Агроном жастар аз емес

934

0

Ауыл шаруашылығы –өндірістің ең маңызды буыны. Осы сала тірлігінен түзу жол тапқан жастардың да қатары көбейіп келеді. Сондай еңбекқор жастың бірі – Асылжан Жарылқасынов.

Көз көргендер «Жас келсе – іске» демей ме? Жұмысына жанашырлықпен қарайтын өз ісінің маманы ғана емес, агроөнеркәсіптің тірлігін ширатып, еңбектің жандануына үлес қосып жүрген агроном бүгінде ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік және өсімдік қорғау бөлімінің бас маманы болып қызмет етеді.

Елімізде мұнай-газ өндірісінің кө­лемі жылдан-жылға азайып жатқаны мәлім. Ал ауыл шаруашылығы, егін егу кәсібі сонау тас дәуірінен келе жатыр. Сондықтан жас маманның таңдауы да осы болашағы бар сала болған. Ол Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде аг­ро­номия мамандығын үздік диплом­мен бітірген. 2019 жылы ауыл шаруа­шылығы саласының магистрі дәрежесін қорғап шықты.

Кәсіби кадрға сұраныс жоғары. Бұл – жас агрономның ұстанымы. Адами капиталға басымдық берілген уақыт­та маманның кәсібилігіне баса мән берілетіні де түсінікті. Расында кә­сібилік – қай саланы болмасын алға сүйрейтін дағды. Сондықтан диқан­шылық өнерді жетік меңгеріп, тәжі­рибе жинаса, соны теориялық біліммен ұштастыруды ұмытқан емес. Ол ауыл шаруашылығы саласына жаңа технология келсе, сонымен танысуға, білуге құмартып тұрады.

Асылжан еңбек жолын 2017-2018 жылдары Астана қаласындағы «АстанаЭкоСтандарт» ЖШС ірі жылыжай кешенінде өндіріс шебері болып бастаған. Кейін жылыжай химигі, агроном көмекшісі қызметтерін атқарған.

– Жылыжай – ауыл шаруашылығы­ның маңызды бір бағыты. Жыл он екі ай қияр, қызанақ өсірілетін. Алғашында күнделікті қияр мен қызанақты кү­тіп-баптаумен айналыстым. Артық жа­­пырақтарын қию, оны байлау, ар­тық мұртшаларын жұлу, өнім жинау сияқ­ты жұмыстарды жүргізіп отырдым. Кейін жылыжай химигі ретінде өсімдіктерге қажетті барлық қоректік элементтердің балансын сақтап отыру, тыңайтқыштарды өз нормасында беру, зиянкестермен, өсімдік ауруларымен күресу жұмысын атқардым. Жалпы жылыжай дақылдары ашық топырақ дақылдарына қарағанда аурушаң, нәзік болып келеді. Дегенмен, пайда болған ауруды немесе зиянкестерді жоюға арналған өзінің пестицидтерін тиімді әрі өз мерзімінде қолданып отырсаңыз ешқандай қауіп төнбейді, – дейді ол.

Жылыжай кәсібінің болашағы зор. Оның жұмысын жандандырып, егіс көлемін арттыруда, сонымен қатар, шығынды азайтып, өнімді көбейтуде ауыл шаруашылығы мамандары мен ғылыми-зерттеу институттары ға­лым­дары бірлесіп жұмыс істеуде. Он­да көктемнен бастап, ерте пісетін өсім­діктердің сан алуан түрін өсіруге болады. Бұл бір жағынан жергілікті тұр­ғындарды табиғи отандық өніммен қамтуға септігін тигізсе, екінші жағы­нан экологиялық таза өнімнің адам ден­саулығына тигізер пайдасы ұшан-теңіз.

– Жергілікті кәсіпкерлер тәжірибе жинақтау мақсатында ғылыми-зерттеу институттарымен етене байланыста болса, құба-құп. Кез келген кәсіп иесі арнайы маман емес. Сол себептен де тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілсе, жылыжай шаруашылығы қарқын алар еді. Бастаған істі соңына дейін апаруға сеп болар еді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында мегаполис­терде, шет елдерде білім алып келіп, өңіріміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген жастар саны артуда, – дейді Асылжан Жарылқасынов.

Көктем туысымен аймақтағы диқан қауымы егіс даласына шығудың қарекетіне кірісті. Көктемнің әр күні жылға азық.

– Қазір облыс бойынша шаруалар көктемгі дала және егін жұмыстарын егінге қажетті минералдық тыңайт­қыш­тар мен гербицидтер сатып алынды. Ауыл шаруашылығы техникалары толығымен дайын. Мемлекет тара­пынан бөлінетін арзандатылған ди­зель отынымен толық қамтылған, – дейді ол.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<