Ақша жарықтықтың экономикалық айырбас құралы ретінде адамзат өміріне енгеніне бірнеше мыңдаған жыл болды. Айтатыны жоқ, сол үлкен тарихтың өн бойында ол өзінің табиғатын, болмысын сан мәрте өзгертті. Белгілі бір тарихи оқиғаларға, мемлекеттік төңкерістерге, қоғамдық құрылыстың өзгеруіне байланысты ақша талай рет құнын жоғалтты. Тіпті оның жай ғана қағаз ретінде қалған кездері де болды.
Қазақстанның жағдайында Ұлттық валюта – теңгенің пайда болуы Тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болғанын атап өткіміз келеді. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен теңгенің өмірге келуі еліміздің егемендігін нығайту жолындағы алғашқы қадам болды. Бұл 1993 жылдың 15 қарашасы еді.
Ресейдің әбден құнсызданған ақшасын сол заматта теңгеге шаққанда 1 теңге – 500 рубльге айырбастағанымызды ұмытпаймын. Қызық үшін бүгінгі оқырманға айта кетейін, сол алғашқы айырбас кезеңінде жалақымыз 1000-1200 теңгені құраған болатын. Жалақы күн сайын өсіп жатқан қымбатшылықтың әсерінен тоқсан сайын көтерілді. Ақшаның балама құнын есепке алу үшін бір салыстырмалы цифр келтірейін. 1994 жылы Қызылорда базарында жылқының бағасы 7 мың теңге болды. Теңгенің жалпы халықтың игілігінде болмауына байланысты көпқабатты үйлердің екі пәтерлігі сол уақытта 15-20 мың теңгеге бағаланды. Сол жылдары салыстырмалы түрде малдың құнды болғаны соншалық, екі бұзаулы сиырға немесе екі жылқыға 1-2 бөлмелі пәтер сатып алуға болатын. 1994 жылы Қазақстанда орташа жалақы 1,7 мың, 1999 жылы 12 мың теңге болды.
Жылдар өте жағдай біршама өзгерді. Бірақ сол 90-жылдардың дағдарысы халыққа үлкен ауыртпалықтар әкелді. 1999-2000 жылдары базарда тәуір қойды сатып алу үшін 5 мың теңге жеткілікті еді. Артынша үй қымбаттай бастады. 2005-2006 жылдары оның бағасы едәуір өсті. Содан бері тоқтаусыз өсіп келеді. Таңғажайыбы сол, бүкіл әлемдегі үрдіс осындай болды. Күні кешеге дейін жылжымайтын мүлік, автомобиль саудасы, тағысын тағылар Қазақстанда доллар баламасымен бағаланды. Алайда соңғы уақытта біздің долларға деген көзқарасымыз біршама өзгере бастады. Табиғатынан резервтік валюта саналғанымен, қазір АҚШ долларының өзі құнсызданған сыңайлы.
Салыстырмалы түрде айтылатын ой көп. Дегенмен, бір нәрсе айқын. Американдық билік кешегі пандемия дағдарысы кезінде әлемдік нарыққа бірнеше триллиондаған долларды лақтырып тастады. Бұл бір жағынан, американдықтарды пандемия зардабынан құтқару үшін жасалды. Алайда әлемдік қауымдастық америкалық резервтік жүйесінің бұл қадамына оншалықты риза емес. Триллиондаған доллар, ең бастысы, ешқандай материалдық немесе басқалай бағалы құндылықтармен бекітілмеген еді. Қазақша айтқанда, жай ғана қағаз ақша. Доллармен бірге әлем елдерінің ұлттық валюталары құнсыздануда.
Бір қызықты айтайық. Әлем жұртшылығы, әрине барлығы емес, жуық арада доллардан құтылу ниетін сездіріп үлгерді. Бұл бір жағынан, әділ сияқты, себебі доллар сол АҚШ-та бір орталықтан басқарылғандықтан, ұлттық валюталардың құнсыздануына еселеп әсер етуде. Осыны ескерген Ресейдің билігі жуық арада өздерінің әл-ауқат қорының құрылымынан долларды мүлдем алып тастайтынын мәлімдеді. Нақтылай түсейік. Ресейдің қаржы министрі Антон Силуановтың айтуынша, бір ай ішінде Ресей Ұлттық әл-ауқат қоры құрылымындағы американдық доллардан толық бас тартып, британдық фунттың үлесін төмендетеді. Біз Орталық банк сияқты доллар активтерінің инвестицияларын қысқарту туралы шешім қабылдадық. Бүгінгі таңда құрылым бойынша Ұлттық қордың 35%-і долларға салынған. Долларлық активтерден толық шығу туралы шешім қабылдадық, инвестицияларды доллармен алмастыру еуроның ұлғаюы мен алтынның өсуіне ықпал етеді деді Силуанов.
