Ауыл азаматымен ажарлы

640

0

Ауыл десе айналасына риясыз көңілмен қарайтын ақ пейіл адамдар көз алдыңа келеді. Ала таңнан тұрып, алқаптағы егісті бетке алатын диқан қауым алтын уақыттың әрбір сәтін қалт жібермейді. Айталық, ақпан айының ішінде көктемгі дала жұмыстарын бастап кететін олар ала жаздай аптап ыстықта егінді күтіп-баптап, күздің қара суығы түскенше жинап, қырманға тасып алады. Рас, бұрын бұл жұмыстардың басым бөлігі қол еңбегін қажет ететін, ал қазір заманауи техникалардың көмегімен егіншілердің бейнеті біршама жеңілдеді. Жыл сайын алынған өнім көлемі арта түсіп, шаруашылықтың табысы ұлғая бастады. Соның нәтижесінде егінші-механизаторлардың әлеуметтік жағдайы жақсара түскен.

Жалағаш ауданы Таң ауылындағы «Таң ЛТД» ЖШС-ның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқанда осындай  жемісті еңбектің куәсі болдық. Жалпы серіктестік қарамағында 375 адам еңбек етеді. Техника паркі жаңартылған, ең алғаш 400 гектардан бастаған серіктестік бүгінде 4 мың гектарға егін егеді. Оның негізгісі күріш, қалғаны майлы дақылдар мен бақша өнімдері. Сонымен қатар, шаруашылықта жас мамандарға жасалып отырған қолдау ерекше.

Айталық, заманауи техниканы тізгіндеген жас механи­заторлардың ең­бек­ақысына 20 процент үс­теме есептеледі, сондай-ақ, шаңырақ көтеретін жастарға шаруашылық есебі­нен 1 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалған. Бұдан бөлек, әрбір жұмысшының еңбек нәтижесіне қарай сы­йақы төлеу дәстүрі қалып­тасқан. Мысалы, өткен жылы күріштің әр гектарынан орта есеппен 68 центнерден өнім алынған. Егістің қоры­тындысымен еңбек озаттарына 210 млн теңге сыйақы, 7 жеңіл көлік сыйға берілген. Ал ауыл ішіндегі әлеуметтік ах­уалды тұрақтандыру бағы­тында атқарылып жатқан жұмыстар тіпті ғажап.

Иә, бұл серіктестік ең алғаш 2003 жылы құрылып, жұмысын бастаған еді. Ол кездегі жағдай мүлде басқаша, техника жоқтың қасы, бар болса да әбден ескірген, егілген күріштің гектарынан 30-35 центнерден ғана өнім алынатын. Жұмыстың табысынан шығыны басым болды. Әсіресе, ауыл тұрғындары нарық талабын бірден қабылдай алмады. Сондықтан шаруашылықта ең­бек етуге жастар келе бер­мейтін. Осындай сындарлы кезеңде шаруашылықтың ісі ілгері басуына мемлекеттің қолдауы оң ықпал етті. Атап айтсақ, «ҚазАгроҚаржы» ак­цио­нерлік қоғамымен келісім­шартқа отырып, лизинг арқылы ауыл шаруашылығына жаңа техникалар алуға мүмкіндік  жасады. «Таң ЛТД» ЖШС осы жеңілдікті тиімді пайдаланып, жыл сайын техникаларын жаңартуға басымдық берді. Осыдан кейін ғана еңбек өнімділігі еселене түсті. Серіктестіктің әлеуетіне сенім артқан жұмысшылар тұрақты еңбек етіп, жаңа техникалардың тізгінін қол­ға алды. Қазіргі таңда атал­ған серіктестік Мырзабай ахун, Ақжар ауылдарынан шар­уашылықтар құрып, эконо­микалық әлеуетін кө­терісіп, тұрғындардың әлеу­меттік ахуалын жақ­сартуға қаржы салып отыр.

