Мемлекет шекарадан басталады

1216

0

Бүгін – шекарашылар күні. Кеңестік кезеңде 29 мамыр күні тойланатын мереке 2012 жылдан бастап осы күнге ауысқан. Отанды қорғап, күні-түні көз ілмейтін шекарашы мехнатын кез келген адам түсінбес. Жүректілікпен қатар, жылдамдықты қажет ететін бұл қызметті жігіттің жігіті атқаратыны анық. Темірдей тәртіпке шыдайтындарға ғана орын бар. Мұнда «істей алмаймын» деген сөз жоқ. Бұйрық талқыланбайды, орындалады. Тіпті, алыстағы ата-ана мен дос-бауырды сағынуға да уақыт жоқ. Қару-жарақты пайдаланудан бөлек, небір ұрыс тәсілдерін игеру, техникалық құралдар мен көлікті жүргізу… Бесаспап болу қажет. Тіпті, ас пісіруде де.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты облыстық шекара қызметі департаментінде болдық. Шекара күзеті бөлімінің бастығы, подполковник Берік Бұзаушиевпен аз-кем сөйлестік.

Құрылу тарихына көз жүгіртсек, жиырма жылдан асқан әскери мекеменің ел үшін маңызы зор. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 1999 жылғы 15 қыркүйектегі бұйрығына сәйкес ҚР оңтүстік бағыттағы мемлекеттік шекараны нығайту мақсатында және ҚР ҰҚК шекара қызметінің даму бағдарламасына сай тұрақты жұмыс жасап келеді. Департамент сол жылдан бастап Өзбекстанмен арадағы шекараны нығайту, елдің саяси және экономикалық мүдделерін қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, қазақ еліне қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі және радио­активті заттарды заңсыз кіргізбеу міндеттерін мінсіз орындап жүр.

Шекараны күзету кезінде жергілікті тұрғындардың да көмегі зор. Шекара аймағында тұратын халық шекара бұзушыларды ұстау­да ерекше қырағылық танытып, әскерилерге ұдайы көмек көрсетеді. Берік ­Бұзаушиевтің айтуынша, әскери бөлімнің қорғау нысаны Арал ауданының әкімшілік аймағынан бастау алып, Жаңақорғанға дейінгі аралықты қамтиды. Құрылған жылдан бастап біздің шымыр шекарашылар елге заңсыз өтпек болған келімсектерді ұстап, контрабандалық тауар тасушының жолын кескен. Ел қазынасының ортаймауына орасан үлес қосқан.

– Шекара қызметі қырағылықты талап етеді. Біздің жігіттер 1999 жылдан көрші Өзбекстан республикасымен арадағы мемлекеттік шекараны қырағы қадағалап келеді. Күзетуден бөлек, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, елдің аумағына қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі және радиоактивті заттарды кіргізбеу  мақсатында шекараны күзетуде. Контрабанда, есірткі бизнесі секілді заңсыз іс-әрекеттер  шекара аумағында жиі болатыны белгілі. Мұндай оқыс оқиғалар шекарашылардың өз қыз­метін асқан ұқыптылықпен атқаруды талап етеді. Менің кеңесім – әскерге барып келген жас жігіттердің денсаулығы мықты болса, шекара қызметіне келе алады. Оның әскери лауазымы болуы маңызды емес. Қазір бізде қабылдау жүріп жатыр. Кадр бөліміне жолықса, қандай құжат жинап, тапсыру керегін сол жерде мамандар түсіндіреді, – дейді шекара күзету бөлімінің бастығы Берік Бұзаушиев.

Бүгінгі күні ҰҚК-ға қарас­ты Шекара қызметі жалпы ұзындығы 15132 шақырым  шекараны күзетсе, оның 2355 шақырымы Өзбекстанмен, 426 шақырымы Түркіменстанмен шектеседі, ал Ресеймен байланысты 7548 шақырым әлемдегі құрлықпен өтетін ең ұзын шекаралық сызық ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Теңіздегі шекара – 1779 шақырым, қарт Каспийдің үстімен өтеді. Кедендік одақпен біздің елден өтетін сыртқы шекараның ұзындығы – 7805 шақырым.

«Шекара мәселесінде ұсақ-түйек деген мүлдем болмайды. Біз үшін ата-бабамыздан қалған атамекеннің әр пұшпағы аса қымбат. Сондықтан бұл істе біз аса ыждағаттылық пен қырағылық таныттық» деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, ел шебі саналатын мемлекеттік шекараның  мәні мен маңызы ешуақытта төмендемейді.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<