Оның айтуынша, ҰҚҚ жаңа құрылымына көшу бір ай ішінде жүзеге асады. «Бұл істі жүзеге асыруға бір ай жеткілікті» деді Силуанов, яғни, алдағы уақытта қор құрылымындағы доллар 0, еуро 40, юань 30, алтын 20, фунт пен фунт стерлинг 10, иена 5 процент құрайды.
Байқап отырған боларсыздар, бұл – біздіңше, АҚШ-тың Ресейге бірнеше жылдан бері аяусыз салған санкцияларының «жемісі». Соңғы күндері Ресей ұлттық банк төрағасы Элвира Набиуллина активтен долларды мүлдем алып тастамайтынын мәлімдеді.
Бір шындық бар. Өмір өзгеруде. Қазір Ресей Қытаймен экономикалық байланысты бұрынғыдан да бетер ұлғайта түсуде. Осыдан бірер ай бұрын Ресей президенті В.Путин мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин видеоконференция үлгісінде Тяньван атом электростанциясының бірнеше блогын іске қосуға уағдаласты. Бұл – әлемдік құрылыс. Бізге жеткен мәліметтерге сүйенсек, екі ел басшылары құрылыс барысында, ал ол 2026-2028 жылдарға дейін созылады, рубльмен және юаньмен есептесетін болады. Сарапшылардың атап көрсеткеніндей, қазір Қытайдан АҚШ және Еуроодақ та сескенеді. Бірақ капиталистік әлемнің өзі шығарған доллар үстемдігі біртіндеп өз билігінен арылуда, әлбетте, сол үстемдікке ұрынғандардың өзін тығырыққа тірейтін сыңайлы. Сарапшылар қазір Кеңес Одағы құлағаннан кейін әлемді өзі билеп-төстеуге үйренген АҚШ-тың болашағы өте бұлыңғыр екенін айтады.
Тарихқа зер салайық. Ресейде рубль тұңғыш рет айналымға бірінші Петр патша кезінде енгізілді. Капиталистік дәуір дамыған кейінгі кезеңдерде ол ұзақ уақыт өзінің сатып алу қабілеті жағынан құнды болды. Ресей империясы, әсіресе XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында экономикалық жағынан күрт дамыды. Рубль өте жоғары бағаланды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Ресейде экономика жоғары қарқынмен дамыды. Себебі рубль қаржылық қабілеті бойынша алтынға бағаланды. Мысалы, тарихшылардың зерттеуінше, патшалық Ресейде 1914 жылы, 1400 тонна алтын қоры болды. 1917 жылғы төңкеріске дейін 1 рубль 77 грамм алтынға бағаланды. Барлығы бір сәтте өзгерді. Азамат соғысы басталды. Оның алдындағы бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайы алдымен патшалық Ресей, ізінше Кеңес Одағының экономикалық жағдайын мүлдем құлдыратып жіберді. Әсіресе азамат соғысы кезінде қаржы жүйесі мүлдем қожырады. Сол Ресей жерінде бірнеше ақша баламасы пайда болып, олар әртүрлі аймақтарға ықпал жасаған банда құрамаларының, билік басшыларының есімдерімен аталды. Оларды керенскийлік, махнолық, одессалық деп атады. Азамат соғысы жылдарында Ресей талан-таражға салынды. Алтын валюта қоры ұрланды. Патша генералы Колчактың игілігінің өзінде 500 тонна алтын болды. Ол бағалы қазынаны американдықтардан қарызға қару-жарақ, басқа да қажеттіліктер алуға пайдаланып, большевиктерге қарсы күреске жұмсады. Кейін Колчак ұсталып, атылды. Бірақ оның иелігіндегі алтынның тағдыры қалай болғаны бүгінге дейін беймәлім.