«Таң ЛТД» серіктестігі ауыл келбетін жақсартуға тұ­рақты атсалысады. Ай­та­лық, 2017 жылдың ая­ғында Таң ауы­лында 140 балаға арналған екі қабатты балабақша ғима­ратын пайдалануға бер­ді. Қазіргі таңда 90 бала тәр­биеленуде, 24 адам жұ­мыс істейді. Балабақша материалдық-тех­никалық база­мен толық қам­тамасыз етіл­ген, бу қазан­дығы арқылы жылытылады. Мемлекетпен әріп­тестік аясында 2019 жылы ауыл орталығынан Жалағаш аудандық №13 Олимпиадалық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мекте­бінің филиалы ашылды. Бұдан бөлек, футбол алаңы бар. Спорт саласы бойынша  үйірмелерге 200-ге жуық жөсөспірім тартылған.

Ауыл ішіндегі 7 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кіреберістен бастап жасыл белдеу жасап, көркейту-көгал­­дандыруға көмек берді. Серік­тестік төрағасы, облыстық мәслихат депутаты И.Шағыр­таевтың айтуынша, бұған дейін облыс әкімдігімен «Таң ЛТД» ЖШС арасында меморандум жасалған еді. Оның шарты бойынша егер шаруашылық мелекетпен әріптестік аясында ауылдың әлеуметтік саласына 30 процент қаржы салса, 70 процентіне қолдау көрсетіледі. Міне, осыған орай алдағы уақытта ауылдың 14 көшесін жөндеуге қаржы бөлінетін болып отыр. Сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша жаңа бастамаларға үлес қосу мақсаты да тұр.

Ауылға кіреберіс 17 гектар жерге күріш егілген екен. Ондағы мақсат – сор басқан жердің тұзын шайып, қалыпқа келтіру. Білуімізше, келешекте бұл жерге ауыл тұрғындары бақша егіп, өз-өзін қамтамасыз ететін болады. Ал бақшалық жерді дайындауға, су келтіруге шаруашылық есебінен көмек беріледі.

Ауылдық ардагерлер ке­ңе­сінің төрағасы Өмірбай Жалғас­баевпен әңгімелесіп, ауылдың әлеуметтік ахуалы туралы сыр тартқан едік:

– 1967 жылдан «Таң» шар­­уа­шылығы (совхоз) болып  қайта құрылды. Одан кейін «Таң» өндірістік коопе­­­ративі, «Таң ЛТД» жауап­­­кершілігі шектеулі серіктестік болып өзгертілді. Мұндағы шаруашылықтар егін жұмыстарынан бөлек, «Сы­баға», Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларымен тиімді жұмыс атқа­рып отыр. Қазіргі күні ауылдың тұрмыс-тіршілігі жақ­сарған. Өйткені әр отбасы­нан шаруашылықта еңбек ететін жұмысшыларға нақты қолдау бар. Жұмыссыз жастар жоқтың қасы. Ауыл ішіндегі абаттандыру жұмыстары өз алдына. Қырман берекелі, халық­тың көңілі тоқ. Осының барлығы – туған жер ал­дын­дағы жауапкершілігін терең сезінетін Имамзада Шағыртаев сынды азамат­тардың еңбегі. Оны тұрғындар жақсы біледі. Сондықтан ауыл­дың бола­шағы үшін жұмылып жұмыс атқаруға ынталы, – дейді ардагер.

Ауыл әкімі Қайрат Сейдах­метовтың айтуынша, Таң ауыл­дық округінде 236 отбасы бар. Халық саны – 1258. Ауылдық округ бойынша 4 ЖШС, 16 шар­уа қожалығы, 80 жеке кәсіпкер тіркелген.

Республикалық бюджеттен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауылдық мәдениет үйіне орташа жөндеу  жұмыстары жүргізілсе, «Өңір­лерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында Елтай молда көшесі реттелген. Елді мекендердегі көшелер жарықтандырылып, көркейту-көгалдандыру шаралары тұрақты қолға алынған.

Жалпы ауылда экономи­калық белсенді халық саны 685 адам, өткен жылы аудан­дық жұмыспен қамту орта­лығы арқылы 18 адам қоғам­­дық  жұмысқа, 6 адам жас­тар практикасына, 1 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 10 адам тұрақты жұмысқа орна­ласқан.

Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған баспасөз турының мақсаты – Тәуелсіздік  жылдарында тіршіліктің жаңаша талабына бейімделіп, несібесін жерден терген ауыл еңбеккерлерінің жайын көзбен көру болатын. Шындығында, болашаққа се­німі мол, берекелі істің иінін тауып, бірлігі мен ынтымағы арта түскен ауыл халқын көріп, ризалық сезімде оралдық.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<