Міне, бір аптадан астам уақыт өтті, Белоруссиядағы дүрбелеңнің әзірге тоқтайтын сыңайы байқалмайды. Дүрбелең елде кезекті президент сайлауы қорытындысы жарияланысымен басталды.
Саяси дүрмекте қазіргі президент Александр Лукашенко 82 проценттен астам дауыс жинап, орталық сайлау комиссиясының шешімі бойынша өзі өкілеттілігін жалғастыратын болды. Алайда, оның негізгі қарсыласы бар болғаны 10,1 процент дауыс жинаған Светлана Тихоновскаяның жақтастары мен оппозиция өкілдері сайлау қорытындысын мойындамайтынын айтып, оны қайта өткізуді талап етуде.
Минск және басқа қалаларда жаппай шеруге шығушылар саны өсуде. Берекесіздік орын алған жағдайлар көп болды. Өндіріс орындарындағылар ереуілге шығып, жұмысын тоқтату фактілері көптеп кездесті. Олар “Лукашенко кет!” деген ұран көтеруде. Әділдік үшін айта кетейік, бұған дейін ешқандай ымыраға көнбей келген Лукашенко сәл жұмсарған сыңайлы. Бірақ ол сайлауды қайта өткізбейтінін, ол конституцияны өзгертіп, саяси реформалар жасағанда ғана мүмкін болатынын, сонымен бірге қарсыластырын саяси диалогқа шақырып, өзінің бірқатар өкілеттіліктерінен бастартатынын, бірақ ол қысым жасаумен бірге көше шеруі арқылы жүйеге аспайтынын үзілді-кесілді мәлімдеді.
Алғашқы қарсылық акциялары кезінде 6000-нан астам адам ұсталды. 100-ден астам күштік құрылымның адамдары зардап шекті. Жаппай тәртіпсіздік кезінде екі адам қаза тапты.
Белоруссиядағы дүрбелең АҚШ бастаған, Еуроодақтың кейбір елдері қолдау білдірген саясаткерлердің мүдделеріне сәйкес келетін сыңайлы. Бұл туралы ә дегеннен АҚШ президенті Д.Трамп, Франция президенті М.Макрон, Латвия мен Польшаның саяси лидерлері өз ойларын сездіріп қалды. Саяси сарапшылардың пікірінше, Батыс пен Еуроодақтың көптеген саясаткерлері бүгінгі қауырт жағдайды Белоруссия мен Ресей арасындағы ахуалды ушықтыру үшін пайдаланғысы келеді. Екі ұлт арасына сына қағу сценарийі 2014 жылғы Украинадағы жағдайға ұқсас екені байқалуда. Бұл орайда Ресей президенті В.Путин Еуроодақ елдерінің бірқатар басшыларынан Белоруссияның саяси қақтығысына араласпауларын сұрады. Ресей мен Германия Сыртқы істер министрлері қалыптасқан жағдайларға байланысты өз алаңдаушылықтарын сездірді.
Украинаның байсалды көзқарастағы саясаткерлері де өз ойларын білдіруде. Олар Украина трагедиясының қайталанбауын қалайды. Себебі, 2014 жылғы жағдай украин халқының елден безіп кетуіне әкеп соқтырды. Елде жұмыссыздық өсті. Халықтың 50 процентке жуығы нан табу қамымен Шығыс Еуропаны және Ресейдің еңбек нарығына қысым жасауда. Белоруссиядағы жағдайды болжаған саясаткерлер оппозиция талап етіп отырған ауыл шаруашылығы мен өндірісті жекешелендіру осы сценарийдің қайталануы мүмкін екенін айтады. Президент Лукашенко өз елінде жекешелендіруге мүмкіндік бермей, халықты аз табысы болса да, жұмыспен қамтып отыр. Бұрынғы кеңестік ауылшаруашылық жүйесі сақталып қалған, өндіріс орындарындағы жағдай да осындай. Бұл елдегі бірлі-жарым олигархсымақтардың мүдделеріне қайшы келеді. Сонымен саяси дүрбелең немен аяқталуы мүмкін? Бұған толыққанды жауап беру қиын. Өйткені, біздің пайымдауымызша, мәселенің түйіні біршама күрделі, себебі, бұл елде бірқатар мемлекеттердің мүдделер қайшылығы тоғысып отыр.
Жолдасбек Ақсақалов,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<