Мақтанышым, айбарым…

478

0

Талай дүбірлі додаға барып, жеңіс тұғырынан көрін­ген сәтте ерекше күйге бөленетінің белгілі. Жүрек тебіренткен Әнұран шырқалып, биікте аспан түстес көк Туымыз желбіреген сәтте тұла-бойыңды мақтаныш сезімі кернеп, тәуелсіз елдің ұланы ретінде беделің биіктей түседі.

Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақ­стандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батыл­дыққа тәрбиелейді.

Шет мемлекеттерде екі жағдайда Әнұран шырқалып, Туымыз көкте желбірейді. Оның алғашқысы – Мемлекет басшысының сол елге сапары барысында орындалса, екіншісі – спортшылар жеңіс тұғырынан көрінген сәтте жасалады.

Біз, спортшылар, қашан да айбынды еліміздің абыройын асқақ етуге күш саламыз. Боз кілем үстіндегі белдесуде қапысын тауып, қарсыласымызды жеңуге барынша күш-қайратымызды жұм­саймыз. Рас, жеңіс оңайлықпен келмейді. Оған ұзақ уақыт бойы дайындық жасап, бағың мен бабың безбенге тартылатын санаулы сәтте өзіңнің мықты екеніңді дәлелдеуің тиіс. Өзім мұндай сәт­терді қаншама мәрте басымнан өткіздім. Әрбір белдесуден кейін өңің шаршаңқы кейіпке еніп тұрғанмен, тәуелсіз еліміздің нышаны ретінде көкте жел­біреп тұрған Туды көрген сәтте өзіңе түскен барлық сал­мақты ұмытып ке­тетінің жасырын емес. Сол бір ғажап мезеттегі көңіл-күйіңді айна-қатесіз суреттеп беру оңай болмас. Ерекше көңіл-күй құшағында тұрып, елдегі тілеулес ағайын, бауырлар, жанкүйерлер ойға оралады.

Мен қазақ күресінен көп­теген жарысқа қатысып келемін. Қазір ұлттық спортты ұлықтау жолында оң бетбұрыс бар. Қазақ күресі әлемдік деңгейде өткізілуде. Сол бәсекелерде бақ сынап, елі­міздің атынан сынға түсеміз. Әлемнің әр қиырынан келген балуандар да жеңімпаз болған мезетінде өз елінің Туын құрмет тұтып, салтанатты рәсім барысында оған зор құрмет көрсетіп жатады. Жұмыр жерде қаншама ұлт пен ұлыс бар. Десе де, олардың барлығына бірдей егеменді ел атану бақыты бұйырмаған.

Шүкір, біздің еліміз бү­гінде дүние жүзінде беделі биік мемлекеттер қатарына қосылып келеді. Сондықтан әрдайым мемлекеттік рәміз­дерімізді асқақ тұтып, оларды биік ұстауға көңіл бөлуіміз тиіс.

Нұрым СӘЛІМГЕРЕЕВ,

қазақ күресінен әлем чемпионы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз