Бірлік бесігінде тербелген құт мекен

692

0

Алтын бесік – ауылдың ажары артқанын бәріміз қалаймыз. Құтты қоныста елдің жағдайын жақсартқан игілікті істерді естігенде жүрегіміз жылып қалады. Осындай жаңашыл бастамалар Жаңақорған ауданының тыныс-тіршілігінде айқын көрініс беріп келеді. Жергілікті тұрғындар таза ауызсуға қол жеткізуде. Мәдениет, спорт салаларында да оң жетістіктер бар. Бау-бақша өсіретін бағбандар саны артты. Өңірлік коммуникациялар қызметі мен аудан әкімдігі тарапынан ұйымдастырылған баспасөз туры барысында сол игілікті істердің барысымен танысуға мүмкіндік туды.

Қауыққа ауызсу келеді

Дарияның іргесінде қоныс тепкен Қауық ауылы теміржол бойындағы Аққұм станциясының жанында орналасқан. Қазір мұнда бірнеше тұрғын түтін түтетіп, ауылдың берекелі тіршілігінің базары қайнай түскен. Десе де, әлі елді мекен мәртебесін алуға тұрғындар саны жетпейді. Заңдылық бойынша ондай мәртебе тұрғын саны 50 адам болғанда беріледі. Қазір мұнда 34 адам өмір сүріп жатыр. Ал елді мекен мәртебесі берілмеген ауылға мемлекет тарапынан қаржы тартып, инфрақұрылым жүргізілмейді.

– Мен бұдан бұрын Қауыққа келгенде тұрғындар өз өтінішін жеткізді. Әсіресе, көпшілікті таза ауызсу жағдайы қинайды екен. Біз мүмкіндік көзін қарастырып көрдік. Жергілікті өндіріс орындарына демеушілік көрсетуге өтініш білдірдік. Нәтижесінде аудандағы іргелі өнеркәсіп ошағының бірі «СКЗ-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдау көрсетуге ниет танытты. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының көп жылдан бергі арманына айналған ауызсу мәселесі алдағы уақытта толығымен шешілетін болды. Биыл жергілікті жұрт «Талап» топтық су құбыры игілігін көре алады. Айта кетерлігі, таза су Аққұм станциясына келіп тұр. Қауыққа сол жерден тартылады, –  деді аудан әкімі Руслан Рүстемов жұртшылықпен жүздесуінде.

Кейінгі жылдарда ауданда таза ауызсу игілігін көрген тұрғындар саны артты. Осы орайда «Талап» топтық су құбырының пайдасы тиіп отыр. Қазір 12 елді мекенде тұратын 14 мыңнан астам адам таза суға қол жеткізді. Олардың қатарында Кейден және Аққұм ауылдары да бар. Енді мұндай игілікті Қауықтағы көпшілік те көреді.

Ауыл тұрғыны Сабырхан Божбанбаев көпшіліктің негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысатынын айтты. Оның ішінде бақша өнімдерін өсіруге де ден қойған. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға иек артып отырған ешкім жоқ. Қауықта тұратын 7 отбасы сиырдың басын 100-ге дейін жеткізіп, одан мол өнімге негіз қалап отыр.

– Біз әрдайым еңбек еткенді жөн көреміз. Жаз бойы картоп, бақша өнімдерін өсіреміз. Жылма-жыл 5 гектарға еккен картопты күзде алыс-жақынға саудалаймыз. Биыл ауылдан 2 адам мал шаруашылығын дамыту мақсатында қайтарымсыз несие алды. Осындай тынымсыз тірліктің арқасында Қауықта атаулы көмек алатын отбасы жоқ екенін айта кетейін. Шүкір, аудан басшылығы тарапынан біздің мұң-мұқтажымыз ұмыт қалған емес. Бұдан бұрын балаларды көрші ауылдағы мектепке тасымалдайтын көлік мәселесі шешілсе, енді таза ауызсуға қол жеткізетін күн алыс емес. Тәуелсіздік жылдарында елімізде шағын ауылдардың да түйткілі тарқатылып келеді. Бізге қолдау білдірген барша аза­маттарға алғысымызды айтамыз, – деді ол.

Қуаныштысы, Қауық тұрғындары өзге ауылдар секілді ұялы байланыс игілігіне қол жеткізіп отыр. Осы мақсатта биыл Аққұм елді мекенінде 3G базалық станциясы орнатылды. Енді қос ауылдың тұрғындары алыс-жақындағы ағайынымен емін-еркін байланыса алады.

