Дүние дүрмек

256

0

Алтынның құны: Швейцария рекордтық табысқа кенелді

Әлемде бағалы металға сұраныс күрт өсті. Әсіресе, алтынның құны шарықтап тұр. Алтын бағасының өсуінен Швейцария орталық банкі 90 млрд доллар көлемінде табысқа кенелген көрінеді.

Мұндай рекордтық көрсеткіш 2017 жылы тіркелген. АҚШ билігі өзге елдерге баж салығын салам дегеннен кейін бағалы металға деген сұраныс артып, бағасы өсіп барады. Жыл басынан бері 12 пайызға қымбаттап, бір унциясы 2 мың 954 долларға жеткен. Бұл бір жарым миллион теңгеге жуықтайды. Әлемнің орталық банктері алтын қорын арттыруда. Ал өткен жылы бағалы металды ең көп сатып алған мемлекеттер қатарында Польша, Түркия және Үндістан бар.

Семіздік сергелдеңі

Семіздік талай елдің толғақты мәселесіне айналды. Мәселен, кейінгі 10 жылда Оңтүстік Кореяда семіздікке шалдыққан оқушылар саны 2,5 есеге көбейген. Есесіне, ересектер арасында 11 пайызға артқан.

Дәрігерлер мұны жастардың фастфудқа құмарлығы, телефонға телміріп көп отыру, яғни аз қозғалыстың салдары дейді. Осыдан біршама жыл бұрын Кореяда семіздік ресми түрде ауру ретінде мойындалып, тегін ем-дом тағайындалған. Қазір бұл елде асқазанды кішірейту операциясы жасалады. Бір қызығы, ондағы 40 жастан асқан тұрғындар арасында семіздікке шалдыққан әйелдердің саны ерлерге қарағанда екі есе аз көрінеді. 

Ал Қытайда 600 млн-ға жуық адам артық салмақтың азабын тартып жүр. Оның ішінде 280 миллиондайы кәдімгі семіздікке душар болған. Соның салдарынан жылына жүздеген мың адам көз жұмады. Мәселен, 2019 жылы 760 мың науқас семіздікпен байланысты аурудан қайтыс болған. Көбісі жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққандар. Бұл елде де әйелдерге қарағанда семіз ер азаматтар көп. Бұл дерт әсіресе 35 пен 39 жас аралығындағы азаматтарға тән. Кейінгі жылдары балалар арасында да семіздер көбейген. Мамандар 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 18 пайызға артады деп болжайды. Осы артық салмақтың кесірінен 118 миллион тұрғын қант диабеті дертіне душар болған. Бұған фастфуд, газдалған сусын сияқты зиянды азық-түлікті шамадан тыс тұтыну, стресс пен өмір сүру салтының бұзылуы себеп.

Деректер 24.kz сайтынан алынды