Қазір Жапония алған жүлде санынан жалпы командалық есепте көш басында келеді. Күншығыс елінің жастары күнбе-күн медаль олжалап, өзгелерге дес берер емес. Тіпті, олардың арасында балалық жастағы өрендер бар.
Солардың бірі – Момидзи Нисия небәрі 13 жаста, ол скейтбордингтен топ жарды. Чемпион тұғырынан көрініп, өзінің жалауын көкте желбіретті. Десе де, ол бұл жөнінен рекордтық көрсеткішке түзету енгізе алған жоқ. 1936 жылғы Олимпиадада суға секіруден чемпион атанған америкалық Марджори Гестринг сол уақытта оның жасы 13 жас 268 күн болған еді. Бұл рекордты биыл бразилиялық скейтбордшы Райсса Лил жаңартуы әбден мүмкін еді. Ол соңғы сәтте жапон қызына есе жіберіп, күмісті қанағат тұтты. Екі жыл бұрын 11 жасында әлем чемпионатында екі жүлде алған-ды.
Олимпиада бағдарламасына биыл қосылған скейтбордингтен бақ сынаған 8 спортшының үшеуінің ғана жасы 20-дан асқан екен. Дегенмен, ең жас чемпион жайында түрлі жорамалдар айтылады. 1900 жылы академиялық ескек есуде жеңімпаз тұғырынан көрінген Марсель Депайе сол уақытта небәрі 10 жаста болған деседі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<