың ең тиімді бағытына айналды.

Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуды ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы күллі әлем жұртының назарын аударған еді. Аз уақытта жүзеге асқан ауқымды жоба экономиканың бүлк-бүлк соққан күретамырына айналды. Бұл дәліз Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа өзегі саналады. Мәселен, тауарды теңіз арқылы жеткізу үшін 45 тәулік кетсе, теміржол арқылы кемі 15 күн жұмсалатын. Енді жол қысқарып, он күнде тауар жеткізуге мүмкіндік пайда болды. Көлік дәлізі еліміздегі халық саны бес жарым миллионға жуық адамды құрайтын 200 елді мекенді қамтиды.

Жалпы ұзындығы 8445 шақырым күре жолдың 2787 шақырымы біздің елге тиесілі. Яғни, бұл Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облысы халқының әлеуетін көтеруге ерекше әсер етті. Жол бойындағы мыңдаған халық жұмыспен қамтылды, барыс-келіс жеңілдеді.

Жобаны іске асыру нәти­жесінде жол жүру уақыты екі есеге қысқарып, көлік ағыны айтарлықтай ұлғайды. Ел бо­йынша транзиттік жүктердің шамамен 90%-ін қамтамасыз етеді. Мәселен, осы жолмен 2009 жылы 160 мың тонна транзитті жүк тасымалданса, 2019 жылы көрсеткіш он есе өскен. Транзиттік дәліздің жылдық орташа экономикалық тиімділігі 190 млрд теңгеден асады.

Қазақстан арқылы өтетін 2787 шақырым жолдың 811 шақы­рымы Қызылорда облысы аумағына тиесілі. Дегенде, мәселе осы жолдың екі категорияға бөлінуінде болып тұр. Шымкенттен Қызылордаға дейін 1-ші санатты болып келген жол Қызылордадан Ақтөбе бағытына 2-ші санатты болып жалғасады. Неліктен? Көптің көкейіндегі мәселені зерделеп көрген едік.

– Халықаралық авто­дәліз құ­ры­лысы жобасын қаржылан­ды­ратын Еуро­палық қайта құру және даму банкі өкілдері сол жылдары жолдағы көлік ағынына зерттеу жүргізді, – дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов. – Талаптар бойынша 1-ші санатты жол болу үшін бір тәулікте 7 мың көлік өтуі тиіс. Ал бұрынғы ескі трассамен Қызылордадан Алматы бағытына жүріп жатқан көлік саны бұл көрсет­кіштің жартысындай ғана болса, Ақтөбе бағытында одан да көп төмен болды. Содан банк өкілдері бүкіл облыс аумағындағы жолды 2-ші санатпен жобалаймыз де­генде қарсылық білдірген едік. Министрліктерді жа­ғалап, дәлелдер келтіріп, перс­пективаны ескеру қа­жеттігін жеткіздік. Ол кезде Ырғыздың жолы өте  нашар  болғандықтан, батысқа бет алған көліктер өзге өңірлер арқылы кетіп жатқанын да айттық. Қаншама дәлел­демелер келтіргенмен, облыс орталығынан батыс бағытқа екінші категория жол түсетін болып бекітілді.

Халықаралық трассада кө­­лік қозғалысы уақыт жыл­жыған сайын арта түсуде. Мамандар де­регінше, М-32 «Самара-Шымкент» авто­мо­биль жолында көлік құрал­дарының қарқындылығы жыл са­йын 10-15%-ке жоға­рылап келеді. Демек, Қызыл­орда­дан батысқа қарай жолға шыққан жүргізушілер үшін ауыртпалық еселене түсуде.

Облыстық Полиция де­пар­та­менті мынадай дерек келтіріп отыр. Қызылорда мен Ақтөбе облысы шекарасына де­йінгі жол аралығында өт­кен жылдың 12 айында 38 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 21 адам қаза тауып, 46 адам жарақаттанған. Ал, «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК об­лыс­тық филиалы тарапынан берілген ақпаратта жыл са­йын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол таңбаларын сызу, ой-шұң­қыр­ларды жөн­­деу, белгі орнату және басқадай жұмыстар қауіпті азайтқанын көрсетеді. Ай­талық, қазіргі таңда М-32 «Самара-Шымкент» авто­мо­биль жолы 98% жақсы деңгейге көтеріліп, жол-көлік оқиғалары бо­йынша 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда 2020 жылы жарақат алған адамдар мен қаза тапқандар азайған.

Әрине, қай кезде де адамның өмірі қымбат. Бір жылдан екінші жылдың көрсеткіші төмен болды деп көңіл тоғайтуға келетін жағдай бұл емес. Тар жолдың тауқыметін кез келген жан біледі. Алып жүк көліктері қатарласып алдыңызға түсе қалса, әуелі шыдам, сосын асқан сақтық қажеттігі айтпаса да түсінікті. Бір жылдың өзінде 21 отбасы қара жамылып, қырықтан астам адам денсаулығына зақым келіп, зардап шекті. Кім біледі, олардың арасында мүгедек болып қалғандары да бар шығар? Ал, осы жылдың 5 айында 9 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза болса, жетеуі дене жарақатын алған.

Шымкент бағытындағы бі­рін­ші санатты жол төрт жо­лақтан тұратын­дық­тан, қарама қарсы келу қаупі аз. Алайда төрт жолақты жолдың да өкінішті оқиғасы жоқ емес. Өткен жылы осы бағытта 31 жол-көлік оқиғасы орын алыпты. 8 адам қайтыс болып, 36 адам жарақат алса, биылғы жылдың бес айында  8 жол-көлік оқиғасынан 3 адам о дүниелік болып, 12 адам түрлі деңгейде жарақаттанған.

