Ұлыбританияда 4 жасар қыз динозавр табанының ізін тауып алған

1155

0

Ұлыбританияның Бэрри қаласындағы Бэндрикс Бэй жағажайында төрт жасар Лили Вайлдер жақсы сақталып қалған динозавр табанының ізін тауып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

220 млн жыл болған бұл із батпақты топыраққа басылғандығы арқасында жақсы қалпында сақталған екен. Мамандардың айтуынша, жалғыз ізді зерттеу арқылы динозаврдың нақты қай түрге жатқандығын айту қиын. Дегенмен, Уэльстің Ұлттық мұражайының палеонтология кураторы Синди Хауэллдың айтуынша, ізді бойы 75 см болған, артқы аяқтарымен жүретін, шағын жануарлар мен жәндіктермен қоректенген динозавр қалдырған.

Жағажайда серуендеп жүрген Лили және оның әкесі Ричард Вайлдер ізді байқағаннан кейін оны суретке түсіріп, жергілікті мамандармен хабарласқан. Із басылған тас Уэльс Ұлттық ресурстары агенттігінің арнайы рұқсатымен Кардифф қаласындағы Ұлттық музейге жеткізілді. Ұлттық музейдің мәлімдемесіне сәйкес, мұндай жақсы сақталған іздердің көмегімен ғалымдар динозаврлардың сүйек құрылымын одан әрі зерттеуге мүмкіндік алып отыр.

Уэльстің Бэрри қаласының маңында орналасқан бұл жағажай Ұлыбританияның ең маңызды палеонтологиялық аймақтарының бірі болып саналады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<