Қауықта болған қысқа уақытта осындай жарасымды істі көзіміз шалды. Аққұммен екі аралықтағы жолдың өзіне қиыршық тас төселіп, көлік қатынауына оңды жағдай туған. Елдің ертеңнен үміт күтетінін байқадық. Өзге өңірлерге қоныс аударған кейбір азаматтар қайтадан ауылға келуге ниет танытты. Қауықта жаңа заман үлгісімен бой көтерген тұрғын үйлер саны да арта түсіпті. Шағын қоныстың шырайы кіре бастағаны көңілімізді жылытты.

Ауылда оркестр құрған Айсынов

Жаңақорған жұртшылығы жергілікті өнер жанашыры Бәден Айсынов есімін жақсы біледі. Ауылдық жердегі мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ол бүгінге дейін игілікті істердің басы-қасында жүреді. Биыл жетпіс бес жасқа келген қарияның қолынан домбырасы түскен емес.

Ол кісі «Октябрь» ауылындағы №54 орта мектепті тәмамдап, одан кейінгі жылдарда Шымкент музыка училищесін, Құрманғазы атындағы Алматы консер­ваториясын бітірді. Өнер өлкесінде өз өрнегін салған азамат алдымен Құрманғазы халық аспаптар оркестрінде еңбек жолын бастаған.  Шет елдерде және еліміздің көптеген өңірінде өнер көрсетті. Бұдан кейін Жетісай және Қызылорда қалаларында басшылық қызметтер атқарып, 1981 жылы туған топыраққа қайта қадам басты. Талап елді мекенінде өнер мектебін ашуға бастамашы болып, оған отыз жылдан астам уақыт бойы жетекшілік жасады. Сол жылдарда өзінің отбасылық ансамблін құрды. Ансамбль беріде халықтық көркемөнер ұжымы ретінде көпшілікке кеңінен танылды. Ауылда белгілі күйші Әлшекей атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрін құрып, алғашқы күннен оған көркемдік жетекші болды. Екі өнер ұжымы да республикалық деңгейге дейін көтерілді. Алыс-жақындағы жұртшылық жергілікті өнерпаздардың деңгейін жоғары бағалады.

– Халқымызда «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бар. Ұзақ жылдар бойғы қызметімде оған көзімді айқын жеткіздім. Талантты жастардың өнер өлкесінде өрнек салуына жол аштым. Өзім жетекшілік ететін отбасылық ансамбль де көптеген байқауларда жоғары орыннан көрінді. Атап айтқанда, 1993 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық отба­сы­лық ансамбльдер сайысында жеңімпаз атанып қайттық. Ал 2018 жылы елор­дамызда өткізілген республикалық шара­да еліміздің әр өңірінен келген 13 отба­сы­ның арасында үздік болдық, – деді ол.

Жергілікті өнерпаздар Жаманбай батыр ауылдық округіндегі мәдениет үйінде көпшілікке концерттік бағдарламасын ұсынды. Ансамбль мүшелері елімізге танымал және жергілікті компо­зитор­лардың шығармаларын нақышына келтіре орындады. Топ құрамында тәжірибелі мамандармен бірге жастар мен жасөспірімдердің бар екенін байқадық. Белгілі ұжымның өнері өрістеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Жеміс ағаштары жайқалған бақ

Қаратаудың баурайында қоныс тепкен Бесарық ауылы жасыл желек егуге өте қолайлы. Елді мекенге кірген сәтте жайқала өскен сан алуан ағаштарды көріп, көңіліміз көтеріліп қалғаны рас. Таудан аққан өзен суы жерге еңкейген бағбанның несібесін молынан бұйыртып келеді. Ауылда бау-бақша дақылдарын егіп, одан толайым табыс тауып жүргендер бар. Кейінгі жылдарда елді мекенде жеміс ағашын егуге ниет білдірген тұрғындар саны арта түскен. Сондай-ақ, осы ауылда туып-өсіп, кейіннен жыраққа кеткен кейбір азаматтар да туған топырақтың түлеуіне қал-қадерінше үлес қосып келеді.

Бес жыл бұрын жергілікті азамат Сейілбек Өмірбеков «Марс» шаруа қожалығын құрып, елді мекен іргесінен 27 гектар алқапқа бау-бақша дақылдарын егуге кірісті. Алғашқыда көңілде алаң болғаны жасырын емес. Ауылдағылар да «Қалай болады екен?» деген күдігін білдірген. Тәуекелге бел байлаған азамат алма ағашының бірнеше түрін екті. Оған қоса өрік, алмұрт, жүзімге көңіл бөлді. Қанша жылғы қарекет текке кеткен жоқ. Көшеттер бой көтерген сәтте көңілдегі алаң да сейілді. Қазір жеміс ағаштары жайқала өскен бау алыстан менмұндалайды.