В.Ленин құрған Кеңес өкіметіне өте ауыр мұра қалды. Рубльдің құнсызданғаны соншалық, революция кезінде 1 млн рубльге бар болғаны бір бөлке қара нан сатып алатын еді. Елдегі күйзелісті большевиктік билік жақсы түсінді. Жағдайды қалыпқа келтіруге Ленин қаржы шенеуніктерін тартты. Солардың бірі Григорий Сокольников еді. Жаңа құрама тауарлық қатынастарды жетілдіру бойынша реформалар жасады. Оның ең бірінші талабы ретінде рубльді тұрақтандыру барынша қажет болды. Г.Сокольников қаржы комиссары ретінде 10 сомдық алтын тиынды шығарып, оның құны алтынның 25 процентіне бағаланды. Мемлекеттік сақтандыру қоры құрылды. Бюджет заңдылығы бекітілді. Сөйтіп қысқа уақытта большевиктер Кеңес Одағының қалыпты қаржы жүйесін қалыптастырды. Жаңа экономикалық саясат (НЭП) жүйесіне сәйкес қаржы айналымын қалыпқа келтіру бойынша тауар айырбастаудың тиімді жолы ұсынылды. 1922 жылғы Кеңес үкіметінің қаулысы бойынша 10 рубльге қара рыногта алтын, платина, күміс сатып алуға рұқсат берілді. Сөйтіп 10 сомдық ақшаға базарда алтын, басқа да құнды металдар сатып алына бастады. Халық рубльдің нығаюын бірте-бірте сезіне бастады. Егер 1924 жылы 1 АҚШ доллары құны бойынша 2 рубль 20 тиынға теңессе, 1925 жылы оның құны 1 рубль 94 тиынға, ізінше 1 рубль 15 тиынға көтерілді.
Реті келгенде айта кетейік, сол Сокольников 1939 жылы Сталиннің репрессия құрбаны болып атылды. Тарихшылар оның кезінде Троцкиймен байланысты болғанын айтып, кейінгі тағдырының трагедиямен аяқталғанын осымен сабақтастырады.
Кеңес үкіметі жаңа кезеңге аяқ басты. Сталиннің басшылығымен 1920 жылдардың соңында Кеңес Одағында индустрияландыру кезеңі басталды. Бұл орайда Сталин: «Біз әлемнің индустриалды мемлекеттерінен 50-100 жылға артта қалдық. Артта қалушылықты 10 жыл ішінде еңсермесек, біздің тағдырымыз капиталистердің қолында болады» деді. Елде жаппай индустрияландыру науқаны қауырт жүргізілді. Деректерге жүгінсек, 1927-1940 жылдары Кеңес Одағында 9 мың жаңа кәсіпорын салынды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі осы жылдары 8 мың есе өсті. Алғашқы бесжылдықтың үш жылында 364 жаңа қала салынды. Статистикалық дерек бойынша Кеңес Одағында сол жылдары әрбір 29 сағатта 1 зауыт іске қосылып отырған екен. Кеңес Одағының экономикасы қуаты жағынан әлемде АҚШ-тан кейін 2-орынға шықты.
Осы жылдары АҚШ-та экономикалық дағдарыс салдарынан 2 млн адам аштан өлді. АҚШ президенті Рузвельт байлардың алтын-күміс құймаларын зорлықпен тартып алды. Бермегендерге 10 мың доллар айыппұл салынды немесе түрмеге қамалды. Мұны американдықтар «ғасырдың алтын тонауы» деп атады. АҚШ өз аумағында соғыс қимылдары жүрмегендіктен, екі дүниежүзілік соғыстан кейін әбден байыды. 1945 жылы онда әлемнің алтын қорының 70 проценті шоғырланды.
Депрессия кезінде жұмыс көзін таба алмаған американдық инженерлер Кеңес Одағында жүздеген зауыттарды салу жұмысына қатысты. Индустрияландыру жылдары кезінде елде 90 жаңа кен орны ашылды. Бұл жағынан АҚШ, Англия, Германия, Кеңес Одағында болып жатқан өзгерістерді іштарлықпен бақылап отырудан басқа амалы қалмады. Тек қана гитлерлік Германия соғысқа барынша әзірленді. Соғыс қарсаңында Кеңес Одағының алтын қоры 2800 тоннаға жетті.
