Бар мейірім балаларға

1711

7

Қазір баланы балабақшаға апарарда ата-ана алдын ала таңдау жасайтыны рас. Өйткені, көп уақытын жұмыста өткізетін үлкендердің бала тәрбиесінде бірден-бір сенетін адамы – тәрбиеші. Жуырда қала тұрғыны немерелерінің бәрі №5 «Шаттық» балабақшасында тәрбиеленгенін, ондағы білім сапасы, мамандардың қамқорлығы туралы сөз қозғады. Сөзінен құрмет пен риясыз алғысты аңғардық. Ал, балалар мекеніне барғанымызда,  айтуының бекер емесін бірден-ақ түсіндік.

Балабақша ауласына кір­геннен-ақ түрлі-түсті гүлдер мен жеміс ағаштары, тіпті әр жерден ертегі кейіпкерлері қарсы алды. Анықтап қарасаң, мұндағы қолтырауын мен  үш басты айдаһар, керік пен күшіктердің ағаш діңінен жасалғанын байқайсың. Бала түгілі ересектер қызығып қарайтын бұл аумақта жүзім, шие, алма, алмұрт ағаштарынан бастап таңқурай, итмұрын бұталары, жалпы 70-ке жуық өсімдік түрімен танысасың.  Табиғаттың мұн­­дай сыйын көріп өскен сәби­лердің әдемілік туралы ұғы­мы қалыптасатыны рас, бір жағынан оларға арнап жеміс тосаптары, сусындар жасалады екен. Ал, жалбызды кептіріп, балаларға арнап қыста шай әзірлейді. Тіпті, оларды сақтауға арналған жертөле де бар екен.

Балабақшаның тағы бір ерекшелігі, мұнда айрықша күтімді қажет ететін, яғни  көру, есту, сөйлеу мү­кісі бар балалар да оқытылып тәрбиеленеді. Кө­теріп кіргізген баласының бір айдан кейін жүргенін, өзгелермен мүлде аралас­пайтын, қырсығып жылай беретін аутизм белгілері бар сәбиінің партаға отырғанын көрген ата-аналар «Шаттық» балабақшасы туралы жан-жаққа айта бастайды. Көңілі алаң әке мен ананың бұл да бір үміті. Бүгінде мұнда тәрбиеленетін 140 баланың 41-і – ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндер.

Елу жылдық тарихы бар балабақша 1972 жылы ашылған.  Меңгеруші Гүлден Жантасқызының айтуынша, ден­саулығы нашар балалар «Психологиялық-ме­ди­ци­налық-педагогикалық кон­су­льтация» мекемесінің жол­дамасымен келеді.

– Алғаш жұмысқа келген 2012 жылы мұнда көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы бір топ пен кәдімгі 5 топ болды. Бірақ, қитарлық, амблиопия диагнозы бар, алыстан көрмейтін балаларға арналған топ, тәрбиешілер болмады. Сондықтан ол балаларды бір топқа жинақтадық. Арада біраз уақыт өткеннен кейін мұның дұрыс еместігіне көзіміз жетті. Өйткені, балаларды топтастырған кезде денсаулықтарының нашар екені айқындалып, көзге  көрінді. Сондықтан мұндай бүлдіршіндерді кә­дімгі топ­тарға өз жасына қарай тарату керегін түсіндік. Инклюзивті топтар ашу үшін жаңа құрал-жабдықтар, арнайы мамандар қажет. Осыған байланысты жаңа жоба жазып, қалалық білім бөлімімен және қалалық әкімдікпен  бірлесіп облыстық жобалау кеңсесіне ұсындық. Жоба бірауыздан қолдау тауып, инклюзивті топтарды ұйымдастыру жұ­мыстарына 30 млн 300 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл 2018 жылдың ақпан айы болатын. Облыстық білім басқармасының қаражатымен психолог, логопед-дефекто­лог, тифлопедагогтің каби­неттерін жабдықтадық. Ерек­­­ше күтімді қажет ететін ба­ла­­лардың құ­рал-жаб­дық­тарын дайындай­тын мекемеден сапалы әрі жаңа үлгідегі емдік және кор­рекциялық аппараттар ал­дыр­дық. Бұрын өзімізде көзі нашар көретін 12 бала бар болса, жоба басталғаннан кейін олардың саны 48-ге артты. Балаларды бүкіл топтарға бөліп жібердік. Біздің мақсатымыз – ерекше күтімді қажет ететін балалармен денсаулығы қалыпты балаларды бірге тәрбиелеу. Жоба бойынша тифлопедагог, сурдопедагог, дефектолог, логопед, денешынықтыру мұғалімі мамандары жұмысқа алынып, нәтижелі істі бас­тап кетті, – деді балабақша меңгерушісі.

