Әлем саясатының әлегі

183

0

сурет ашық дереккөзден

Ежелгі аңыздан жеткендей, «Пандора жәшігі» ашылғанда жер бетіне зұлымдық тарапты-мыс. Дүниежүзінде зұлмат болған сайын адамзат осы аңызды жиі еске алады. Кейінгі жылдары әлем географиясын ақтарып отырсаңыз, қақтығыстардың көбейе бастағанын аңғару қиын емес. Украинаға шүйліккен Ресей, тынышы кеткен Таяу Шығыс, азаматтық соғыстың алдында тұрған Африка елдері, ауызбіршілігі бұзыла бастаған Еуропалық одақ, осылай кете береді. Бұған арагідік Қытай мен Үндістанның, қос Кореяның бір-біріне сес көрсетуін қосыңыз. Осыларды ескеріп, әлемдік саясатты тұрақсыздық билегенін байқаймыз.

АҚШ-тың асығы алшысынан түспей тұр

Барлығын 2021 жылдан бастасақ, АҚШ Ауғанстан жеріндегі әскерін түгел әкеткен болатын. Міне, осы кезде ресейлік басылымдар «АҚШ-тың ықпалы жоғалып барады» деп жаһанға жар салды. Ал қарсы тарап болмашы позицияға қаржы шығындап, әскер ұстаудың алып держава үшін тиімсіз екенін алға тартқан. Енді АҚШ Ирак пен Сирия жеріндегі әскерін де алып кетуге ниет танытып отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл процестер Американың Таяу Шығыстағы ықпалының әлсіреуіне жол ашады. Ал бұл тұста бір сауал туындайды: АҚШ Таяу Шығысты шынымен еркіне қоя салмақ ниетте ме әлде белгілі бір факторлар әсер етуде ме? Жақында ағылшындық Reuters басылымы Америка туралы «пандемияға дейін бұл ел дүниежүзілік геосаясат пен экономиканың басты қозғаушы күші болды, ал қазір ішкі проблемаларын да еңсеруге қауқарсыз, қоғамы екіге жарылған, саяси элитасының арасына іріткі түскен, басқа да дағдарыстар батпағына батып бара жатқан ескі империяны еске түсіреді» деп жазды. Бұған қарап, Америка Таяу Шығысты өз ішкі мәселесін шешіп алғанша босата тұрмақ деп тұжырымдауға болады. Бір жағынан Таяу Шығысты Израил бір сілкіп алмаққа ниеттеніп тұрған тұста АҚШ ортаға кіргісі келмейтін секілді. Кейінгі ақпараттарда Сирияның Сыртқы істер министрлігі Израилге соғыс ашатынын ашық айтқаны жазылған.

Жақында Х желісінде Техас штатының Америкадан бөлінуі жайлы жазбалар қаптай бастады. Жай қарап жатсын ба, ресейлік басылымдар бұл мәселені өршітіп, «Техас өз алдына бөлек шықпақ, АҚШ әлсіреді, азаматтық соғыс болады» деп іліп әкетті. Шын мәнінде, салмақты сарапшылар аталған жайттың күн тәртібінде тұрмағанын әлдеқашан айтқан. Ал желідегі жазбаларды боттар жазған, яғни, ақпараттық шабуылды шетелдіктердің, соның ішінде Ресейдің ұйымдастыруы мүмкін. Бірақ Америкада Штаттардың құрамнан шығу туралы құқықтық тетігі қарастырылмағанын олар ұмытқан сияқты. Тіпті Техастың тәуелсіздігі туралы мәселе референдумға шығарылғанның өзінде, бұл референдум заңсыз болып танылады. Себебі Азаматтық соғыстан кейін, 1869 жылы АҚШ Жоғарғы соты біржақты түрде одақ құрамынан шығуға штаттардың құқығы жоқтығын бекіткен.

Десек те Техас пен өзге оңтүстік штаттарда миграциямен байланысты дағдарыс өршіп барады. АҚШ оңтүстік шекаралардан еніп жатқан келімсектердің толқынына тап болды. 2021 жылы президент атанған демократ Джо Байденнің жеңіске жетуіне жаңа америкалықтар, яғни, осы елдің азаматтығын алған мигранттар зор ықпал еткен еді. Алғыс ретінде мемлекет басшысы көші-қон кедергілерін біршама жеңілдетті. Содан бері елге шамамен 3,8 миллион мигрант қоныс аударыпты. Бір апта ішінде Америкада тұрақты тұру ниетімен Мексика жағынан шекараны кесіп өтетін шетелдіктердің, соның ішінде ресейліктердің саны 50 мыңнан асады. Байден ел тізгінін қолына алғалы бірнеше миллион мигрант шекараны заңсыз кесіп өткен. Мұның бәрі федералдық қызметтерге ауыртпалық түсіруде. Мигранттардың қаптаған легі Нью-Йорк сияқты алып мегаполистерге дейін жетті. Олар топ-топ болып, тоқтаусыз келіп жатқан адамдарды қайда орналастырарын білмей, тұйыққа тірелді. Жат жерге келгендер қылмыс әлемінің құрбаны болады немесе солардың армиясын толтырады. Салдарынан қылмыс белең алған.

