Дін және қауіпсіздік: Қызылордада ақпараттық шаралар жүргізілді

7

0

Қазақстан Республикасы  Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен 2026 жылғы 20-24 сәуір аралығында дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері Қызылорда облысында болып, облыс тұрғындарымен кездесіп, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  

Түсіндіру жұмыстарының мақсаты халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыру және дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қоғамда жалған діни идеялардың таралуын болдырмау және діни экстремизмнің алдын алу болып табылады.

Аталған бағытта жалпы саны 20 іс-шара ұйымдастырылып, 500-ден астам адам қамтылды.

Аталған іс-шараға РАТТ мүшелері Ақтөбе қаласы «Ихсан» орталығының теолог маманы Сапар Айсұлтан, Қызылорда облысыдін мәселелерін зерттеу орталығының маманы, журналист, дәстүртанушы Сәкен Алдашбаев, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ аға оқытушысы Бауыржан Ботақараев, Маңғыстау облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Шопанова қатысып, Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында, Байқоңыр және Қызылорда қалаларында «Дін мен зайырлылық ұғымдарының – өзара байланысы, айырмашылығы және ерекшелігі», «Әлеуметтік желі арқылы радикалды діни идеологияның таралуы және олардан сақтану», «Жастар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті насихаттау», «Дін және мемлекет: зайырлылық қағидаттары», «Радикалданудың алдын алу мәселелері. Террористік қауіп кезіндегі іс-қимыл алгоритмі»және т.б тақырыптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.   

Кездесу барысындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында жергілікті тұрғындар, мектеп оқушылары, мемлекеттік қызметкерлер, студент жастар, әскери қызметшілер, медицина, мәдениет салаларының қызметкерлері және т.б. контингент қамтылды.