Көбіне мұнда жасы 4-5-ке келсе де сөйлемейтін, дыбысты анық айта алмайтын,  қабілетінде кемшілігі бар балалар жиі келеді. Айта кету керек, арнайы мекеменің жолдамасымен келген балақайлар тегін қабылданады. Аутизм­нің ауыр түріне шалдыққан балалар ­педагог-тьютер қа­да­­­ғалауында болады. Өйт­кені ондай балалар көп­ші­лікке қосылған кез­де агрес­сия көрсетіп, шың­ғы­рып, өзінен-өзі тұйық­талып кететін көрінеді. Ал, көзі қыли балаларға өте қымбат тұратын «Синоптофор» аппараты алынған. Себебі, мұндай балалардың көзі екі бағытқа қарайтындықтан, ал­дындағы жолын көрмейді. Мамандардың міндеті көздің кемшілігін ретке келтіру. Сондай-ақ, зағип балалар үшін жан-жақтан Брайль әліппесі де жинақталған. Ең бастысы, бүгінде ерекше күтімді қажет ететін балалар балабақшадан кейін бірден мектепке қабылдануда. Ішінде арнайы интернатқа кеткені бірен-саран.

–  Қалыпты балалар мен ерекше күтімді қажет ететін балаларды бірге тәрбиелеудегі басты мақсатымыз – әлеу­мет­тендіру. Басқа балалар сурет салып  жатқанда олардың да сурет салуы, бірге тамақтануы, нанын өзі алып жеуі, орындығын жылжытып әкелуінің өзі нәтиже. Әсіресе жанындағы балалармен тіл табысып, бірге ойнауына қатты көңіл бөлінеді. Егер мұндай қабілеттерін жетілдірсе, олар мектепке барғанда ­ қи­на­л­­майды, – деді Гүлден Жантасқызы.

Айталық, 5 жастағы Азатты балабақшаға ата-анасы көтеріп кіргізген болатын. Жерге қойса, тек аяқ ұшымен тұрып, алға қарай бір қадам да баспайтын. Бір айда мамандар баланы өз бетінше жүруге үйретті.

Ал, биыл церебральды сал ауруы, аутизм диагнозы бар бірнеше бала қатарластарымен бірге орта мектеп табал­ды­рығын аттады. Аутизм белгісі бар Айка балабақшаға келгенде бөлмесінен шық­пай­тын болса, бүгінде ол тақпақ айтуды үйренген. Тағы бір баланың тұйықтығы сондай, үнемі кере­уеттің астына тығылып, тек өзімен-өзі ойнай беретін болса, қазір ол бұрынғы қалпынан шығып, басқалармен бірдей партаға отырды.

– Ал қалыпты балаларымыз өздерінің әлсіз дос­тарына көмектесе алғанына марқайып  қуанып жүр. Тіпті, таласып қалады «мен қасында отырамын», «мен қолынан ұстаймын» деп. Болашақта бұл балаларымыз адамгершілігі мол, ата-анасына мейірімді, Отанын сүйетін азамат болатынына сеніміміз мол, – дейді балабақша меңгерушісі.

Байқап отырсақ, аз жылдың ішінде жоба өз нәтижесін бере бастаған. Балабақша мең­герушісі жыл сайын мұндай балалардың көбейіп жатқанын айтып, бұл жобаны облыс, республикаға  таратса, қанша сауапты іс атқарылар еді деді.

Расымен де, инклюзивті бі­лім мен тәрбие жүйесі баланы қоғаммен жақындастырады, тәртіпке бағындырады. Қоғам да барлық адамға тең қарауды үйренеді. Осындайда мына ән еске түседі: «Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған». Ал сәбидің бақыты үшін көмектесу – біздің, сіздің, қоғамның міндеті.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<