Ал Вашингтон темірдей тәртіп орната алмаған соң, жергілікті билік қатаң шаралар қабылдауға көшті. Мәселен, Техас губернаторы, республикалық Грег Эббот өзі бастап, Мексика шекарасына тікенді сым тартқызды. Бірақ бұған орталық билік қарсы шықты. Биыл 22 қаңтарда АҚШ Жоғарғы соты федералдық Үкіметке сымды кедергілерді алып тастау құқығын берді. Себебі иммиграция мәселелері – штаттар билігінің емес, тек қана федералдық Үкіметтің құзырына жатады. Мұндай шешім жергілікті биліктің ашуын туғызды. Техас штатының губернаторы Эббот бұл тыйымға пысқырмайтынын мәлімдеп, штатының Ұлттық ұланына тікенді сыммен шекараны бекітуді жалғастыруға бұйрық берді. Жалпы саны 25 штаттағы республикалық губернаторлар Эбботтың ұстанымын жақтап шықты.

Іс жүзінде олар орталық билікке қарсы шығуда. Бірақ бұл – азаматтық соғыстың ұшқыны емес, жай заң өрісіндегі дау. Бұндай даулар – демократияны жете түсінген еркін халыққа күнделікті болып жататын дүние. Соның алдында Техас басшысы қатаң иммиграциялық заңға қол қойған. Ол федералдық қызмет сыртында жергілікті полицейлерге де шекараны заңсыз кесіп өтетін адамдарды тұтқындау өкілеттігін бермек. Заң наурызда ғана күшіне енбек. Вашингтон мен прокуратура оған қарсы сотқа шағым түсірді. Дәл осы тұста Байденнің шекараны ашық қалдыруы одан сайлаушылардың теріс айналуына түрткі болмақ.

Батыс бағытынан жаңылды ма?

Ендігі әңгіме ешқашан ымырасына жік түспейтіндей көрінген Батыс елдері туралы болмақ. Негізі кәрі құрлық халқы тыныш жатқан жұрт еді, алайда Ресей мен Украина қақтығысы басталған тұста қауіпсіздікке алаңдай бастады. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегенді осы тұста айтсақ болады. Жыл басында Еуропалық одақ Украинаға 50 млрд еуро көмек беруді жоспарлағанда Венгрия аяқасты құбылып, шешімге вето жариялаумен келді. Жалпы Венгрия өкілі Виктор Орбанның кейінгі кезде ресейшіл адам екені аңғарылғандай. Осы айдың басында тағы жиын өтті, абырой болғанда Венгрия Киевке жәрдем пакетіне келісім беріп, Брюссельдің ызасынан аман қалды. Оның өзінде Венгрия санкциялардан қорқып, амалсыздан қолдады десек болғандай.

Украина қазір өз экономикасын ұстап тұру үшін қолдауды қажет етіп отыр. Бірақ Еуропалық Одақ пен АҚШ-тағы саяси қайшылықтар оның қолын қажетті қаржылық жәрдемге толық жеткізер емес. Мәселен, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Украинаға 50 миллиард еуро көлемінде қолдау көрсету пакетіне қарсылығын біразға дейін созды. Ал Еуропалық одақтың кейбір елдерінің шыдамы таусылуға жақын еді. Орбан үкіметінің демократиялық шегіністеріне алаңдаған Еуропалық одақ Венгрияның бірлескен қорлардағы ондаған миллиард еуроны пайдалануына тыйым салды. Бұған экономикалық проблемалардан кенде емес Венгрия Еуропа Одағының саяси шешімдеріне, атап айтқанда Украинаға, сонымен қатар Таяу Шығысқа қатысты шешімдеріне вето қою арқылы жауап беріп келген.

Ол Украинада соғыс басталғалы Еуропалық одақты бірнеше рет ашуландырды. Брюссельдің Ресейге қарсы санкцияларын негізінен тиімсіз және кері нәтиже береді деп сынады. Украинаның территориялық тұтастығына қандай зардап әкелетініне аса алаңдамастан, Орбан Киевті Мәскеумен бейбіт келіссөз жүргізуге де шақырған. Бұған қоса, Венгрия Киевті Украинаның батысындағы этникалық венгр азшылығына қатаң қарады деп айыптап, соғыстан зардап шеккен көршісіне деген мардымсыз қолдауын ақтап алуға әрекеттенді.

Жалпы Еуропалық одақ соғыстың басынан бері Украинаға шамамен 85 миллиард еуро көмек берген. Бұл сомаға Украина экономикасын қолдауға бөлінген 40 миллиард еуро, 27 миллиард еуроға жуық әскери көмек пен соғыстан қашқан украиндарға көмектесуге жұмсалған 17 миллиард еуро кіреді.

Сәл болмағанда, Еуропалық одақ балама жолға кірісуге көшкен болатын. Одақ шешімі мақұлдану үшін барлық мүше елдер бірдей келісуі керек, біреуі келіспесе, шешім қайта қаралады. Сондықтан Венгриядан басқа 26 ел ерікті негізде Киевке көмек беруді ойластырған. Бірақ Венгрия ақыры көндікті. Көнбегенде бұл әрекет кәрі құрлық елдерінің арасына салқын соқтыруы мүмкін еді.

Қалай алғанда да, жаһандық саясатта көңіл көншітер жаңалықтар болмай тұр. Экономикалық дағдарыстарға келеңсіз қақтығыстар қосылып, дүниені шайқалтқандай. Ал бұл оқиғалардың қалай өрбитінін болжау қиын, алды бұлыңғыр.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<