Қазақстан экономикасы: Құрылымдық өзгерістер нәтиже бере бастады

1551

0

Әлемдік қаржы ұйымдары бірқатар елдердің қатарында Қазақстандағы макроэкономикалық ахуалға талдау жасап, оның алдағы уақытта оң сипатта дамитынын мәлімдеді. Атап айтқанда, мемлекеттің экономиканы құрылым жағынан өзгертуі біршама нәтиже бере бастаған.


Өткен жыл бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстан экономикасын тығырыққа тіреген болатын. Күрделі кезеңде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы кезеңде экономиканың құрылымын өзгерту қажеттігін талап етіп, атқарушы билік алдында бірқатар міндеттерді алға тартты. Соңғы мәліметтер көрсетіп отырғандай, реформалардың ал­ғашқы оң нышан бергенін халық­аралық қаржы ұйымдары да мойындай бастады. Олардың қатарында Дүниежүзілік банк те бар. Банк Қазақстан экономикасының тө­мендеу сипаты көптеген елдерге қарағанда күткендегіден біршама тәуір болғанын атап көрсетті.


Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды. Машина жасау саласы 116,3% деңгейінде тұрақты өсім көрсетті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер, өзге көлік құралдарын, электр жабдықтарын жасау, машиналар мен жабдықтар өндірісі өсті. Әлемде өткен жылы жалпы дағдарысқа байланысты алтын, күміс құны күрт артты.

Биржаларда бағалы металдар көптеп сатылды. Осыны пайдаланған Қазақстан түсті металлургияда да оң динамика қалыптасуына негіз қалады. Оған тазартылған алтын, құйма алтын өндіру, түйіршіктердегі күміс, Доре қорытпасы, бастапқы алюминий өндірісі және басқа да көрсеткіштердің өсімі есебінен қол жеткізілді.

Қара металлургияда өсім 4,1% болды. Арматура прокаты, рельстер, ферро-силико-марганец, арматуралар, шарлар және домалақ шыбықтардың тауар өндірісі өсті. Фармацевтика өнеркәсібінде ішкі нарықтың ең қажетті өнімдерге сұранысы толық өтеліп, жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 15% өсті.

Бұл тоқыма бұйымдары өндірісінің, киімнің және былғары өнімдердің ұлғаюына байланысты болды. Ағаш және тығын бұйымдары өндірісінің өсімі 43,2%.
Әсіресе, теміржолда контейнерлік жүктерді транзиттік тасымалдау­да оң нәтиже болды.

Алдыңғы жыл­мен салыстырғанда транзиттік кон­тейнерлердің жалпы көлемі 876 мың жиырма фунттық баламаны құрады. Өсім 32%.


Елімізде аталған кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаға жетті. Республика бо­йынша мұнай өндіру 90 млн тоннадан 85,7 млн тоннаға дейін төмендетілді. Коронавирустың таралуына және көптеген елдердегі қатаң шектеу шараларына, әлемде мұнай мен мұнай өнімдерін тұтынудың, экономикалық белсенділіктің төмен­деуі салдарынан, әлемдік мұнай қой­маларының толып кету тәуекел­деріне байланысты былтыр Үкімет мұнай өндіру бойынша шектеу шараларын іске асырды. Сонымен қатар ОПЕК+ ұйымына мүше елдер мұнай өндіруді шектеу бойынша осындай шараларды қабылдады. Қазір Дүниежүзілік энергетика саласында жаңартылатын энергетика әлемдік трендке айналуда. Қазақстанда жаңартылатын энергетика «жасыл» экономиканы дамытудың локомотивіне айналатын сыңайы бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергетика объектілері өндірген электр энер­гиясының көлемі 3,15 млрд кВт/сағатты құрады, бұл 2020 жылдың жос­парына толық сәйкес келеді.


Қазақстан Президенті Жолда­уында нарықтағы көптеген салаларды басқару нарықтық емес тәсілдермен жүзеге асырылатынын сынап, ендігі жерде бәсекелестік ортаны күшейтіп, жекешелендіру бағытына тың серпін беру қажеттігін атап көрсеткен болатын.

Былтырғы күрделі кезеңде бұл саясат жоспарға сәйкес жүргізілді. Әсіресе, квазимемлекеттік салада жылдар бойы орын алып келген таптау­рын шаруашылық жүргізу тәсілдеріне тосқауыл қойылды. Экономиканың бүгінгі тынысы көрсетіп отырғандай, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табатын болады. Сайып келгенде, осының барлығы Қазақстан экономикасындағы құрылымдық өз­герістердің нәтиже бере бастағанын айқындайды.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<