Пластикке тыйым салынды
Чехия дәмханаларында пластик ыдыс пайдалануға тыйым салынды. Бір реттік қолданылатын ас құралдарын, тәрелкелер мен түтікшелерді енді тұтынуға болмайды.
Бұл талапты Еуроодақ 3 жыл бұрын қойған болатын. Бірақ ресми Прага аталған шартты орындауға асықпай жүрген еді. Былтыр экологтар Чехияның ірі қалаларындағы қоқыстың 70 проценті пластиктен тұратынын дәлелдеп, дабыл қақты.
Жаңа заң Прагадағы саудагерлерге қиын соғуда. Бұған дейін сатылымға, адам жинауға, әлеуметтік арақашықтық сақтауға арналған covid шектеулерінен зардап шегіп келген кәсіпкерлер енді ыдыс-аяғын ауыстыруға мәжбүр. Бұл өзгеріс бизнесмендердің қалтасын қаға бастады.
Ресми мәлімет бойынша жылда Чехияда 300 миллион пластик түтікше, 80 милллион ас құралы және 40 миллион стақан сатылады. Бизнесмендерге ережелерге бейімделуге 2 ай уақыт берілді. Одан кейін заң бұзғандарға айыппұл салынып, кәсібі жабыла бастайды.
SpaceX Айға соғыла ма?
SpaceX зымыраны Айға соғылуы мүмкін. Астрономдар ғарышта жеті жылға жуық қалықтаған SpaceX зымыраны бақылауды жоғалтып, Аймен соқтығысу жолында екенін анықтады.
Естеріңізде болса, Falcon 9 зымыран тасығышы Флоридадан 2015 жылдың ақпан айында АҚШ-тың Ұлттық Мұхиттық және атмосфералық басқармасына ауа райы спутнигін жіберу миссиясы аясында ұшырылған еді. Алайда ұзақ уақыт бойы жанған қозғалтқыштардың бірі істен шыққаны анықталды.
Десе де, кей сарапшылар соқтығысу ғылым үшін құнды мәліметтер бере алады деп санайды. Метеоролог Эрик Бергер бұл оқиға «зымыранның соққысы нәтижесінде лақтырылған жер асты материалын» байқауға мүмкіндік беретініне сенімді.
Мұхиттың құпиясына бойламақ
NASA мұхиттардың аз зерттелген, құпияға толы тереңдіктерін зерттеуді қолға алмақ.
Дүниежүзілік мұхит жер бетінің 70%-тен астамын алып жатыр және ғалымдардың айтуынша, 80%-і зерттелмеген. АҚШ ғарыш агенттігі бұл бағытта екі мәселеге баса назар аударуды көздеп отыр. Басқа ғаламшарларда бар мұхиттардың табиғатын түсіну және экстремалды жағдайларда жұмыс істеу технологияларын әзірлеу. Әрине, бұл тосын оқиғалар мен қауіптерге толы. Мұхиттың тереңдігі мен ғарыш кеңістігінде ортақ нәрсе бар. Ол – мұхит түбі мен күн жүйесіндегі кейбір планеталарда кездесетін ұқсастықтар. Бес шақырымнан астам тереңдіктегі мұхит қол жетпейтін тұңғиық болып саналады.
Дүниежүзілік мұхиттың максималды тереңдігі 11022. Бұл жер 1951 жылы оны ашқан британдық зерттеу кемесі құрметіне «Челленджер тереңдігі» деп те аталады. Әзірге мұндай тереңдікке сүңгуге қабілетті құрылғылар санаулы ғана болып отыр.
Зообақтағы жағдай
Ташкент зообағында анасы 3 жасар қызын аю орналастырылған торға лақтырып жіберді.
Хайуанаттар бағының мәліметінше, келушілер мен мекеме қызметкерлерінің әрекетіне қарамастан, әйелді тоқтату мүмкін болмаған. Кавказдық қоңыр аю Зузу қазылған орға асықпай түсіп, қыздың жанына келіп, иіскеген. Кейін бұрылып, кетіп қалған. «Жабайылар» бөлімінің қызметкерлері аңның назарын өздеріне аудартып, оны ішкі бөлмеге кіргізіп алған.
«Тордан шығарылған сәбиді бірден зообақ медбикесі қарап шыққан. Қыз бала тек 5 метрге жуық биіктіктен құлағаннан зардап шеккен. Бастапқы тексеру кезінде соққы алғаннан басқа қандай да бір жарақаттар анықталған жоқ» делінген зообақ ақпаратында.
Қазір бала дәрігерлердің бақылауында. Аю баланы азық ретінде қабылдағанда оқиға немен аяқталатынын ойлау өте қиын. Әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады ӨР Бас прокуратурасынан.
М.МЕРЕЙ