– Әкем өмірден өткенмен, ол кісінің алға қойған мақсатын ағам екеуіміз жалғастырдық. Қайсыбір жылғы көшеттер бүгінде еңселі биік жеміс ағаштарына айналды. Жылма-жыл мол өнім аламыз. Оған сұраныс та артып келеді. Біз бұл кәсібімізді алдағы уақытта да дамыта түсуді ойлап отырмыз. Көптеген жеміс көшетін алып келдік. Олардың кейбірі еш жағдай жасалмаса да өседі екен. Ендігі бірінің сырын білмей жатқан секілдіміз. Десек те, әрбір ісімізден тәжірибе жинап жатырмыз. Жалпы, жасыл желек жаныңа ерекше сезім сыйлайды емес пе? – деді Марс.

Ауылдағы «Пәзілбек қажы» шаруа қожалығы да бау-бақша өсіруге көңіл бөліп отыр. 2017 жылы құрылған қожалық әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін дақылдарға маңыз беріп келеді. Осы мақсатта облыс орталығындағы Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп оң нәтижеге қол жеткізді.

Қожалық төрағасы Самат Сапарбеков бау-бақша, өзге де дақылдарды егу ісі жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.

– Алғашқыда 5 гектарға алма бағы егілді. Оның ішінде 1,2 мың түп алма ағашы бар. Ғалымдармен ақылдаса егілген жергілікті климатқа сай келетін «Голден Делишес», «Симиренко», «Старкримсон» секілді сорттар қазір жайқалған жеміс ағаштарына айналды. Оған қоса «Алқызыл шабдалы» секілді өрік сорты бар. Сондай-ақ, мұнда қараөріктің «исполиндік» және «супериор» сорттары егілген. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылдан бастап акваперра гель деп аталатын ылғал сақтағыш жаңа технологиямен 80 гектарға күздік бидай егуді қолға алдық. Дәл осындай әдіспен мақсары өсіруге мән бердік. Өздеріңіз көргендей, ол әрбір дақылдың тамырында ылғалды ұзақ сақтауға оң әсерін тигізеді. Өнімнің мол болуына жол ашады, – деді ол.

Көненің көзіндей болған диірмен

Баспасөз туры барысында аудандағы ұлттық ойындардың даму барысымен таныстық. «Жаманбай батыр» ауылдық округінде тұратын жастардың арасында спорттың аталған түрінен республикалық жарыстарда топ жарып жүргендер бар. Солардың бірі – Әбдінәсірдин Файзулла бірнеше жылдан бері аударыспақпен айналысып, көптеген жүлдеге қол жеткізді. Оның айтуынша, алғашқыда ол көкпарға қызығушылық білдірген екен. Десе де, беріде аударыспақтың да қыр-сырына қанықты. Ол жақында Тараз қаласында өткен республикалық жарыста 68 келі салмақта алтыннан алқа тағып қайтты. Нәтижесінде Азия чемпионатына жолдама алып, ұлттық құрама мүшелігіне қабылданды.

– Облыста ұлттық ойындарға бейімделген жаңақорғандық жастардың саны басым. Көкпардан бірнеше білекті жігітіміз ел біріншілігінде аймақ намысын қорғап келеді. Оған қоса аударыспақ, теңге ілу секілді әбжілдікті, шымырлықты, жинақылықты қажет ететін сайыс түрлерінен де қоржынымыз бос қайтқан емес. Жалпы, жас буынның жылқыға жақын болғандығы бізді қуантады. Олардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді, – дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмуд Рахымжанов.

Журналистер аталған баспасөз турында Қаратау қойнауында орналасқан су диірмені жұмысымен танысты. Жергілікті өлкетанушы Үмбетәлі Әбибуллаев бізге өткен ға­сыр­дың отызыншы жылдарында тау ішіндегі Бесарық өзені бойында осындай 62 диірменнің болғаны жөнінде деректер келтірді. Кезінде Ысқақ, Айсын, Бегман есімді азаматтар иелік еткен мұндай орындар ұзақ жылдар бойы тау суының күшімен өнім шығарып келді. Жергілікті кәсіпкер Марат Әбдікәрімов солардың бірінің жұмысын қайта жандандырды. Бұл – жас ұрпаққа өнеге боларлық іс.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<