Жол кең, қарама-қарсы ұшы­ра­сатын көлік жоқ. Жол жақ­сарған сайын жылдамдық ре­жимін сақтамайтын жүргізу­шілер көбейе түседі. Сағатына 120 шақырым жылдамдықтан асырмау керек болса, оны 200-ге дейін жеткізетіндер бар. Мұның соңы өте өкінішті жағдайға әкеліп жатады.

– М-32 «Самара-Шым­кент» ав­томобиль жо­лында көлік құрал­дары­ның қарқын­дылығы жыл сайын 10-15%-ке жоға­ры­ла­ғанын айттық. Демек, күре жолдағы қатынас үдей береді. Қатынас үдеген жерде қауіпсіздік мә­се­лесі күрделене түседі. Ендігі жерде Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы шекарасына дейінгі аралықты 4 (төрт) жолақты жол етіп жаңғырту өте маңызды, – дейді Е.Жүнісов. Бұл жөнінде облыс басшылығы тарапынан Үкіметке ұсы­ныс та берілген. Алайда, әзірге жауап көрінбейді.

Әдетте жол құрылысы өте қымбатқа түсетінін жақсы бі­леміз. Келер жылы құрылысы басталатын Жезқазған жолы да ұзақ талқыға түсті. Мұның күйін «Самара-Шымкент» жо­лына көз­делген 4 жолақты ұсыныс та көрмесе дейміз. Шын мәнінде, халықаралық көлік дәлізі – күнделікті қан­шама адам мен тауардың қа­тынас өзегі. Ал тар өзектің қаупі де өзекті бола бермек.

Біз бұған дейін ақылы жол жайында сараптау жария­ладық. Ендігі жерде ол жаңа­лық әкеле ме?

Инфрақұрылымды да­мы­­тудың 2020-2025 жыл­дарға арналған «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдар­ламасына сәй­кес, биылдан бастап, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халық­аралық автодәлізінің бі­раз бөлігі ақылы жолға айналуы тиіс. Көктемде Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Автомобиль жол­­дары комитетіне қарасты «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК өкілдері келіп қоғамдық тыңдаулар өткіз­ген болатын.  Қоғамдық тыңдауда жеңіл автокөлік үшін ІІ-ІІІ техникалық санат­тағы жолдармен жүру тегін, ал І санаттағы авто­жолдарға іргелес аудан­дардың тұрғындарына жыл­дық абонемент бо­йынша жеңілдікпен жол жүру ұсынылатыны туралы айтылды. Мысалы, автодәліздің Қызыл­ордадан батыс аудандар бағытындағы жол ІІ санатта болғандықтан, онда тек жүк автокөліктері үшін ғана ақылы болмақ. Ал, Шымкент бағытында жеңіл автокөліктер үшін де төлем жасалады.         

«Computer vision techno­logies» ЖШС-ның облыстағы ма­мандары Шымкент бағы­тына 1 санатты жолмен жү­ретін жеңіл автокөлік иелері 1 мың теңге төлем жасап, жыл бойына жүре беретінін жеткізді. Ал жүк автокөліктері үшін тон­насына байланысты та­рифтік көрсеткіштер бо­йынша есептелетін болады. Бірақ, әзірге тарифтер бекітілмеген, тал­қылануда.

Әйтсе де, осы жолмен қа­тынап жатқан жүк көлік­терінің жүргізушілері жолдың ақылы болуына қарсылықтарын біл­діріп, өре түрегелді. Олар  ақылы жол енгізілген жерде оған балама ақылы емес жол болуы қажеттігін алға тартты. Бұл – дүние жүзі елдерінде қалыптасқан үрдіс. Сонымен қатар олар жол ақылы болғанмен, оның сапасы жақсара түсетініне күмәнмен қарайды.

Жүргізушілерді ашын­дыр­­ған жағдай Қазақ жол қаты­настары ғылыми-зерт­теу институтының жүк көлік­терінен бірінші санаттағы жолдың әр­бір шақырымы үшін 37 тең­геден төлеу керек деген ұсынысы болды. Алайда минис­трлік өкілдері Үкіметтің 2013 жылғы бірінші санаттағы әр­бір шақырым жол үшін бе­кіткен 25 теңге тарифы өзгертілмейтінін мә­лімдеді. Ал екінші санатты жолдар үшін бекітілетін тариф мөлшері одан төмен болмақ.

Қалай болғанда да Үкімет халықаралық авто­дәлізді ақы­лы жолға айналдыру жоспарынан бас тартпайтынын білдіріп отыр. Ақылы жолға балама жол жасау территориясы шағын елдерде мүмкін болғанмен, Қазақстан жағдайында ол өте қымбатқа түсетінін, оның мүмкін емес екенін барлық тарап та жақсы түсініп отырғаны белгілі.

Жол мұраты – жету. Қазіргі заманда жолға шық­қандар межелі жеріне тақтайдай түзу жолмен барып, жолда сапалы қызмет түрлерін пайдаланып, жолаушысын да, жүгін де аман-есен жеткізгенді қалайды. Бұл арада мәселенің маңыздысы – ақысының қалтаға ауыр тимеуі. Әзірге жол жөніндегі жаңалықтың түйіні – осы.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<