«Бәрі – біздің баламыз»

663

0

«Елімізде мүмкіндігі шек­теулі балалардың саны – 85 мыңнан асады. Ал, оңалту орталықтарының саны 152». Бұл – бір-екі жыл көлемінде жарияланған дерек. Ал, қазір қалай, ерекше балаларға қан­дай қолдау шаралары көр­сетілуде?

Мәліметтерге сүйенсек, елімізде 563 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олар жалпы халық санының 3 про­центін құрайды. Оның 58 мыңы – балалар. Өңір­дегі жағдайға тоқталсақ, облыс­тық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы 18 жасқа дейінгі 5345 мүм­кіндігі шектеулі бала тір­кел­генін айтты. Бүгінде осы ерекше балаларды ортадан оқшау қалдырмай, барынша қамқорлық жасау ісі жүйелі. Тірек-қимыл ап­параты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар 151 балаға күндізгі ста­ционар жағдайында қызмет көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап иппотерапиямен оңалту шаралары жүргізіледі.

Балаларды оңалту орта­лықтары ата-аналарға қажетті кәсіби бағыт-бағдар беруде. Соның ішінде біз болған Тасбөгет кентіндегі №2 облыстық балаларды оңалту орталығы 18 жасқа дейінгі даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту, психологиялық-медициналық, педагогикалық көмек көрсетуге күш салып келеді. Мекеме заман талабына сай, қажетті құрылғылармен жабдықталған. Орталық директоры Перизат Жұматованың айтуынша, мұнда 2006 жылдан бері 1561 бала көмек алған. Оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған 341, Даун синдромына шалдыққан 120 балаға және тіл дамуының кешеуілдеуіне душар бол­ған 797, аутизм белгілері анық­талған 12 балаға тиісті көмек берілген.

Статистикадан байқаға­ны­ңыздай, бала тілінің кеше­уілдеп шығуы – өзекті мәселе. Әлсіздік салдарынан Даун синдромы, неврологиялық гидроцефалия, микроцефалия секілді туабітті хромосомалық аурулар, гендік тұрғыдан да тұқым қуалайтын аурулар салдарынан баланың тілінде кемістік пайда болады. Тіпті баланың тілі шықпайтын жағдайлар да кездеседі. Осындайда орталықтағы логопедтің атқарар қызметі орасан зор. «Тіл мүкісі бар баланы қанша уақытта емдеуге болады?» деген сұрағымызға біз мынадай жауап алдық.

– Негізінен бала қанша­лықты көп күйзеліске түссе, жетілу процесі кешеуілдейді. Кей отбасында баласы 1 жасқа толмай жатып, екінші сәби дүниеге келеді. Мұндайда бала қызғаншақтыққа, күйзеліске түсіп, нәтижесінде томаға-тұйық болып, психологиялық дағдарысты бастан кешеді. Соның әсерінен тіл мүкісі пайда болуы мүмкін. Ал, оның толық түзелуіне ұзақ уақыт керек. Ол баланың жеке, физикалық, психикалық даму ерекшелігіне байланысты. Аз уақыт дегеннің өзі 3 айға, ал ұзақ уақыт 3 жылға созылуы мүмкін. Орталықта 2 логопед-дефектолог қызмет атқарамыз, бізге жүгінетін ата-ана көп, қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз, – дейді логопед Жазира Дүйсебекова.

Бұдан бөлек, сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналарына кәсіби кеңес беріледі. Бұл мақсатқа арнайы невропатолог, психиатр мамандары жұмылған. Емдік денешынықтыру және массаж қызметтері ұсынылады.

– Ата-аналардың көзінен үміт отын көргенде, мұнда бекер  жүрмегенімізді түсінеміз. Негізгі мақсатымыз да – әрқайсысына қол созу. Дегенмен, кейбір ата-ананың көңілінде күмән бар. Олармен сөйлескенімізде баланы далаға алып шыққан кездегі жұрттың көзқарасынан қысылатынын айтады. Сөйтіп үйден ұзат­пай, оқшаулап ұстайды. Бірақ, бұл мәселенің шешімі емес. Біз осының барлығын көкейге құюға тырысамыз, психологиялық көмектің ма­­ңызы зор екені осыдан бай­қалады. Әр баладан оң нәтиже байқалғанын көргенде жұмысқа деген құлшыныс арта түседі. Біздің міндетіміз – осыған титтей де болса үлес қосу, – дейді орталық ­директоры.

Орталықтағы балалардың қоғамдық өмірдегі белсен­ділігі де назарда. Талаптыларды анықтап, қоғамда бейім­делуіне қолғабыс етілуде. Талантты, өнерлі өрендер дара әлемнің қасиетін балалар шығармашылығының фес­­­­­ти­вальдары арқылы се­зі­­ніп келеді. Бұған дейін Ибра­­гим Бақдәулет, Аягөз Тұрақова, Нұрдана Батырбек, Исламнұржауар Жақып­бек  және өзге де өнерлі балалар республикалық «Жұл­дызай» фестивалінде көпті таңғалдырып, жүлделі орын иеленді. Облыстық «Жү­рек жылуы» фестивалінде де Ақнұр Айтуған, Диана Әуезхан, Айлин Ермағанбет, Нұржігіт Төлегенов арнайы дипломдармен марапатталған. Олардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын көр­генде шеберлердің туындысы ма деп қаласың. Бұл – жігерлі жеткіншектер қиялының, ынта­сының нәтижесінде дү­ниеге келген еңбек. Шектеулі әлемнен шексіз өнерге бейім қылған құдіретті күш оларды тек алға жетелеуде.

Бастысы, өнерімен өрге жүзген балақалайларды жомарт жүректі кәсіпкерлердің үздіксіз қолдауы қуантады. Жас болса да, бас болған Мағжан Ералиев бұған дейін де облыс көлемінде қайырымдылық шараларына үлес қосып, қоғамға қажетті әлеуметтік бастамаларға дем беріп келеді. №2 облыстық балаларды оңалту орталығына қуаныш сыйлауды да әдетке айналдырған. Әр мереке са­йын дефектологияға қажетті ойыншықтарды, мүмкіндігі шектеулі балғындардың ақыл-ойын дамытатын құралдарды тарту етуде. Шәкәрім айтқан «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» тәмсілін тұмар еткен азаматқа орталық қыз­меткерлері дән риза. Ал, балаларына көрсеткен қам­қорлыққа ата-аналардың айтар алғысы алғаусыз. Бұл игі іс жақсылықтың үлкен-кішісі болмайтынын көрсетеді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<