1944 жылдың шілде айында Бреттон-Вуд қаласында АҚШ пен Кеңес Одағының және әлемнің өзге де 44 мемлекетінің қатысуымен конференция өткізіліп, онда екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін әлемдік қаржы-валюта қатынастарының қандай болу керектігі талқыланды. Американдықтар өздерінде әлемнің алтын қорының 70 проценті шоғырланғанын, өздерінің дүниежүзінде өндірілген өнімнің 50 процентін тұтынып отырғанын айтып, долларды әлемдік валюта деп жариялады. 3,5 доллар 1 унции алтынға бағаланды. Халықаралық валюта қоры құрылды. Бірақ Сталин конференцияда қабылданған шешімдерді құптамады. Ол: «Егер капиталистік қаржы жүйесі социалистік экономикаға үстемдік жасайтын болса, онда әлемдік қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес» деді. КСРО Жоғары кеңесі Бреттон-Вуд шешімін мақұлдамады. Сол кездегі Қытай басшысы Чан Кай Ши де осылай істеді. Таңғаларлығы, Сталиннің сол кезде айтқан сөзі бүгінге дейін мазмұнын жоғалтпай келеді.
Кеңес Одағында 1947 жылы ақша реформасы жүргізілді. Бұл соғыс кезінде оккупацияланған аумақта жалған неміс маркасының жүруі салдарынан тауарлық қатынаста үйлесімсіздік пайда болумен байланысты еді. 1961 жылы ақша реформасы тағы жүзеге асырылды. Рубльдің құнды болғаны соншалық, ол 1 долларға шаққанда 64 тиынды құрады. Шын мәнінде мұндай қатынас сәл-пәл өзгеріске ұшырағанымен, негізінен Кеңес Одағы құлағанға дейін сақталды.
1971 жылы американдықтардың қаржы жүйесіндегі саясаты мүлдем өзгерді. Президент Никсон тіпті долларды алтынға бағалаудың қажеті жоқ деп санады. 1991 жылға дейін Кеңес Одағында 2 мың тонна алтын қоры болса, кейін 1-2 жыл ішінде оның көлемі 200 тоннаға азайды. Рубль жүздеген есе құнсызданды. Миллиондаған адам Кеңес Одағында қайыршылыққа ұшырады, соншалықты адам ондаған жылдар жинаған жинақтарынан бір сәтте айырылды. Кейінгі жағдай белгілі. Ресей 30 жыл бойы әлемнің бірнеше жойқын дағдарысын бастан өткізіп келеді. Қаржы жүйесі қожыраған сайын халықтың тұрмыс деңгейі төмендеуде. Оны бүгінгі Қазақстан мысалынан да көруге болады.
Қазір әлем жұртшылығы індеттен кейінгі жағдайды көз алдарына елестетуде. Ол қандай болады? Кез келген дағдарыстан әдетте ат төбеліндей қаржы магнаттары ғана ұтады. Олар байыған үстіне байып шыға келеді. Керісінше, кедейлер көбейеді. Оған бұрынғы дағдарыстар дәлел бола алады. Айталық, коронавирус дерті шарпыған АҚШ-та оның зардабын жеңілдету үшін 6 трлн долларды басып шығарды. Сарапшылардың есептеуінше, оның 4 трл-ны – ештеңемен қамтамасыз етілмеген әншейін қағаз ақша. Доллардан қалай құтыламыз деген сыпсың әңгіме қазір жетекші елдердің басшылары арасында жиі айтыла бастады. Ресей мен Қытай бұл бағытта алғашқы қадамдарын жасады.
Сонымен бүгінгі теңге бағамының долларға қатысты құны қаншалықты әділ? Сарапшылар пікірінше, бұл туралы ұзақ айтуға болады. Қазір әлемде көп нәрсе салыстырмалы түрде айтылады. Бұл негізінен тауар айналымындағы импорт-экспорт арасындағы айырмашылыққа байланысты. Әзірге Қазақстанда айырмашылық біздің пайдамызға қызмет жасамайды. Үмітке жетелейтіні, елімізде қазір бұл бағытта оңды қадамдар жасалып жатыр.
Жолдасбек Ақсақалов,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<