Шамдар мерекесі

992

0

Қытай елінде ай күнтізбесі бойынша жаңа жылдың он бесінші күні «Юаньсяоцзе» шамдар мерекесі атап өтіледі. Халық түнде Жаңа жылдың алғашқы айын қарсы алады. Шам мерекесінің екінші атауы – Дэнцзе.

Думанды мерекені атап өту үшін екі күн үлкен дайындық жүргізіледі. Он үшінші күнін «Шамдарды ұсыну күні» деп атайды. Бұл күні кез келген дүкендерде әртүрлі пішіндегі шамдар тізіліп, әр тұтынушы өз талғамы бойынша  таңдай алады. Ал он төртінші күнін «Шамдарды тексеру күні» деп атайды. Бұл күні қала көшелері мен аудандары безендіріліп, басты мерекеге дайындық жүргізеді.

Мерекенің шығу тарихы – Хань заманында Қытай елін жаппай буддизм жаулаған кезде император будда монахтарының медитациялық рәсімдерін көреді. Олар ай күнтізбесі бойынша он бесінші күні Будданың құрметіне шамдар жағады. Мұны білген император барлық ғибадатханалар мен сарайларда шам жағуды бұйырады. Уақыт өте келе бұл рәсім күллі Қытай еліне таралып, қарапайым халық тарапынан қолдау табады. Содан бері Қытайдың барлық аймағында мереке жыл сайын тойланады.

Бұл мейрамда күріш ұнынан пісірілген кішкентай домалақ пішінді нан юаньсяо тағамы дайындалады. Қамыр ішіне құрма мен түйе бұршақ езбесі, жер жаңғақ, күнжіт, қант майын қосады. Бұл тағамды буға пісіріп, кейін бір қуырып алады. Кішкентай тәтті домалақтарды таньюань деп те атайды.

Осы күні қала көшелерінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Өнерпаздар айдаһар немесе жолбарыс бейнесіндегі шамдармен би билеп, ағашаяқпен жүреді. Шамдармен қатар, бұл мерекеде аспанға отшашулар атылады. Сондай-ақ, ірі қалаларда айдаһар түрінде үлкен шаммен шеру өтеді. Шерудің басында үлкен дөңгелек шам болады, ал айдаһар осы шамның артында қозғалады. Мұндағы айдаһар бұлттар мен жаңбырды бейнелейді. Сонымен қатар, Қытай халқының наным-сенімдеріне байланысты жаңа жылда қайтыс болған ата-бабалардың жаны мерекені туыстарымен қарсы алу үшін жерге түседі және шамдар мерекесінің арқасында олар қайтып оралады.

Бұдан кейінгі екі күн – «Шамдардың жанып бітуі» мерекесі. Бұл күндері мерекеден қалған барлық шамдар жанып бітуі тиіс. Он сегізінші күн «Шамдарды алып тастау күні» деп аталады. Қала көшелері мен аудандарындағы безендірілген барлық шамдар алынып, сауда нүктелерінде оларды сату тоқтатылады.

Аружан ЕРАЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<